Қоғам • 30 Сәуір, 2019

Тайбурылдың шабысы

37743 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Елбасы «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақаласында «Атқа міну мәдениеті» тарихын жіті, жетік толғай отырып: «Бес қаруын асынған салт атты сарбаз айбарлы көшпенділер империялары тарих сахнасына шыққан дәуірдің символына айналды» деп, немесе: «Ту ұстаған салт атты жауынгердің бейнесі – батырлар заманының ең танымал эмблемасы...», деп тайға таң басқандай етіп жазады.

Тайбурылдың шабысы

Расында, Қазақ елі – алтын жалды, болат тұяқты тұлпарлар мекені. Қазақ баласының әдеби-мәдени, әскери, сал-серілік, аңшылық өмірінде, шаруа-кәсіп, тұрмыс-тіршілік жағдайында мал патшасы жылқының мәні, мәртебесі, қызметі өзгеше. Бұл орайда ұлы тарихшы Мұхаммед Хайдар Дулатидің (1499-1551) «Тарихи Рашиди» кітабында Қасым хан айтқан: «...Біз – даланың халқымыз. Ең басты байлығымыз – жылқы, ...біз жылқыға көзіміз тоймай қарап тамашалаймыз» деген пікірі бар. Жеті Жарғыда: «Сәйгүлік атты ұрлаған кісіге өлім жазасы бұйырылсын» деп, мемлекетті қорғау дәстүріндегі рөлі дұрыс көрсетілген.

Ұлы дала тарихында, арғымақтар елінде Күлтегіннің Бозайғыры, Алпа­мыс­тың Байшұбары, Ер Тарғынның Тар­ланы, Қамбардың Қарақасқасы, Ақан серінің Құлагері – ұлттық тарихи са­намыз бен рухымыздың, тіліміз бен дүниетанымымыздың керемет көркемдік куәліктері. Мұны айтқанда, ұлт ұстазы Ыбырай Алтынсарин Мара­бай жыраудың (1843-1906) аузынан жыр жауһары «Тайбурылдың шабысын» хат­қа түсіріп, «Киргизская хрестоматия» атты кітабына (1879, Орынбор) енгізеді.

1960 жыл. Тамыз айы. Мәскеу мем­ле­кеттік университетінің Мәде­ниет са­райын­­­да Дүниежүзі шығыстан­у­шыларының ХХV Халықаралық конгресі аясында «Халықтар эпосының кешінде» ұлы жомоқшы-манасшы Саяқбай Қа­ра­лаев, өзбек, түрікмен, осетин, әзер­байжан, қарашай халықтарының жыр­шыларының қатарында ғұлама, қайраткер, суреткер Мұхтар Әуезовтің қалау-таңдауымен әнші ақын, жыршы, композитор, шежіреші Кенен Әзірбаевқа классикалық жыр «Тайбурылдың шабысын» орындау жүк­телген-ді. Жартасқа біткен шынардай тіп-тік, самырсындай сымбатты, құндыз бө­рікті, оюланып тігілген бешпет, шалбары көз құмарын қандыратындай келісті, көркем кестеленіп өрнектелген үкілі домбырасын ұстап 76 жастағы Кенен сахна төріне барыстай атылып шыға келді. Содан сұңқарша сілкініп, жанары от шашып, жүзі мейірленіп, көңілі мерейленіп, күмбірлеген нақышты, сазды әуенге көшті дерсің. Бір мезетте ойы шалқып, балғын уағындағы талды ат қып мініп көкке секіріп шапқылағаны, я болмаса өзі құмарланып көрген Дәурен, Тә­кен, Шашубай тәрізді сал-серілердің мың қырлы ойыншылық өнері қиял қуатымен тіріліп, жанартаудай лапылдап қопарылғандығынан ба, орынтағын тұп-тура ақындық өнер қуаты, от рухы жан-жүйесін билегендіктен бе Тайбурылша ойқастатып, дауылша үдеп, кеңістікте көсілтеді. Сондағысы:

Жазығы мал демесең,

Тайбурылдың ақылы,

Адамзаттан артық-ты.

«Айт, жануар, шу» деді,

Аршындап бурыл гуледі,

Табаны жерге тимеді,

Тау мен тасты өрледі...

Көлденең жатқан көк тасты,

Тіктеп тиген тұяғы,

Саз балшықтай иледі...

Сеңгір-сеңгір таулардан,

Секіріп Бурыл жөнелді.

Кенен «Тайбурылдың шабысындағы «Бурыл көкке секірді» деген тұсында ас­панға шапшиды, «Бір төбенің тоза­ңын, Бір төбеге қосады» дейтін жерде сахнаны бейне бір шаң-тозаңға айналдырып, «аяғын топ-топ басып» топырақты бұрқылдатады. Мі­некей, өнер сиқыры! Асыл өнердің иесі Кенен де Қобыландының қанатты тұл­пары Тайбурылға мініп, әр сөз бен сөй­лемінің сырлы мағынасы тереңдеп маң­ғаз даланы ерен екпінімен гуілдетіп, әсерлі, мәнерлі қимыл-әрекеттерімен ха­лық­тың буырқанған қаһарын сездіріп, Ға­зан ханның қырлы, сырлы қаласына желге мінген Сүлеймен пайғамбардай те­геу­рінді шабысымен «жын қаққанға ұқ­сап» құйындатып келе жатқанын мына бір:

Мың жылқының дүбірін,

Тайбурыл жалғыз салады.

Мың кісінің дауысын,

Қоблекең жалғыз салады –

дейтін сөйлемдерден-ақ көруге болады. Кененнің сұңғылалығы сондай, оның жыршылық тұлғасында рух пен тіл, сөз бен психика, сөз бен характер, көркемдік сана мен шеберлік, дауыс пен мәнер, құштарлық пен пейіл, дәстүр мен қабілет үйлесім тапқандай. Дана Ыбырайдың алдында дара Марабай жыраудың орындауын еске түсіргендей.

«Тайбурылдың шабысын» таңға­жайып суреткерлікпен сөйлеткен, үздік шеберлікпен орындаған абыз Кененнің өнерін академик В.М.Жирмунский, француз шығыстанушысы Луи Базен, венгер Тренченн мен Лайтош Лечети, неміс түркітанушысы А.Фонгабен, А.М.Горький атындағы Әдебиет инс­титуты директорының орынбасары А.А.Петросян, сонымен қатар М.Әуезов бас­таған делегацияның құрамындағы Ы.Дүйсенбаев, М.Жанғалин, О.Нұр­мағамбетова, Кенекеңнің көмекшісі Б.Уақатов, Е.В.Лизунова, А.Қалыбаева бар еді. Ұлт көркемөнері тарихындағы айрықша құбылыс іспетті Кененнің тұйғындық, сұңқарлық, тапқырлық та­ныт­қан жонглерлік, клоундық, жыр­шылық өнеріне сүйсінген өрен тұлға М.Әуезов балалары Ләйла мен Ернардың атынан ақ дастарқан жайған екен.

ХХ ғасырда ғалам шығыстану­шыларының алдында Кенен атаның кемелдікпен жырлаған Қобыланды батырдың пырағы мен алтын тәжін­дей «Тайбурылдың шабысы» – қазақ­тың қаһармандық дәуірінің, ұлт­тық сөз өнерінің әрі Мәңгілік елдің мыңжыл­дық­тар төріне өркендеп өрлеуінің символы.

 

 Серік НЕГИМОВ,

филология ғылымдарының докторы, профессор