Қазақстан • 30 Сәуір, 2019

«Аманатқа» сайлау аманат

1287 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақстанда «Аманат» азаматтық алаңы құрылды. Аталған бастаманың негізгі мақсаты – сайлау барысына қоғамдық мониторинг жүргізу. Ашық әрі әділ сайлауға мүдделі Қазақстан азаматтарының ерікті бірлестігіне қоғамдық ұйымдар, БАҚ өкілдері, жастар, сарапшылар мен азаматтық белсенділер кірді.

«Аманатқа» сайлау аманат

Бүгінде «Аманат» алаңының қоғам­дық штабы құрылды. Оның жұмысына сарапшылар 250-ге жуық ұсыныс жасады. Соның негі­зінде өзекті деген мәсе­ле­лер іріктеліп, жұмыс жүр­гі­зу­дің нақты 5 бағыты айқын­дал­ды. Бі­рін­­ші бағыт бойынша сай­лау­дың дайындық шараларына бақылау жасалады. Себебі заңға сәйкес, әрбір азаматтың сай­лау­ға қатысуға құқығы бар. Ол үшін барлық қажетті жағдайлар уақтылы жасалуы қажет. «Қазіргі кезде қоғамда сайлау науқанына қатысты саяси белсенділік артып келеді. Сайлау қалай өтеді? Барлығы қаншалықты заңды әрі ашық болады? Кемшілік болса, біз айтайық. Барлық облыс­тарды қарап шықтық. Қолдау бар. «Аманаттың» бес бағыты белгіленді. Осы бес бағыт орындалса, сайлаудың әділ әрі ашық өтуіне жағдай жасалады деген пікір бар», – дейді қоғам қай­рат­ке­рі Мұрат Әбенов.

«Аманаттың» екінші бағыты – сайлаушылардың құқықтары туралы ақпаратты жан-жақты тарату. Соның ішінде сайлаушылардың құқықтық процедуралары, сайлау кезеңдері мен мерзімдері, кандидатты қолдау, оның бағдарламасы туралы ақпаратты алу және тағы басқа мәселелер бар. Бұдан бөлек, сарапшылар сайлаушылардың құқықтары бұзылса, ол туралы қайда және қалай хабарлауға болатынын түсіндіреді. Онлайн заңгерлік кеңес беру қызметі де болады.

Үшінші бағыт – адалдық. Ол үшін Қазақстанның барлық өңір­л­ерінде, әрбір сайлау учаскесінде тәу­­ел­сіз бақылау желісін құру жос­пар­ланған. Құқық бұзушылық фак­тілері бойынша жедел ақпарат алмасу жүйесі болады.

Төртінші бағыт – ашықтық. Осы бағыт аясында тәуелсіз диа­­лог платформалары мен пікір­­талас алаңдарын құру жоспар­ланып отыр. Қоғамдық тал­қы­лаулар онлайн режімде де ұйым­дас­тырылады. Негізгі мақсат – ашық және объективті ақпарат тарату.

Ал бесінші бағытқа сәйкес, қоғам мен мемлекет арасындағы тең ынтымақтастықты құру жос­пар­ланған. «Аманат» азамат­тық тұғырнамасы аталған бес бағытқа негізделеді. Осы бас­та­маның аясында барлық бағыт­тар бойынша халықаралық ұйым­­дармен, Орталық сайлау комис­сиясымен, жергілікті сайлау комиссияларымен, Жоғарғы сотпен, жергілікті атқарушы орган­дармен, Бас прокуратура­мен, кандидаттардың сайлау штабтарымен, бұқаралық ақпа­рат құралдарымен, ғылыми-сарап­та­малық қоғамдастық және азамат­тық сектор өкілдерімен әріп­тес­тік байланыстары орнатылады. Барлық өңірлерде «Аманат» аза­мат­­тық платформасының өкіл­де­рі болады.