Аймақтар • 01 Мамыр, 2019

Партияның көшпелі отырысы тұрғын үй құрылысы алаңында өтті

1032 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

«Nur Otan» партиясының облыстық филиалы Елбасының бес бастамасының жүзеге асырылуын бақылайтын қоғамдық кеңестің көшпелі мәжілісін «БК-Строй» құрылыс компаниясының құрылыс алаңында өткізді. Онда партияның облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Жаңабай Бисембаев, Ұлттық банктың Қостанай облыстық филиалы қаржы-бақылау ұйымының бастығы Әсет Қуанышбаев, Облыстық құрылыс, архитектура және қалақұрылысы басқармасының, «БК-Строй» құрылыс компаниясының өкілдері, облыстық мәслихат депутаттары қатысты.

Партияның көшпелі отырысы тұрғын үй құрылысы алаңында өтті

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бес әлеуметтік бастамасының бастапқысы «7-20-25» тұрғын үй бағдарламасын жүзеге асыру және әр отбасына баспаналы болуға мүмкіндік жасау болатын. Жетекші партия қоғамдық кеңесінің көшпелі отырысында осы орайда Қостанай облысында жүзеге асып жатқан жұмыстар туралы айтылды. 

Жаңабай Бисембаев Елбасының осы бес әлеуметтік бастамасы өмірге жолдама алғалы партия филиалы осымен алтыншы рет қоғамдық кеңес отырысын өткізгенін атап өтті. 

«Баспана бағдарламасы халықтың әлеуметтік әлжуаз топтарына, бюджет қызметкерлеріне өте тиімді екенін өмір көрсетті. Ең бастысы, өңірде тұрғын үй құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Елбасы атаған бағдарламаның жүзеге асуына мердігер құрылыс компаниясы ғана емес, жергілікті атқару органдары мен 2-ші деңгейлі банктер де қатысып отыр. Бүгін көшпелі отырысқа олардың өкілдері қатысып отыр» деді Жаңабай Жолтайұлы. 

Республикалық ұлттық банктің Қостанай облыстық филиалы қаржы-бақылау ұйымының бастығы Әсет Қуанышбаев «7-20-25» баспана бағдарламасының жүзеге асуына 2-ші деңгейлі банктердің атсалысып отырғанын тілге тиек етті. 

«Облыста «Центркредит банктің» облыстағы филиалы алдыңғы орында келеді. Ол осы бағдарлама бойынша тұрғындардан 195 өтініш қабылдап, оның 169 өтінішін мақұлдаған. Қазіргі өзекті мәселе тұрғындардың кредитті өтеуге қаржылай мүмкіндіктерінің аздығы ғана болып отыр. Өтініш пен құжаттарын банктерге небәрі 3 күнде рәсімдеуге болады» деді Әсет Қуанышбаев.

Жалпы облыста «7-20-25» бағдарламасына қатысып отырған 2 –деңгейлі алты банктер арқылы 453 тұрғын баспана алуға талабын білдірген. Банктер осының 306 өтінішін мақұлдап, кредит беретін болды. 

Облыстық құрылыс, архитектура және қалақұрылысы басқармасының маманы Әсел Оразбекова бұл көрсеткіш республика бойынша 7 орында екенін айтты. 

«Бұл өтініштерге берілетін қаржының құны 2 миллиард 347 миллион теңге болады. Қостанай облысы тұрғындардың 2-ші деңгейлі банктер арқылы баспана алуға сұраныс беруі және өтініштерінің қолдау табуы жөнінен республикада 7-ші орын аламыз. Бұл жаман көрсеткіш емес» деді Әсел Оразбекова. 

Көшпелі отырысқа қатысқандар Елбасының әлеуметтік бастамасының -бірі «7-20-25» бағдарламасының жүзеге асуына облыста мүмкіндік бар екенін, ең бастысы үйлер жеткілікті салынып жатқандығын айтты. Бір «БК-строй» құрылыс компаниясының өзі Қостанай қаласында 11 үй салып жатыр. Сол үйлерден 250 пәтерді осы бағдарлама бойынша сататын болады. 

Биыл облыста былтырғы сатылмай қалған пәтерлерді қоса есептегенде биыл пайдалануға берілетін үйлерден барлығы 600 пәтер тұрғындарға 2-ші деңгейлі банктер арқылы сатылады. 


Қостанай