09 Ақпан, 2013

Бұзылмасын ұямыз

583 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін

Бұзылмасын ұямыз

Сенбі, 9 ақпан 2013 7:22

Шарқ ұрып ауылымды сағы­нып келемін. Сағынышқа толған жүрегім еркінен тыс дүрс-дүрс балға ұрғандай соғады. Көз алдыма туған ауылдың бейнесі, аяу­лы анамның жол қарап жүр­ген сұлбасы елестейді. Көрші Егін­бай әкемнің немересін алдына салып ыңылдап отыратыны, құр­дасым Рүстемнің ақжарма күл­кісі…бәрі-бәрі көкірегімде сайрап тұр. Көңіл құрғыр ел­жіре-е-еп-ақ кетеді. Ескірген есік­тің топсасындай  тозған сары автобус шиқылдап ілбіп келеді. Ұзын­нан сұлаған қара жол көк­жиекке сіңіп жатыр.

Сенбі, 9 ақпан 2013 7:22

Шарқ ұрып ауылымды сағы­нып келемін. Сағынышқа толған жүрегім еркінен тыс дүрс-дүрс балға ұрғандай соғады. Көз алдыма туған ауылдың бейнесі, аяу­лы анамның жол қарап жүр­ген сұлбасы елестейді. Көрші Егін­бай әкемнің немересін алдына салып ыңылдап отыратыны, құр­дасым Рүстемнің ақжарма күл­кісі…бәрі-бәрі көкірегімде сайрап тұр. Көңіл құрғыр ел­жіре-е-еп-ақ кетеді. Ескірген есік­тің топсасындай  тозған сары автобус шиқылдап ілбіп келеді. Ұзын­нан сұлаған қара жол көк­жиекке сіңіп жатыр. Құдды біз­дің ауыл алыстап кеткендей. Шіліңгір шілдеде ауылдағы балалар мөлдіреп ағып жатқан Қабырғаның суына шомылып жатқан шығар, ә! Кім білсін, әлде шөп шауып жүр ме екен? Есіме балалық шақтың бақытты кезеңдері үзік-үзік оралады. Әжем, Ақбас атам, Ақатай… бәрі жиылып күтіп тұрғандай сезі­леді. Ол кісілерден мен жырақ, жо-жоо-жоқ олар менен жырақ­тап кеткелі қашан ана жаққа. Сағынышты өмір-ай!

Ауылдың ортасына кірдік. Адам танымастай өзгерген. Құ­лап қалған үйлер, олардың қаңы­рап, үңірейген қабырғалары. Бе­тін аулақ қылсын, бейне бір со­ғыс болған жерден аумайды. Автобустан түсе кластасыма жо­лық­тым. Құшақтасып жатырмыз…
– Үлкен қалада не жаңалық бар, демалыс па? – дейді.
– Бәрі жақсы, ауылға аунап-қунап қайтқым келді.
– Өздерің қалай? Не кәсіп істеп жүрсіңдер?
– Кәсібіміз сол, үй бұзу, отын жинау, мал бағу….
Тағы бірдемелерді айтқан болды. Естіген жоқпын, естігім де келмеді. Біртүрлі көңілім құ­лазып кетті.
Біздің бала күнімізде ауыл көңілді еді. Ауыл адамдары ақ­жарқын, қақ-соқпен жұмысы жоқ, уайымсыз ғұмыр кешіп, шат-шадыман жүретін.  Ол кезде  елде шежірелі қариялар, иманды әжелер өте көп болатын. Әрбір үйде төбедей болып бір-бір үл­кен кісі отыратын. Үлкен кісі бар үйде имандылық дән себеді. Ша­ғын ауылда бейберекет ұрыс­ та, одағай қылмыс та орын алмайтын. Егерде ағайын арасында  орын­сыз жағдай туып қалса, елдің жасы үлкен қариясы Есім­сейіт атаға барып жүгінеді. Ол кісі болса шешілмей қалған тү­йінді қолма-қол шешіп, әділ­дігін айтады. Міне, осындай берекесі ұйыған елде өстік.
Ауылымыздың аты Қабырға деп аталады. Басын Ұлытаудан алып, батысқа қарай қыздың бұ­рымындай өріле аққан Торғай өзенінің бір саласы… Ұлы ағар­тушы Ыбырай атамыздың «Қып­шақ Сейітқұл» әңгімесінде «Қып­­шақ Сейітқұл отыз үйлі тобырымен көп жерлерді кезіп жүріп, ақырында Торғай төре­сін­дегі Қабырға деген өзен-судың бойына тоқтады», деп жазғаны бар. Демек, Қабырға деген жер­дің ептеп болса да көпшілікке мәлім екені аян.
Туған жеріміздің тарихы да тереңде жатқан құпия қойма секілді. Оны маған әжем марқұм шым-шымдап сыр ғып шертетін. Әжем айтқан сол әңгіменің бәрі ертегі секілді еді… Есейе келе солардың шындық екенін түсін­дім. Торғай жұрты аузы дуалы әулие деп дәріптейтін көреген Сары Қошқар батыр біздің бабамыз болып келеді. Бейіті де ауылдың іргесінде. 1993 жылы батырдың 300 жылдығы ерекше салтанатпен атап өтілді. Оған Ал­матыдан ақиық ақын Ғафу Қайырбеков келді. Бала болсам да ақынды көргім келіп, сыртынан барлап жүрдім. Барлық өлең­дерін жатқа білем. Бір сәт дауылпаз ақын сахнаға шығып, қыран дауысымен өлең оқығанда шуылдап отырған жұрт сілтідей тына қалды.
Мағжан Жұмабаевтың «Батыр Баян» дастанындағы Баян­ның досы, ерен батырлығымен көзге түскен Жанатай батыр да осы жерде  туып, дүниеден оз­ған. 1919 жылы Торғай облыс­тық атқару комитетінің мүшесі әрі милиция бастығы, 1926 жылы РСФСР Жоғарғы Сотының Қазақстан бөлімшесінде алқа мү­шесі болған Кенжеғұл Бүркітов, небары 30 жасында Социалистік Еңбек Ері атағын иеленген Еркін Шайкенов, ғалым-жазушы, журналистер Сапабек Әсіп, Бөгетбай Әлмағанбетов, ақын Байдақ Мол­­дашев, жазушы Қоғабай Сәр­­секеев, Жұматай Сабыр­жан­ұлы, химия ғылымдарының докторы Мүбарак Ермағанбетов, ма­тематик-ғалым Ұғыбай Бек­тұр­сынов, ғылым кандидаттары Қа­йыржан Баймағанбетов, Кәкен Оспанов, Рамазан Боқанов есім­дерін ерекше мақтаныш тұтамыз.
Бұрын ауылда қазыналы қа­риялар көп еді. Көзім көрген Есім­сейіт, Бұзау, Шайқыстан, Әлім, Боқан, Төлеу, Ақбас, Бө­піш, Талқанбай  аталарым жиі есі­ме түседі. Сағынамын. Осы ақсақалдар ауыр кезеңде уақыт­пен санаспай еңбек етті, қан майданды бастан кешті. Елдің бір­лігі мен берекесін сақтады. Келешек ұрпаққа үлгі бола білді.
Студент кезімде ауылға де­малысқа келген сайын міндетті түрде үлкендерге сәлем беремін. Ол кісілер бір марқайып қалады. Кейде отырып әңгімеге айтады.  Жаңа көркейіп келе жатқан Астана туралы да сұрап қалады. Шамам келгенше жауап беремін. Осы жолмен Төлеу ақсақалға келдім. Ауыз толтырып сәлем бердім. Ептеп әзілі бар ақсақал, сұрақты жаудырып жатыр.
– Балам Елбасын көріп тұ­расың ба?
– Жоқ, әке.
– Әй, қалқам Боқан болса көрдім дей салар еді, – деп қария мырс етті.  Жаңа елордаға қоныс аударған құрдасы Боқан қарияны сағынған болар деп ойладым. Бүгінде екі ақсақал да өмірде жоқ. Боқан әке астанада дү­ние­ден озған.  Балалары  сүйегін ауыл­ға апарып қойды. Ауылда қалған сарқынды қариялардың соңы болып, бір қария ғана жүр. Өтіп жатыр, кетіп жатыр дү­ниеден… Күмістелген мүйіз шақ­шала­ры­нан насыбайын нәшіне келтіріп, шүйіре атып, үзік-үзік сөйлеп үзілдіріп қоятын, қилы-қилы тарихты тереңнен қозғап тамсантып отыратын шежірелі қария­лар да тарихқа айналып барады.
Біз оны кеш түсініп жүрміз.
Ауылдың ортасында 1969 жылы бой көтерген мәдениет үйі болды.  Еңселі, ауылға ерекше көрік беріп тұратын. Ол кезде клубта үнемі кино қойылады. Бала болсақ та кинодан қалмаймыз. Үнді киносы келгенде малды ертерек жайлап, клубқа қарай зымыраймыз. Киноға кіру билеті­нің құны – 20 тиын. Қазіргі таң­да жас балғындарға айтсақ, сенбей қалуы мүмкін. Киномеханик марқұм Шәкен ағай, білімді азамат еді. Ауданнан түрлі киноларды алып келіп көрсетеді.  Кейде ауылға алыстан ат арытып ән­шілер келеді. Қазіргі белгілі деп жүрген әншілердің дені біздің ауылдағы клубта тамылжытып ән салған. Олар келгенде ауыл жұрты бір жасап қалады. Қауырт жұмыста шаң-тозаңға көміліп жү­ретін  аға-жеңгелеріміз жуынып-шайынып, қаздай тізіліп клубта отырады. Ауылға сол кезде республикаға аты мәлім  об­лыстық «Шертер» ансамблі жиі келеді. Оның себебі де бар. Ансамбльдің маңдайалды әншісі Сайлау аға біздің ауылда туған. Ордабай әкемнің ұлы. Бұл әу­летте туғандар тұқымымен өнер­паз. Темірәлі Бақтыгеревтің «Барып қайт, балам ауылға» атты әнін домбырамен бабына келтіре орындайды. Осы әнді тыңдап отырған әжелеріміз көзіне жас алып, көңілдері босап қалады. Ауылдың ажары болған мәде­ниет үйі де өткен ғасырдың соң­ғы ширегінде бұзылып қалды. Бірде осы үйінді болып қалған клубтың жанында Айдос, Ардақ, Аманжол төртеуміз әңгімелесіп отырдық.
Қою қара сия түн. Ай сәулесі сығырайып түсіп тұр. Ауыл қа­лың ұйқыда. Әңгіме желісі оқы­ған тарихи кітаптар және батыр бабалар жайына ойысқан. Көне тарих қатпарынан сыр шертіп, бабаларымыздың тегіміз Көкбөрі дейтіні тегін айтылмағанын, олар­дың он үш жасында отау иесі, он бесінде қолына қару алып елі мен жерін жаудан қор­ғағаны туралы, ал біздің етегі­мізді жия алмай, ата-ананың же­тегінде жүргенміз сөз болды. Ұят-ай.    Кенесары мен Нау­­рыз­байға тамсана тоқталып, Абылай ханның түсін жорыған Бұқар жы­раудың әулиелегіне бас иіп барлық қазақтың тағдырын бол­жағандай сәйкес келетініне таң қалдық. Ақыры төртеуміз біз кім­біз деген сұраққа тірелдік. Ой­ланып қалдық.
– Құрт-құмырсқа, жо-жо-жоқ, – дейді Айдос.
– Бақа-шаянбыз.
– Қалай? Бізден кейінгі ұр­пақтар да бар емес пе? – Күліп жіберді. Бәріміз де күлдік. Неге? Бақа-шаян болғанымызға ма? Қызық…
Біздің ауылдың адамдары әзіл сөзге ұста, шеттерінен бір атары бар жандар. Байқамасаң, қонақ болып келген кісіге «жапсырма» есім қойып жібереді. Ауылда Серік деген есім көп. Бір-бірін шатастырып алмау үшін  Кәпір Серік, Қойшының Серігі, Тәй-тәй Серік, Торғай Серік деп атап жатады. Ауылдың жалғыз ақыны бар. Ол менің Жылқыбай көкем. Осы жерде туған. Әке-шешесі кезінде совхоздың орденді шопаны болған, елге сыйлы адамдар.  Абыройлы әке-шешенің арқа­сын­да Жықаң жалғыз ұл болып, ерке өсті, ешкім бетінен қаққан жоқ. Кейін әкесінің жолын қуып шопан болды.  Ауылда той өтсе ең алдымен думанды Жықаң бас­тайды. Қара домбырасын күм­бір­лете шертіп,  қарлыққан дауысымен өзінің өлеңін айтады. Жазған өлеңдері том-том болып қара дәптерде жиналып жатыр. Еш газетте жарық көрген емес. Ағамыздың Катя деген сүйкімді жұбайы болды. Негізі, Қостанай жақтан…Орысшаға судай. Ауыл­ға келген басқа ұлт өкілдері Катя жеңгеммен емен-жарқын сөй­леседі. Кейін ол кісі ауырып  дү­ние салды. Ағамыз басы сопайып жалғыз қалды. Жықаңның жү­деп-жадап жүрген кезіндегі  бір оқиға ойыма оралды.
Шіліңгер шілденің ми қайна­тар ыстығы. Шақырайған күн тас төбеге ауып, үй іргесін кө­леңкелеп, кітап оқып отырған­мын. Анадайдан «Әй!» деген қар­лыққан дауысқа жалт қарасам Жылқыбай ағам келе жатыр екен. Кәдімгі әпенді Жықаң. Түрі сұрланып, екі көзі шарасынан шыққалы тұр. Дауысы зілді.
– Апаң қайда?
Сарайдың алдында Қарашаш әжем мен түбіт түтіп отырған апамдар жаққа қолымды шошайтып: «Әне отыр» дедім. Ол болса сатпақ-сатпақ шалбарының ыш­қырын байланған кендір жіпті қайтадан ышқына тартып тұрып маған тиісті:
– Е-й, осы сен қашан әкім болып мені жарылқайсың?
– Қайдан білейін…
– Ии-и, сен осы не білесің. – Қолын сілтеп сарай жаққа сүйретіле қозғалды.
Біздің ауыл Жықаңды әпенді санағанмен анам «ата-анасы жақ­сы кісілер еді, біреудің жал­ғызы ғой,  тарығып жүрген болар», деп аяушылық білдіретін. Қолын құр қайтармайтын. Сон­дықтан, ол біздің үйге жиі келіп жүреді.
Жықаңның іс-әрекетін қы­зық­тап, ойым сан-саққа бөлініп тұрған заматта Қарашаш әжем:
– Құдай тағала, аман-саусың ба, әй, қара ұл? – деді.
– Құдайдың көзі жоқ, – деп дүңк етті ол.
– Тәйт әрі! Жаратқан иеге ті­лің тимесін, өй қағынды неме, сол.
– Тілім тисе барсын, керек жа­нымды алсын, – деп жанарын жасқа толтырып еңкілдеп кеп жыласын. Анам жұбата алмай әуре. Қарашаш әже де, мен де аң-таң болып қарап қалыппыз…Сол көрініс көз алдыма келгенде Жылқыбай ағама жақсылық жасағым келіп тұрады. Қазір елде жалғыз тұрады, зейнет­кер­лік­ке шыққан.  Ауылға барған сайын ағама барып сәлем берем.  Ұзақ отырып әңгімелесем. Көңі­лі кең, ниеті адал кісі.
Бұрын осы  ауыл Крупская атындағы кеңшар, Кейін Қабыр­ға ұжымшары болып 40 жыл үлкен шарушылықтың орталы­ғына айналды. Оның Кемер, Бестам, Алакөл деген бөлімшелері болды. Осы шарушылықтың бар­лығын қосқанда кеңшарда 35 мың қой, 4 мың бас ірі қара, 2 мың бас жылқы қырға өретін. Шаруалар табысының басты көзі – кеңшар малы болатын. Шопандар оны бағып, жұмысшылар жем-шөбін әзірлеп,  үй-жай, қо­ра-қопсыларын жөндеп, айлық­тарын уақытылы алып тұрады. Ауылда машина-трактор паркі жұмыс істеді.
Тәуелсіздік алған алғашқы жылдардағы қиындық ауылдың еңсесін езіп жіберді. Зейнетақы жылдап кешігіп, ауылда жұмыс­сыздық белең алды. Сол кезде қолда ұстап отырған малдың да құны болмады. Тығырыққа ті­релген жұрт жаппай қоныс аудара бастады. Ауылда бүгінде  30 отбасы ғана тұрақтап қалды. Он жылдық оқу ордасы орталау мектепке айналды.
Ел экономикасы дамыған сайын туған ауылдың тұрмысы кіш­кене болса да түзеліп келеді. Элек­тр жарығы тұрақты, әр үй де телефон орнаған. Қысы-жазы жол қатынасы үзіліп көрген емес. Алайда, шешімін таппаған мә­селе де жеткілікті. Ауыл жұр­ты ауыз суды өзеннен тасып ішеді. Ауылда жұмыссыздықтың кесірінен жастар тұрақтамайды. Оларға мал бағудан басқа кәсіп көзі жоқ. Елбасының «ауыл әкімдерінің жеке бюджеті болады» деген сөзі көңілге қанат бітірді. Өйткені, қазіргі таңда ауыл әкімдерінің қолында еш қаржы көзі жоқ. Қаржы болма­ғаннан кейін жүйелі жұмыс жүргізу де мүмкін емес. Содан кейін ауылдағы шешімін тап­па­ған мәселелер қордалана береді.
Айта берсе, ауылдың мұңы көп. Бейімбет атамыздың: «Гүл­денсе ауыл, гүлденеміз бәрі­міз!» деген сөзі еріксіз ойыма оралады. Ғасырлар бойы ауыл ұлттың ұясы болып еді. Бүгінде ауыл жабырқау күйде. Ұясынан ұшқан құс та алыс кетпейді. Біздің де бір күні ұямызға қарай ұша­тынымыз рас. Ұлттың ұясы еш­қашан бұзылмасын дегім келеді.
Азамат ЕСЕНЖОЛ.
Қостанай облысы.