Қатерлі ісікке қарсы қауқар қалай?
Сәрсенбі, 20 ақпан 2013 7:23
Сіз не дейсіз?
Атала қалса, сырқаттанушының үрейін алып, зәресін ұшыратын осы аса ауыр дертке шалдығушылар саны жыл сайын ұлғаймаса азаймай отырғаны анық. Мәселен, Қарағанды облысында 18 мыңнан астам адам онкологиялық аурулар бойынша есепке алынған. Қауіпті кеселге қарсы күрес қалай ұйымдастырылып отыр?
Сәрсенбі, 20 ақпан 2013 7:23
Сіз не дейсіз?
Атала қалса, сырқаттанушының үрейін алып, зәресін ұшыратын осы аса ауыр дертке шалдығушылар саны жыл сайын ұлғаймаса азаймай отырғаны анық. Мәселен, Қарағанды облысында 18 мыңнан астам адам онкологиялық аурулар бойынша есепке алынған. Қауіпті кеселге қарсы күрес қалай ұйымдастырылып отыр?
«Егемен Қазақстанның» аймақтағы тілшісі Айқын Несіпбай облыстық онкологиялық диспансер директорының орынбасары Татьяна Хайтидиге:
– Сіз не дейсіз?
– Алдымен айтып өткенде, аталған аурудың алдын алу, емдеумен шұғылданатын біздің онкологиялық диспансер кезінде Кеңес Одағындағы белді орталық саналса , бүгінде де жылдар бойы жинақталған іс-тәжірибеге лайық қызмет көрсетіп келеді. Ең қатерлі науқас болып тұрған оның түрлерін анықтап, ем қолдану қашанғыдай оңайлыққа соқпай отыр деуіме болады. Әйткенмен, қазіргі медицина жетістігі, жаңа арнаулы құрал-қондырғылар, мамандар біліктілігі бетін қайтаруға мүмкіндік береді. Әсіресе, бастапқы сатысында дерттің дендеп кетпеуіне тосқауыл қою мүмкіндігі молайып отыр.
Соңғы жылдарда өкінішке қарай, онкологиялық ауру түрлері ұлғайды. Соның ішінде тері рагі жиі ұшырасады. Асқазан, бауыр, бүйрек, өкпе, тоқ ішек, сүт бездері ісіктерінің де пайда болуы аз емес. Бұрын бұлар көбіне егде тартқан адамдарға жабысушы еді, енді орта және одан да жастардың арасында жиі кездесуде. Облыс бойынша былтыр 3342 адам қатерлі ісік белгілерімен тіркелсе, мұның өзі алдындағы жылдан көптеу.
Иә, не істеліп жатыр, не істелу қажет дегенге тоқталсақ, онкологиялық ауруларды емдеуде қолданатын әдістердің 90 пайызын әріптестерім жүзеге асыра алады дер едім. Шетелдерде біліктілік тереңдетіп отыратын олардың біразы міндеттеріне жетік. Бізді алаңдатарлық жайдың бірі соны үлгідегі медициналық жабдықтардың әлі де толықтай қамтамасыз етіле қоймауы болып тұр. Онколог дәрігерлерге зәрулік бар. Сондай-ақ, бұдан 30-40 жыл бұрын салынған ғимарат ескірді әрі тарлық етуге айналды. 350 орындық аурухана да сондай күйде. Дәрігерлерге қаралуға кезекке тұрушыларды қабылдау, емдеу кабинеттері жетіспейді. Осы орайда, қиындық скринингтік тексерулер жүргізу кезінде аса білінеді.
Қатерлі ісікке қарсы күресті күшейтуге қазір барлық мүмкіндіктер баршылығына , талап та жоғары екендігіне разымыз. Сөз ретінде аймақтық онкологиялық ғылыми-зерттеу институтын құру ойластырылуы керектігін атап айтар едім. Ол медицинадағы өткір мәселені шеше білуді жетілдіруге ұйытқы болар еді. Аймақтағы экологиялық жағдай мен басқа түрлі себептерге байланысты бұл дерттің жиірек ұшыраса бастауы Жезқазған өңірінде бөлек онкологиялық аурухана салу қарастырылуы қажеттігін айқын сездіріп отыр.
ҚАРАҒАНДЫ.