Қоғам • 03 Мамыр, 2019

Бір жылда 80 миллион теңге табыс тапқан студенттер

1832 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Жер шарын мекен етіп жатқан адамдар саны 7 миллиардтан асты. Олар­ды азық-түлікпен қамта­масыз ету үшін ауыл ша­руа­шылығын дамыту қа­жет. Аталған саланы алға жыл­жытып отырған елдің экономикасы да сөзсіз іл­ге­рілейді. Осы орайда студент-ғалымдардың та­быс­ты жобаларын сөз еткі­міз келеді.

Бір жылда 80 миллион теңге табыс тапқан студенттер

Жиған қорды қолдануға қарыс қадам

С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің факультет деканы, Геоақпараттық технологиялар орталығының мең­­­­герушісі Фараби Ермеков уни­вер­­си­тетке келіп, қатардағы қара­пайым мұғалім болып жұмыс іс­тей бастағанда студенттердің ма­ман­дықты игерудегі ең негізгі ол­қылығын аңғарған. Өйткені ол өн­дірісте әбден ысылған маман. Студенттер теориялық тұрғыда «тықылдап» тұрғанымен, практикада білгенін қолдана алмайды. Содан Жер ресурстары агенттігінде, «Қазақстан ғарыш сапары» ұлт­тық компаниясында қызмет атқар­ған Ф.Ермеков сабақ барысында прак­тикалық жұмыстарды, өндірістегі тәжірибелерді қолдана бас­тайды. Жер өлшейтін приборлар, түрлі бағ­дарламаларды пайдаланады. Бірақ оның өзі жеткіліксіз болды. Себебі аптасына өтетін бір-екі сабақта тәжірибені соңына дейін жеткізу мүмкін емес. Осыдан соң 2015 жылы жаңадан Геоақпараттық технология­лар орталығын ашып, студенттерді практикалық жұмыстарға тартады. Дәріс кезінде тәжірибе жасап көргендіктен, балалардың да қызы­ғушылығы артады.

Енді студенттерді одан әрі қы­зық­­­тыру үшін оқытушы картография саласында жұмыс істеуге лицензия алады. «Балаларға шындап кірісіп, тәжірибе жинаса, жұмыс беретінімізді айттық. Мамандығы бойынша еңбек етіп, жалақы алу­ға болатынын жеткіздік. Еңбек шар­ты болғандықтан, университет қабырғасында жүріп-ақ, еңбек өті­лін жинайтыны тағы бар. Осыдан соң геодезия мамандығындағы 200 сту­денттің 120-сы орталықтағы қо­сым­ша дәріске қатысты», дейді оқы­тушы.

Әртүрлі себеппен соңына жете ал­мағандарды алып тастағанда 40 сту­дент курсты тәмамдап шыққан. Осы 40 бала сол салада жемісті еңбек ететін майталман маман болады деген сөз. Қазіргі таңда 40-50 студент орталықта жұмыс істейді, олардың орташа жалақысы – 100-120 мың теңге. Олар жерді қашықтықтан бақылаумен айналысады. Бұл үшін дүниежүзілік нарықты, халықаралық зерттеулерді сараптап, қандай жер серіктері барын анықтап алады. Жапония, Қытай, АҚШ-тың сайттарын ақтарып, тегін деректерді табады. Бір аптаның ішінде осы зерттеулерге түгел талдау жасалады. Ондағы ғарыштан түсірілген суреттерді жүктеп, бірнеше кезең бойынша өңдейді. Суреттерден карта жасап шығарады да, оны ауылшаруашылық саласында қолдануды игере бастайды.


Ғарыштан жерге дейін

RGB деген жүйе бар, бұл қызыл, жасыл, көк түстердің жиынтығы. Қызыл түсті алып, қанықтыра түссе  – түбі қараға, ал ағартса – аққа барады. Адамның көзі ақ пен қараның арасындағы 8 деңгейді көре алады­ екен. Осы 8 деңгейдің арасын өте ұсақ мөлшермен бөлшектерге бө­­­ліп, сандармен белгілеп қойған. Кіш­кентай өзгеріс болса, сандар да өзгеріп отырады. Қазіргі смартфон­дарда 10 мегапиксель болса, жақсы фотоға түсіре алады деген сөз. Ал онымен түсірілген бір фотода 10 мил­лион пиксель бар. Ауыл шаруа­шылығында өсімдіктерге не керегін көз­бен көріп, қолмен ұстап біледі. Ал жоғарыдағы сандар адам байқамаған нәр­селерді көріп, дәлдікпен ақпарат бере алады.

«Ғалымдар шығарған NDVI веге­тациялық индексінде нөл – то­­­пырақ, нөлден жоғары – өсімдік, нөл­ден төмен – су немесе басқа де жасанды тірі емес заттар. Өсімдіктің өсу барысында 0,15789-дан 0,16000-ға ойы­суын, яғни кіш­кентай өз­герістердің бәрін көрсетеді. Осы ин­декс арқылы өсімдіктегі барлық жағдайды бақылай аламыз», дейді Ф.Ермеков. Оның айтуынша, осы бір ғана индекстің кө­­мегімен жердің қан­шалықты пайдаланылуын білуге болады екен. Жерде ауыс­палы егіс бар ма, жоқ па? Сондай-ақ дақылдар­дың түрін, арамшөптерді анықтауға мүмкіндік бар.

«Жобаның бірінші кезеңінде Це­­лино­град ауданының ғарыштан түсі­рілген соңғы екі жылдағы фото­сурет­терін өңдеп, талдадық. 2017-2018 жылдары қай жерлердің пайдаланыл­­май қалғанын анықтадық. Жер кодексі бойынша ауылшаруашылық жерлер екі жыл бойы пайдаланыл­маса, оны мемлекетке қайтару қажет. Барлық ақпаратты аталған аудан әкіміне бер­дік. Бастапқыда күмәнмен қарады. Сөйтіп әкімдік арнайы комиссия құр­ды. Комиссия аралап, біз көрсеткен жерлердің шыны­мен де қараусыз жат­қанына көз жет­­кізіп келді», дейді студенттерден жа­­сақ­талған зерттеуші топтың же­текшісі. Оның мәліметінше, ке­ле­сі зерт­теуді Біржан сал ауда­ны­на жаса­ған. Аудан әкіміне Ф.Ерме­ковтың өзі жеке кіреді. Әкім бас­тап­­­қыда немқұрайлы қарағанымен әдіс­­темесі мен технологиясын түсін­дірген соң, құптағандай болады. «Жұмыстың нәтижесі ретінде кар­таны шығардым. Пайдаланылмай жатқан жерлерді қызылмен бояп қойғанбыз. Аудан жерінің жартысынан көп бөлігі қып-қызыл болып жатыр. Кар­таны көргенде әкім «Есеп бергенде статистикамен жақсылап жазамыз. Сіз бәрінің бетін ашып тастадыңыз ғой», деп мұғалімнің қос қолын алып, шығарып салыпты.


Ерекшелікті ескеру

Осыдан соң Қостанай, Ақтөбе облыстарынан үш аудан алып, зерттеуді бастайды. Бұрынғы алгоритмді басқа ауданға қолданайын десе, келмейді. Себебі екі ауданның табиғи ортасы, кли­маттық жағдайы бір-біріне ұқса­майды. Сондықтан алгоритмді келесі бір жердің ерекшелігіне қарай бейімдеу керек. Бұл үшін ауданның бір ауылына барып, жерін көріп алу арқылы соған сай алгоритм шығару қажет. Бір рет калибрлеп алса, оны бірнеше жыл сол аймаққа қолдануға болады. 

Дәл осы жобаны жайылымдық жер­­­лерде жалғастырады. Жайы­лым­­ның өнімділігі одан шығатын шөппен өлшенеді. Соны осы индекспен калибр­леп қарағанда нашар немесе жақсы екенін анықтауға болады. Жобаға агрономдарды қосып, олар қандай шара қолдануға болатынын айтады.

Осы жұмыстардың нәти­жесін Ақ­мо­ла мен Ақтөбе облыс­тарының әкім­дігіне ұсынып, тиісінше аталған ведомстволар 24 миллион теңге төлеп, жобаны жүзеге асырады. «Бұл сомаға студенттердің еңбекақысын төлеу, жұмысқа қажетті құрал­дар­ды сатып алу кіреді. Ал әкім­дік­тер мұндай мәлі­меттерді алуға мүд­делі, себебі оған әр аудан, ауылдың ұңғыл-шұң­ғы­лын аралап барып қол жет­кізеді», дейді жоба жетекшісі. Екінші кезеңде өсімдіктер мен дақылдардың түрі, арамшөптері, ауруы, зиянкестері анықталады.


Талаптан – табысқа

Кей жерлерге ғарыштан түсіріл­ген фотосуреттер жеткіліксіз, оның айқындылығы төмен. Сон­дық­тан жобаны жалғастыруға қосым­ша техникалар қажет болады. Мәселен, ұшақтар, дрондар, каме­ралар. Былтыр 600 миллион­дай тең­геге осы жұмыстарды жүргізуге қажет жабдықтар алған. «Мықты құрал­дарымызды пайдаланып, шетел ғалым­дарының тәжірибелерін зерделеп, жергілікті жерлерге бейімдеу керек. 2020 жылы аталған аймақтардағы зерттеуіміз аяқталады. Ал 2021 жылы жергілікті аумақтарға дәл әрі нақты сараптама жасаудың әдістемесін ұсынамыз», дейді Ф.Ермеков.

Осы жобадан орталық былтыр 80 миллион теңге табыс тапқан. Бұл жеке тапсырыстар арқылы келген кө­­­рінеді. Сұраныс «Қазақстан ғарыш са­пары» ұлттық компаниясынан, облыс әкімдіктерінен түсіпті. Жобаның екінші кезеңін жүргізгелі бері кәсіп­керлер де қызығушылық таныта бастаған. Жеке кәсібін дөңгелетіп отыр­­ған шаруалар орталықтың ауыл ша­руашылығын цифрландыру жобасына көп ықылас танытады.

Жас ғалымдардан құралған орта­лық Ауыл шаруашылығы министр­лігінен бір жоба алады. Жобада әр өңірден 9 шаруашылық сынаққа алынды. Осы объектілерде орталықтың бас­тамасымен ақылды технологиялар өндіріске енгізіле бастады. Бұл жоба бірнеше маманның, агроном, өсімдік қорғау және топырақтану, ІТ, механизаторлар, радиоэлектроника саласы қызметкерлерінің басын қосады. Бас-аяғы 27 сарапшы 9 ша­руашылықты цифрландырумен айналысады. Соңын­да экономистер сы­нақтан өткен шаруа­шылықта осы жобадан соң түсетін табысты есеп­тейді. Сонда әр гектардан 15 мың тең­геден астам қосымша табыс түсе­тіні анықталды. Техниканы автоматтандыру арқылы жанар-жағармай үнем­деледі. «Тыңайтқыштарды бұ­рын бір атызға бір мөлшерде себе салатын. Ал біз бір атыздың әр гек­та­рындағы то­пырақтың сапасын зерт­тедік. Бір жерде азот құрамы өте жоғары. Бұған азоттың қажеті жоқ. Басқасында мүлде аз, оған керек. Техниканы автоматтандыру арқылы тыңайтқыштар қажетті мөлшеріне қарай себілетін болды», дейді ғалым. Осының нәтижесінде ты­ңайт­қыштар, химикаттар үнемделіп, сәйкесінше өнім сапасы мен көлемі артқан. 

Бір шаруашылық жыл сайын гек­тарынан 20 центнер өнім алатын болса, ақылды технологияны енгізгеннен кейін 50 центнер алған. Сонда 2,5 есеге артық табыс тапты деген сөз. «Әр гектардан 30 центнер артық алып отыр. Бұл – 3 тонна. Тоннасы орташа 35 мың теңгеден болғанның өзінде әр гектарға минимум 105 мың теңге қо­сымша кіріс кіреді. Демек, 20 000 гектар жері бар шаруашылықтың иесі 2,1 миллиард теңге қосымша табыс тауып тұр. Табысқа дәніккен кәсіпкер келер жылы ақшасын өзі төлеп, осы жобамызды жалғастыруға ұсыныс жасап жатыр. Содан мамандарымыздың қаны жерге тамбай кетті», дейді орталық мең­герушісі.

Бүгінде өзге де шаруа қожалық­тарынан сұраныс тү­сіп жатқан көрі­неді. Ғылымның өн­діріске енуі деген – осы. Мұрнына ғы­лымның иісі бар­майтын барлық адамға тән көз­қарас шығар, осыған дейін ғылым де­ген ішпыстырарлық дүние деп есеп­тейтінмін. Алайда ғұлама ғалым әл-Фарабидің есімін иемденген кейіпкер ойымды өзгертті. Сөйтсек, ғылым басында – бас қою, іле – ілім, сонан соң тәжірибе, аяғы – телегей табыс екен. Әлемнің екінші ұстазы білімнен бұ­рын балаға тәрбие беру керегін айт­ты. Ал бүгінгінің Фарабиі сол ұстаз­дың айтқанын артығымен орындап жүр­гендей. Себебі ол алдында білім алып отырған студенттерді ең алдымен ғылымға деген сүйіспеншілікке тәрбиеледі. Осындай оқытушылардың қатары көп болса дейсің.