Қоғам • 03 Мамыр, 2019

Еңбек дауларына тосқауыл қашан қойылмақ?

1106 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

«Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей», деп Абай атамыз айтқандай, еңбек қана адамды ұшпаққа шығарып, тілегенін беретіні ақиқат. Бірақ бұл күнде адам қандай жұмысты ерінбей істесе де соған сай нәпақа алуы қиындап бара жатқандай көрінеді. Оның себебі көп. Ең бастысы жұмысшы мен жұмыс берушінің арасындағы еңбек құқының бұзылуы еңбек дауларына әкеп соғуда. Ал оны реттейтін заң болса да, ондай еңбек даулары өрши түсуде. Сонда адам құқын бұзудың осындай ашық түрі қашанға дейін жалғаса бермек?

Еңбек дауларына  тосқауыл қашан қойылмақ?

Бұл мәселе адам құқын бұзудың үй­рен­­шікті амалына айналып отырғандай әсер қалдырады. Бүгінде еңбек етуші адам­дар­дың құқы бұзылғанын жиі естиміз. Адал маңдай тері сіңген жалақыларын ала алмай жүргендер баршылық. Бұған қоса өнді­рісте адамдардың жарақат­тан­уы, қаза табу жағдайлары жиі кезде­се­­ді. Мұны тек біз емес, еліміздің Кәсі­п­о­дақтар феде­ра­ция­­сы да жасырып отыр­ған жоқ. Олар Қазақстандағы өнді­­ріс­тік жарақаттану сал­дарынан қаза болу оқиғаларының көпті­гіне алаң­­дау­шы­лық білдіреді. «Жыл сайын өнді­рістік жарақаттан 200-ден астам адам қаза табады. Қаза болғандардың 65%-дан астамы жұмыс берушілердің кінә­сі­нен болған», деп көрсетілген Кәсіподақтар федерациясының Үкіметке жол­даған хатында. Ал Үкімет мұндай келең­сіз­дік­тердің бар екенін білмейді емес, біледі. Бірақ сондай кемшіліктерге жол берілетіні ойландыра қоймайтындай. Оның себебі неде?

Себебі көп айтыла бермейді. Жұмыс беруші мен жұмысшының Ата Заңы­мыз­да­ғы құқы бірдей болғанымен, еңбек құқын сақтауда ол жүрмейді. Содан мін­дет­ті түрде дау туады. Мұның себебін сұрап, Үкіметке сұрау салған Парламент Сенатының депутаты Рысқали Әбдікеров ста­тис­­тикалық мәліметтер көрсеткендей, қаз­ір­гі кезде еңбек дауларына қатысты сот істері өсуде дейді. Мәселен, 2017 жылы сот­тарда еңбекақы төлеу талаптарының бұзы­луына қатысты 1 783 әкімшілік іс, ал 2018 жылы 1939 іс қаралған, яғни мұн­дай істер 1 жылдың ішінде 8,7 пайызға артқан көрінеді. Сондай-ақ Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министр­лі­гі­­нің мәліметіне сәйкес, 2019 жылғы 1 қаңтар­­дағы жағдай бойынша 139 кә­сіпо­рын­­дағы 6 мың 200 жұмыскердің ала­ша­ғы 1 млрд 940 теңгені құраған. Бұл кәсіпорын­дардың 77 пайызы, яғни 105-і (1,5 млрд теңге берешек) банкротқа ұшы­ра­ған.

Бұдан бөлек, бүгінде әсіресе ауыл шар­уа­шылығы саласында жұмыс істей­тін жұ­мыс­шылар да кезінде шартқа отырма­ған­­­дықтан, жалақыларын уақтылы немесе мүлде ала алмау, ал кейбір жағ­дай­­­ларда жалақының орнына ауыл шаруашылығы өнімдерін алу фактілері кездеседі (бидай, шөп, көкөніс және т.б). Мұның салдары жұмысшы күші­нің жетіспеушілігін туғызып, маман кадр­лар­дың тұрақтамауына әкеп соқ­ты­ру­да. Алайда, халықаралық тәжірибеде әлемнің бірқатар елдері, мәселен Қытай, Испания, Жапония секілді мемлекеттерде жұмыс берушілердің еңбекақы төлеу талаптарын бұзу фактілері қылмыс ретінде танылып, жазалау шаралары қолданылады. Бізде неге солай болмайды?

Міне, осы әлемдік тәжірибе көрсет­кен­дей, егер кәсіпорында адам өлімі орын алса, оған себеп болған мыңдаған қа­уіп­ті жағдайдың да бар болғаны дей­ді кәсіподақ өкілдері. Бірақ, жұмыс берушілер осы қауіпті жағдайларды көбі­не­се назарға алмайды. Осы тұрғыдан алғанда, өндірістегі өлім жағдайлары – тіркелмеген заң бұзушылықтардың салдары көрінеді.

Осыған орай біз Бас прокуратураға ха­бар­­ласқан едік. Олардан алған жауа­бымыз­да: «Азаматтардың еңбек құқық­та­рын қорғау – прокуратура органдары қызме­ті­нің басым бағыттарының бірі», деп бірден жауап қайырды қоғамдық мүдделерді қорғау қызметі бастығының орынбасары Р.Смағұлов. «Сөзсіз, ең бас­ты міндет – жұмысшылар алдындағы жалақы бойынша берешекті өндіріп алу. Жалақы бойынша берешектің ең жоғары көрсеткіші 2009 жылдың қыркүйе­гінде тіркеліп, көлемі 5 млрд теңгеге жеткен және одан әрі жоғарылау үдерісі бай­қал­ған. Осы орайда прокуратура органдары мемлекеттік органдар жұмысының қарқынын арттырып, деректермен алмасу жолға қойылды, дебиторлар мен борышкерлердің мүлкін іздеу бойынша жұмыстар басталды», дейді ол.


Прокуратура органдары 8 жыл бойы мүдделі органдармен бірлесе отырып, проблемалық кәсіпорындардан орташа есеппен жылына 1,7 – 2 млрд теңге өндіріп алуға қол жеткізген. Алайда, қа­рыз­ға батқан кәсіпорындарда мүлік пен активтер болмаған, бұл жалақы бойын­ша бере­шекті өтеуге кедергі келті­реді. Оның үстіне жаңа проб­ле­ма­лық кәсіпорын­дар қатарға қосылуда. Сон­дықтан борыштарды өндіріп алу мәсе­лелері үкімет­тік деңгейде ғана шеші­мін табады екен. Мысалы, 2014 жылдан бастап «Се­мей­авиа» АҚ-ның 121 қызметкерге жалақы бойынша берешегі 51,1 млн теңгені құраған. Бұл мекеме стратегиялық объект болып табылғандықтан Үкімет алдына қарызды өтеу, оны іске асыру процесін жеделдету туралы мәселе қойылды. Қабылданған шаралар нәтижесінде 
2018 жылы осы кәсіпорындағы жалақы бойынша берешектің толық өтелуі қамтамасыз етіліпті.


Алайда, 2017 жылы прокуратура қыз­метін реттейтін заңнамаға өзгеріс енгі­зіл­ген соң, яғни «Прокуратура туралы» Заңның қабылдануымен прокурордың нұсқаулар енгізу және оларды мәжбүрлеп орындатуға жіберу өкілеттігі алынып тасталған. Содан бастап еңбек құқық­та­рын қорғау жөніндегі жұмыстағы негізгі рөл уәкілетті органдарға: Еңбек және ха­лықты әлеуметтік қорғау минис­тр­­лігіне және жергілікті атқа­ру­­шы орган­дар­ға берілген көрінеді. Мүм­кін еңбек дауларының, өндірістік жарақаттардың да көбейіп кеткен сыры да осыдан шығар. Қатаң бақылау болмаған жерде былық та орын алатыны белгілі ғой. Демек, жедел түрде қандай да болмасын бір шара қолданылуы тиіс.

Соған орай Қазақстан Кәсіподақтар федерациясы Еңбек және халықты әлеу­мет­тік қорғау министрлігіне еңбекті қор­­ғау және техника қауіпсіздігі, соны­мен бірге жұмыс берушілердің жауап­кер­шілігін күшейту мәселелері бойынша еңбек заңнамасына бірқатар түзету енгізуді ұсынып отыр. Олар Кәсіпкерлік кодек­сінен өндірістік жарақатпен, жаза­тайым оқиғалармен байланысты ком­мер­циялық құпия болып табылатын нор­маларды алып тастауды, жұмыс орын­да­рын­дағы кемшіліктерді жою мен құрал-жабдықтардың техникалық жағдайын жетілдіру бағытында әлеуметтік мақсатты көздейтін жұмыс берушілерге салықтық жеңіл­дік жасауды, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау мәселелері бойынша жұмыс берушілерге әкімшілік және қыл­мыстық жауапкершілік шараларын күшейтуді қалайды. Еңбекті қорғау жүйе­сі­нің рөлін күшейту мақсатында нысанға алдын ала ескертусіз бару мүмкіндігі мен өнді­рістегі жазатайым жағдайлар мен кәсіби сырқаттарды есепке алу мен бақы­лау жүргізудің бірыңғай ақпараттық жүйе­сін жасауды, өндірісте зардап шек­кен­дерді, кәсіби сырқаттарды және жоға­­ры дәрежелі кәсіптік қауіпті салада еңбек ететін қызметкерлерді жұмысқа орналас­ты­ру үшін Кәсіптер атласын жасау қажеттігін алға тартады.

Бірақ бұдан нәтиже шығып, адал еңбек­терін даулап жүрген, Консти­ту­ция­лық құқын қорғай алмай соттасып жүрген жандардың жағдайы жақсарар ма екен? Бір сөзбен айтқанда, кез келген жұмысшы мен қызметкердің еліміздің заңдарына сай алаңсыз да қысымсыз пайдалы еңбек етуіне жаппай мүмкіндік туар ма екен?