Руханият • 03 Мамыр, 2019

Қарағандыда қоғам қайраткері Шаймерден Оразәлиновпен қоштасты

961 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Кеншілер астанасындағы К.Станиславский атындағы орыс драма театрында 1987-1997 жылдар аралығында Қарағанды қаласының әкімі болған Шаймерден Оразәлиновті ақтық сапарға шығарып салу рәсімі өтті.

Қарағандыда қоғам қайраткері Шаймерден Оразәлиновпен қоштасты

Петропавл қаласында дүниеге келген марқұммен қоштасу үшін Солтүстік Қазақстан өңірінен облыстық мәслихат хатшысы Владимир Бубенко бастаған делегация келді. Сонымен қатар, қаралы жиынға Парламент Мәжілісінің депутаттары, Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов, облыс басшылығы және марқұмның туған-туыстары, жақындары мен достары қатысты.

Қоштасу рәсіміне қатысқан қауым Шаймерден Оразәлиновтің Қарағандыны қиын-қыстау жылдары абыроймен басқарғанын,  дағдарыстарға тойтарыс беріп, қала мен оның тұрғындарын коммуналдық қиындықтардан алып шығуда және басқа да толып жатқан проблемаларды шешуде ерен еңбек сіңіргенін тебіреніспен еске алды.

Шаймерден Оразәлинов 1942 жылдың 11 қарашасында Петропавл қаласында дүниеге келген. 1965 жылы Қарағанды политехникалық институтын «Тау-кен инженері» мамандығы бойынша тәмамдады. Тау-кен саласында қатардағы шеберден бастап кен-байыту фабрикасының директоры лауазымына дейін көтерілген. 1984 жылы Қарағанды қаласының Октябрь ауданы атқарушы комитетінің төрағасы қызметіне тағайындалды. Одан кейін 1987 жылдан 1997 жылға дейін он жыл қатарынан Қарағанды қаласының әкімі қызметін атқарды. Қарағанды облысы әкімі жанындағы Тәртіптік кеңестің төрағасы болды.

Шаймерден Оразәлинов екі рет Парламент Мәжілісінің депутаты болып сайланған. 2009 жылдан бастап қайтыс болғанға дейін Қазақстан электр энергетикалық қауымдастығының төрағасы қызметін атқарды.

Соңғы жаңалықтар