Саясат • 05 Мамыр, 2019

Сыртқы істер министрі Қазақстандағы Иран Елшісін қабылдады

981 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Сыртқы істер министрі Бейбіт Атамқұлов Иран Ислам Республикасының Елшісі Маджид Самадзадэ Саберді қабылдады. Бұл туралы СІМ баспасөз қызметі хабарлады.

Сыртқы істер министрі Қазақстандағы Иран Елшісін қабылдады

Кездесу барысында алдағы уақытта жоғары деңгейдегі екіжақты сапарларға қатысты мәселелер талқыланды. Атап айтқанда, қазақстандық тарап Иран Ислам Республикасы Парламентінің спикері Әли Ардашир Лариджанидің 2019 жылғы 23-24 қыркүйекте Нұр-Сұлтан қаласында өтетін Еуразия елдерінің парламенттері спикерлерінің 4-ші отырысына қатысуын күтуде.

Тараптар Каспий маңы мемлекеттерінің басшылары Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияға қол қойылған Ақтау саммитінің тарихи маңыздылығын атап өтті.

Иран транзиттік-көліктік маршруттарды әртараптандыру аясында Қазақстан үшін маңызды рөл атқарады. Қазақстан - Түрікменстан - Иран теміржолын және Каспий теңізі арқылы теңіз бағытын тиімді пайдалану қажеттілігі атап өтілді. Қазіргі таңда екіжақты ынтымақтастықты дамытуға, соның ішінде теміржол, ауыл шаруашылығы, туризм және басқа да салалардағы ынтымақтастықты дамыту үшін бірқатар перспективалық бағыттар бар.

Соңғы жылдары Қазақстан мен Иран арасындағы тауар айналымы көлемінің қысқаруы байқалуда. 2018 жылы бұл көрсеткіш 516 млн АҚШ долларын құрады. Осы ретте СІМ басшысы ирандық бизнесті Қазақстанның аумағындағы түрлі инвестициялық жобаларды іске асыруға шақырды, соның ішінде агроөнеркәсіп және тау-кен салаларында.

Қазақстан-Иран үкіметаралық комиссиясының 16-шы отырысының өтуі келесі жылы Нұр-Сұлтанда жоспарланып отыр.

Айта кетейік, қазіргі таңда Конвенцияны Әзербайжан, Қазақстан және Түрікменстан ратификациялады. Конвенцияның мақсаты Каспий теңізін, соның ішінде оның суын, түбін, жер қойнауын, табиғи ресурстарын және теңіздегі әуе кеңістігін пайдалану туралы тараптардың құқықтары мен міндеттерін анықтау және реттеу болып табылады. Конвенция ұлттық аймақтарды, юрисдикциялар мен егемендікті делимитациялау, жер қойнауын пайдалану, транзит және тасымалдау, су асты құбырлары мен кабельдерін төсеу, Каспий теңізінің қоршаған ортаны қорғау және биологиялық ресурстарын игеру мәселелерін реттейді.