Бүгінде қаладағы сауда қызметін реттеу жөніндегі амалдардың рет-тәртібі бекітіліп, бірқатар жұмыстар атқарылуда. Қала сыртынан құрылыс материалдарын, киім-кешек, азық-түлік тауарларын саудалайтын базарлар үшін 50 гектар жер телімі белгіленген. Оның ішінде, 17 гектар – Қызылорда бағытынан, 15 гектар – Кентау бағытынан, 18 гектар – Шәуілдір бағытында.
Бұл аймақтардағы жер телімдерін заңдастырып реттеу, Қызылорда және Шәуілдір бағытындағы жер телімдерінде орналасқан жер пайдаланушылар тізіміне сәйкес, мемлекеттік мұқтаждығы үшін қайтару жұмыстары жүргізілуде. Ал, Кентау бағытындағы «Сауда кешеніне» белгіленген алаң толығымен бос болғандықтан, заманауи талапқа сай келетін сауда алаңын ұйымдастыру мақсатында, «Түркістан» ӘКК» акционерлік қоғамына «Сауда кешені» құрылысы үшін 15 га жер телімі тұрақты пайдалануға берілген.