Экономика • 05 Мамыр, 2019

Қазақстан мен Қытайдың кеден қызметтері онлайн режимде кедендік құн туралы өзара ақпарат беруге келісті

1227 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақстан мен Қытайдың кеден қызметтері кедендік құн туралы ақпаратты онлайн режимде өзара беру туралы келісті, бұл кедендік статистика арасындағы айырмашылық деңгейін азайтуға мүмкіндік береді.

Қазақстан мен Қытайдың кеден қызметтері онлайн режимде кедендік құн туралы өзара ақпарат беруге келісті

2019 жылдың 26 сәуірінде Бейжіңде (ҚХР) «Бір белдеу - бір жол» екінші халықаралық ынтымақтастық форумының салтанатты ашылуы өтті.

Форум аясында Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы Марат Сұлтанғазиев пен ҚХР Бас кеден басқармасы министрінің орынбасары Ли Го мырза Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Жеңіс Қасымбек және ҚХР Бас кеден басқармасының министрі Ни Юэфэн қатысуымен кедендік әкімшіліктендіру саласындағы бірқатар серпінді және стратегиялық құжаттарға қол қойды.

Кедендік бақылаудың тиімділігін арттыру және Қазақстан мен Қытай арасындағы өзара сауда статистикасындағы сәйкессіздіктерді азайту мақсатында жүк туралы толық ақпаратты онлайн режимінде алу үшін Қазақстан Республикасы және Қытай Халық Республикасының кедендік шекаралары арқылы тасымалданатын тауарлар мен көлік құралдар туралы алдын-ала ақпарат алмасу туралы Хаттамаға қол қойылды.

Бұл Хаттама ҚХР экспортының алдын-ала деректерін Қазақстан импортымен салыстырып, тексеру үдерісін автоматтандыруға мүмкіндік береді. Ол өз кезегінде жалған мәлімдеу және кедендік құнды төмендету фактілерін анықтаудағы адам факторын барынша азайтады. 

Бұдан басқа, тауарларға мағлұмдама нөмірі тұрғысында алмастырылатын ақпараттың кеңейтілген құрамын ескере отырып, сыртқы сауда бойынша кедендік статистика саласында әдістемелік және ақпараттық хаттамаға қол қойылды. Ол Қазақстан мен Қытай арасындағы өзара сауда деректерін салыстырмалы талдау тиімділігін арттырады.

«Екі елдің кеден қызметтері тауарлар туралы, соның ішінде кедендік құн туралы ақпаратты онлайн режимінде өзара беру туралы келісті. Бұл тарихи шешім. Мұндай өзара әрекеттестіктің негізгі міндеті кедендік статистика арасындағы айырмашылық деңгейін азайту», деді Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы Марат Сұлтанғазиев.

Сондай-ақ Қазақстан мен Қытай уәкілетті экономикалық операторларын өзара тану туралы Меморандумға қол қойылды. Марат Сұлтанғазиевтың айтуынша, уәкілетті экономикалық операторларды өзара тану туралы меморандум бойынша жұмыс 5 жыл бойы жүргізілді. Кедендік рәсімдеу мен бақылау рәсімін оңайлату ҚР УЭО компанияларының Қытай кең нарығына қол жеткізуін жеңілдетеді. Импорт, экспорт және логистикалық инфрақұрылымды дамытуға жаңа мүмкіндіктер береді. Осылайша Қазақстан экономикасын одан әрі тұрақты дамыту үшін жағдайлар жасайды.