Саясат • 06 Мамыр, 2019

Nur Otan партиясы кандидатының аймақтық қоғамдық штабы құрылды

1309 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Өңірде Қазақстан Республикасы президенттігіне кандидаттардың штабтары құрылып, 9 маусым күні өтетін кезектен тыс сайлауға әзірліктері пысықталып жатыр.

Nur Otan партиясы кандидатының аймақтық қоғамдық штабы құрылды

 «Басты мақсатымыз – саяси науқанның заң талаптарына сай өтуін қамтамасыз ету. 11 мамырдан басталатын сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарына белсене кірісетін боламыз. Кандидатты қолдауға 10 мыңнан астам қол жиналып, 26  сәуірде аяқталғанын айта кеткім келеді» дейді республикалық саяси ұйымнан президенттікке үміткер Қасым-Жомарт Тоқаевты қолдау жөніндегі қоғамдық штабтың жетекшісі Владимир Бубенко.

   Оның  айтуынша, "Nur Otan" партиясы қалалық, аудандық филиалдарының сенімді өкілдері қажетті әзірліктерден өткен. Штабтың құрамына облыстың құрметті азаматы Құдайберген Қалиев, «Зенченко және К» командиттік серіктестігінің бас директоры, облыстық мәслихаттың депутаты Геннадий Зенченко, партия ардагері Иван Чиркалин, кәсіпқой бокстан әлем чемпионы Жанат Жақиянов секілді танымал тұлғалар тартылған.  Барлығы 200-ден астам белсенді жұмылдырылған. Сәуірдің 15 мен маусымның 7 аралығын қамтитын кешенді жұмыс кестесі түзіліп, еңбек ұжымдарымен кездесулер, түрлі акциялар мен форумдар өткізу белгіленген. 1300-ден астам нұротандық сайлауалды үгіт-насихат жүргізу шараларына араласып, барлық сайлау учаскесіне баратын болады.

  Бүгінде облыста 600-ден аса сайлау учаскесі құрылған.

   Өңір жұртшылығына алдағы сайлау барысын қоғамдық қадағалауға негізделген «Аманат» азаматтық  тұғырнамасы да таныстырылды. Арнайы топ мүшелері еңбек ұжымдарында кездесулер өткізіп,  құқық, әділдік пен ашықтықты қамтамасыз ету, ынтымақтастық және дайындық шараларын ортаға салды.  

  «Аманат» - қазақстандықтардың тәуелсіз ерікті бірлестігі саналады. Сайлаудың негізгі  бес бағыты бойынша мониторинг жүргізіледі. Бәсекелестіктің тең болуы, ешкімге артықшылық берілмеуі, ақпараттардың, сайлау учаскелерінің  қолжетімділігі басты назарға алынады» дейді «Қызылжар» білім орталығының жетекшісі Жанат Мұхамеджанов.