Аймақтар • 06 Мамыр, 2019

Мәжіліс депутаттары Түркістан облысы Бәйдібек ауданында шаруа қожалықтары басшыларымен кездесті

1312 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мәжіліс депутаттары, Nur Otan партиясы парламенттік фракциясының мүшелері Нұртай Сабильянов, Мұхтар Ерман, Байділдә Жылқышиев, Шавхат Өтемісов Түркістан облысына іссапармен барды. Бұл туралы Парламент Мәжілісінің баспасөз қызметі хабарлады.

Мәжіліс депутаттары Түркістан облысы Бәйдібек ауданында шаруа қожалықтары басшыларымен кездесті

Мәжілісмендер Бәйдібек ауданының шаруа қожалықтарының басшылары, жеке кәсіпкерлер және студенттермен кездесті.

Кездесулер барысында депутаттар Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Nur Otan партиясының XVIII Съезінде берген тапсырмаларын жүзеге асыру бойынша негізгі бағыттар мен міндеттер және партияның әлеуметтік жобалары туралы айтып берді.

Мәжілістегі заң шығару қызметі туралы таныстырып, Палатада мақұлданған бipқатаp заң жобасы елiмiздe өмip сүру дeңгeйiн сапалы арттыру мен өңірлерді дамытуға бағытталғанын атап өтті.

Өз кезегінде өңір тұрғындары халық қалаулылары алдында өзекті әлеуметтік мәселелерді көтерді. Атап айтқанда, ауыл шаруашылығын дамыту, жастарды қолдау, елді мекендерді газбен жабдықтау, тұрғын үймен қамтамасыз ету, жұмыспен қамту, мұғалімдердің мәртебесін көтеру, несие берудің қолжетімділігін қамтамасыз ету, жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскелерін бөлу, зейнеткерлікке шығу жасын төмендету, медициналық қызметтерге, әсіресе, ауылдарда жедел медициналық жәрдемге қолжетімділік, әлеуметтік жәрдемақылар, оның ішінде мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмекке қол жеткізу мәселесі және басқа да мәселелер.

Шаруа қожалықтары басшыларымен кездесуі барысында депутаттар жергілікті қияр мен қызанақ өндіретін кәсіпорынға барды. Өнімділігі 120 тонна көкөніс өндіретін кәсіпорын өз жұмысын 2014 жылы бастады. Содан бері Түркістан облысы Шымкент қаласы және Бәйдібек ауданын қыс мезгілінде қияр және қызанақпен қамтамасыз етіп отыр. Жоспарда жергілікті жұмысшылардың құрамын көбейту, оларды жоғары технологиялық құрал-жабдықтармен оқыту және өндіріс көлемін арттыру көзделген.

Сондай-ақ депутаттар Нұртай Сабильянов пен Шавхат Өтемісов Арыс қаласында теміржолшылармен кездесті және күн электр стансасының құрылысымен танысты.

Кездесулерді қорытындылай келе, парламентшілер сайлаушылардың көтерген мәселелері мен пікір-ұсыныстары депутаттық корпус тарапынан ескерілетінін мәлімдеді.