Қоғам • 07 Мамыр, 2019

Атаулы көмек – ауқымды жоба

1452 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

Елімізде көп балалы аналардың саны 340 мыңнан асады. Елордадағы көп балалы аналармен кездескен кезінде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев атаулы әлеуметтік көмектің 10 жылға жалғасатын ауқымды жоба екенін айтып, биыл бұл көмекпен 830 мың қазақстандық қамтылатынын жеткізген болатын. Сондай-ақ министр қазірдің өзінде республика бойынша өтініш берушілердің саны 700 мыңға жеткенін хабарлаған еді.

Атаулы көмек – ауқымды жоба


Қағазбастылыққа жол берілмейді


Жақында министр Бердібек Сапарбаевты қабылдаған Президент Қасым-Жомарт Тоқаев twitter-дегі парақшасына: «Үкіметке және Әкімшілікке, облыс әкімдері мен орталыққа қарайтын қалалардың әкімдерімен бірлесіп, атаулы әлеуметтік көмекті мұқтаж адамдарға уақтылы жеткізу жұмыстарын ретке келтіруді тапсырдым. Қағазбастылыққа жол берілмесін. Кінәлілер жауапқа тартылады», деп жазған болатын. Мемлекет басшысы кінәлі деп кімдерді меңзеді? Жалпы, АӘК туралы сан саққа жүгіртіп жазып жатқандар да, әлеуметтік желілерде алып-қашпа әңгіме таратып жүргендер де көп көрінеді...

Ең алдымен біз Нұр-Сұлтан қаласындағы Халықты жұмыспен қамту орталығына бас сұқтық. Зал өтініш берушілерге лық толы. «Бұл өткен айдың басына қарағанда азайғаны» дейді орталықтың баспасөз хатшысы Дана Тұрғынова. Өйткені қазіргі кезде әр аудан әкімдіктері мен халыққа қызмет көрсету орталықтары да құжат қабылдай бастапты. «Біздің орталық бұған дейін күніне 500-дей адам қабылдаса, қазір олардың саны мыңға жуықтады. Келушілердің барлығы атаулы әлеуметтік көмекке ғана құжат тапсыру үшін емес, жұмыспен қамту, тіркеуге тұру, өзге де жәрдемақыларды алу үшін келеді. Біз қосымша 36 маманды қайтадан оқыттық.

Операциялық залда 1 сәуірге дейін төрт-ақ үстел атаулы көмек бойынша құжаттарды қабылдаса, қазір оннан астам үстел жұмыс істеп тұр. Жұмыс уақыты да ұзартылды. Яғни 8.30-дан 18.00-ге дейінгі жұмыс кестесін, 20.00-ге дейін түскі үзіліссіз етіп өзгерттік», дейді Д.Тұрғынова. Негізінде өтініш білдірушілер жеке куәлігімен ғана келіп, бір жолда барлық құжаттарын тапсырып кете алады. 

«Бірақ «Е-халық» электронды базасы әлі де толықтырылып жат­қандықтан, әсіресе алғаш рет өті­ніш білдірген азаматтардың кей құжаттары шықпай қалады. Мұндай жағ­дайда біздің мамандар тиісті ор­гандарға сұрау салып құжатты алдырта алады. Алайда, бұл 30 күн ішінде дайындалатындықтан, көп жағдайда өтініш берушілер өздері қолма-қол әкеліп беру жолын таңдайды. Ал осы уақытқа дейін атаулы әлеуметтік көмекті алып келген кісілердің құ­жат­тары базадан толық шығады», дей­ді жұмыспен қамту орталығының бас­пасөз хатшысы.

Оның айтуынша, атаулы әлеу­­­меттік көмек тыңнан енгізіліп жатқан жәр­демақы емес. «Атаулы әлеуметтік кө­мек – үлкен жоба. Оның құжаттарды қабылдау ережесі анық жазылған. Біз сол ережеге сәйкес қана жұмыс атқаратын орындаушы мекемеміз. Құжатты артық немесе кем алуға қа­қы­мыз жоқ. АӘК осы уақытқа дейін де беріліп келді. Бірақ 21 мың теңге емес, арадағы айырмашылық қана төленетін. Яғни ең төменгі күнкөріс деңгейі 14 890 теңге болып, отбасы кі­рісін жан басына шаққанда осы сомаға қанша жетпесе, сонша теңгесі ғана төленетін. Демек ережелер сол күйінде қалды. Керісінше бірнеше табыс көзі есепке алынбайтын болды және жеке куәлікпен ғана құжат тап­сыруға мүмкіндік туып отыр», дейді баспасөз хатшысы. 

Жуырда Есіл аудандық әкімдігінде министр Б.Сапарбаевпен кездесуге келген 6 баланың анасы Гүлжан Жа­рылқапова өзінің АӘК-ті 1 сә­­­уірге дейін де алып жүргенін айтып, кі­ші баласы екі жастан енді ғана ас­қанына қарамастан шағын несие алып, кәсіп көзін ашу үшін жүгіріп жүр­генін көрдік. «Жаңа АӘК-ті алу бұ­рынғыға қарағанда жеңілдеді. Өйт­кені көп балалы отбасыларға берілетін арнаулы мемлекеттік жәр­демақы, «Алтын алқа» және «Кү­міс алқалы» аналарға берілетін жәр­демақы, баланың мүгедектігі бо­йын­ша жәрдемақы, студенттердің шә­кіртақысы, жергілікті атқарушы ор­гандар беретін біржолғы төлемдер табыс көзінен алынып тас­талды», дейді Г. Жарылқапова.

Атаулы әлеуметтік көмектің шарт­ты және шартсыз екі түрі бар. «Шартты болса 6 ай сайын құжат­та­рын қайта тек­серістен өткізіп тұ­ра­ды. Көмектің бұл түрі отбасында жұмысқа қабілетті аза­мат бар бол­ға­нымен белгілі бір себеп­термен уа­қытша жұмыс істемейтін болса ғана беріледі.  Ал шартсыз АӘК ала­тын азаматтар жылына бір рет құ­жаттарын жаңалайды. Бұл үйінде жұ­мыс істеуге қабілетті кісі мүлде жоқ (мысалы, жұбайы мүмкіндігі шек­теулі, ажырасқан немесе қайтыс бол­ған, ал өзінің 3 жасқа дейінгі баласы бар) және 23 жасқа дейінгі баласы оқуда болған жағдайда ғана та­ғайындалады. Егер 18 жастан асқан ба­ласы оқымайтын, бірақ жұмыс істе­мейтін болса, қысқа мерзімді оқыту курс­тарынан өтіп, жұмыс істеуі тиіс. Жұ­мысқа орналасқаннан кейін де ең­бекақысы күнкөріс деңгейін толтырмаса, бұл отбасына бәрібір АӘК беріле береді. Ерекше ескеретін жайт та осы. Өйткені бізге АӘК алу үшін істеп жатқан жұмысынан шығып ке­ліп жатқан азаматтар бар», дейді Д.Тұрғынова. 


Табыс көзі қалай есептеледі?


Өтініш берушінің табысы ретінде мыналар есепке алынады: бір жасқа дейінгі бала күтіміне байланыс­ты­ жәр­демақы; мүгедек баланың күтімі­не берілетін жәрдемақы; күйеуі қай­тыс болғаны үшін тағайындалатын жәр­дем­ақы; несие; зейнетақы; көп ба­лалы отбасыларға, тұрмысы төмен отбасыларға берілетін жолақы қар­жы­сы; алимент; жеке қосалқы ша­руа­шылықтан түскен табыс. «Та­быс­ты есептеген кезде кейбір жәрдем­­ақыларды алып тастасаңыздар деген ұсы­ныстар да айтылды. Біз мұны да ескердік. 1 сәуірден бастап 5-6 жәр­дем­ақы табысқа есептелмейтін болды. Енді жеке қосалқы шаруашылықтан түсетін табыс пен зейнетақыны табыс­қа қоспауды сұрап жатқандар бар. Оны қарап жатырмыз. Қаржылай мүм­кіндігімізге қарай шешім қабыл­дайтын боламыз. АӘК-тің 10 жылға арналған бағдарлама екенін Елбасы айт­қан болатын. Сондықтан кезең-кезеңімен жүзеге асатын болады»,  дейді министр Б.Сапарбаев. 

Ал көп балалы аналар несиені табысы жетпеген соң алғандарын айтып зар қағуда. Экономистер несиенің тү­рін анықтап алған абзал екенін айтады. «Несие ағымдағы табыс ретінде есеп­ке алынатыны біраз сұрақтар туындатады. Несие бүгінгі табыс бол­ғанымен, ертең банкке пайызымен қай­тарылатынын есепке алсақ, табыс көзінен шегерілуі керек. Сонымен бірге ұзақмерзімді инвестициялық несие де ағымдағы табыс көзіне қосылмауы керек, себебі бұл тұтыну үшін алынбаған. Егер де несиені табыс көзі ретінде дәлелдеушілер болса, онда кейінгі мезгілде банкке тө­ленетін және қайтарылатын сомалар, кейінгі айлардағы табыстан ше­герілуге жатады  деп белгілеу та­лап етіледі», дейді Қазақ технология және бизнес университетінің аға оқы­тушысы, экономист Сапарбай Жобаев. Л.Н.Гумилев атындағы Еу­разия ұлттық университеті қаржы ка­федрасының меңгерушісі, экономист Ғалымжан Керімбек болса «Несиені табыс көзіне жатқызуды маман ретінде дұрыс деп есептеймін. Себебі жеке тұл­ғалар несиені белгілі бір мақсатта қажеттіліктерін өтеу үшін алады. Банк несие берерде өз клиентінің төлем қабі­летіне қарайтындықтан табысқа жат­қызылады» деген пікірде. 

Мамандар зейнетақының табыс ретінде есептелу себебін әртүрлі тү­сіндіреді. «Зейнетақының екі түрі бар. Егер отбасы мүшесі (отағасы немесе әйе­лі) денсаулығына немесе құқық қор­ғау органдарында қызмет етуіне бай­ланысты ерте зейнетке шыққан болса ғана олардың зейнетақысы та­быс­қа жатқызылады. Ал әке-шеше немесе ата-ененің зейнетақысын есеп­теу дұрыс емес. Өйткені отбасы бюд­жеті деген болады. Оны тек екі жұп пен балалары ғана құрайды. Олар үл­кендермен бірге тұрған күннің өзін­де бюджеттері бөлек болатынын ескеру керек», дейді Ғ.Керімбек. Сонымен қа­­тар экономист жәрдемақы беру тәр­тібіне өзгерістер керек деген ойын да атап өтті. «Мемлекет жәрдемақыны бе­ру үшін ең алдымен әлеуметтік жағ­дайы төмен отбасыларды топтарға жік­теуі керек. Соның ішінде күнкөрісі ең төмен отбасылардан бастап та­ғайын­далуы тиіс деп ойлаймын. Да­мы­ған мемлекеттерде қолма-қол тө­лем мүлде қолданылмайды. Яғни олар мемлекеттен кірісі мен шығынын еш­уақытта жасырып қала алмайды. Бізге де сондай жүйе керек», дейді Ғ.Керімбек. Ал С.Жобаевтың пікірі бір үйде тұратын зейнеткерлердің ақы­сы түгел есептелуі тиіс дегенге сая­ды. «Кейбір отбасыларда зейнет­ақы не­гіз­гі табыс көзі ретінде пайдаланылады. Егер де бір отбасында екі және одан көп зейнеткер бірге тұр­са, олардың табысы күнкөрістің ең төменгі мөлшерінен жоғары болуы мүмкін. Бұл жағдайда отбасы көп балалы болса да жәрдемақы берілмеуін түсінуге болады. Себебі табыс белгіленген мөлшерден жоғары шы­ғады», дейді ол.

Табысты есептеудегі тағы бір дау­­­­­­лы мәселе – жеке қосалқы шаруа­шы­­­лықтан түсетін табысты есептеу. Әсіресе бұл шайлық сүтін жалғыз сиы­рымен айырып, құс асырап күн көріп отырған ауылды жерлердегі отбасылар үшін қиындық туғызып отырған сыңайлы. «Отбасының жиынтық табысын анықтаған кезде жеке қосалқы шаруашылық ескеріледі. Жеке қо­салқы шаруашылықтан түсетін табыс Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2009 жылғы 28 шілдедегі №237 бұйрығымен бекі­тілген Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алуға үміткер адамның (отба­сының) жиынтық табысын есептеу қағидаларына сәйкес есептеледі. Қағи­даларда  ел өңірлерінің климаттық ерек­шеліктерін ескере отырып, жеке қосалқы шаруашылықтан  түсе­тін табысты есептеу нормалары ай­қын­далған. Бұл ретте, жергілікті ат­қарушы органдар жеке қосалқы ша­руашылықты табыс көзіне жатпайды деп айқындай алады. Яғни, әкімдіктер өз қалауы бойынша жеке қосалқы шаруашылықтан түсетін табысты ескермеуге құқылы» делінген министрліктің ресми сайтында.


Комиссияның «қыл көпірі»


«Құжат қабылданғаннан кейін учаскелік комиссия мүшелері өтініш бе­рушілердің үйіне 1-3 жұмыс күні ішінде барады. Олар алдын ала хабарласып, уақытын келіседі. Тек­серушілер өтініш берушілер құжаттарын тапсырғандағы мәлімет­терінің рас-өтірігін ғана анықтайды. Егер комиссия отбасын АӘК-ті алуға лайық деп тапса, біз оларға хабарлама жібереміз. Сөйтіп ол бізге келіп анық­тамасын алады», дейді Халықты жұ­мыспен қамту орталығының бас­пасөз хатшысы Д.Тұрғынова.
Комиссияның жұмысын өз кө­зі­мізбен көру үшін Нұр-Сұлтан қа­ласында тұратын жалғыз басты ана­ның үйіне қалалық әкімдіктің өкілдерімен бірге бардық. Гүлбану (аты өзгертілді) есімді егіз ұлдың анасы жатақхананың бір бөлмесін паналапты. Ай сайынғы алатын 31 мың теңге жәрдемақысымен күн көріп отырған ол балаларын төрт жас­қа келсе де тілі шықпаған соң бала­бақшаға бере алмай отырған көрінеді. Сүйеуі жоқ әйел үкіметке қол жайып отырғысы келмейтінін де жасырмады. Бар арманы – пайызсыз шағын несие алып, тігіншілік кәсібімен айналысу. 

«Біз тәртіп бойынша ғана тек­сереміз. Яғни 3 күннің ішінде өтініш берушінің үйіне барып, өзі берген ақпараттың сәйкестігін тексеріп, акті толтырамыз. Үшінші күні әкімдікте жиналыс өткізіп, комиссия шешімін шығарамыз. Шешімді Халықты жұ­мыспен қамту орталығына қайта жі­береміз», дейді комиссия мүшесі, Нұр-Сұлтан қаласы Сарыарқа ауда­ны Ішкі саясат және әлеуметтік сала бөлімінің басшысы Әбдіраxман Дауленбаев. 

Алайда, әкімдіктегілердің Айжан атты үш баланың анасына берген жауабы басқаша. Кенже баласы мүгедек жалғыз басты ана баланың ем-домына қаражатты үнемдеу үшін әпкесінің үйіне жақында ғана көшіп барған. Мамандар оның мән-жайды түсіндіргеніне қарамастан, бірге тұ­ратын барлық жанның табысы есеп­телетінін алға тартып, әпкесінің де табысын Айжанның кірісіне есеп­тейтінін айтқан. Айжанның сұра­ғына елордадағы кездесу кезінде ми­нистр Б.Сапарбаев өзі жауап берді. «Негізінде бір отбасындағы аға­йындылардың барлығы есепке алынбайды.  Тек әке-шешесі мен балалары ғана саналуы тиіс», деген министр жалғыз басты ананың мәселесін ше­шуді әкімдік қызметкерлеріне тапсырды. 

Нұр-Сұлтан қаласының тағы бір тұрғыны Дариғаның жеті баласы бар. Көп балалы отбасы тек отағасының ай сайынғы алатын 70 мың теңге ай­лығына күн көріп отыр. «Үлкен балам университетте оқиды. Өзім екі жас­тағы балама қарап үйде отырмын. 9 сәуір күні Алматы аудандық әкім­дігіне барып құжат өткізгенмін. 12 сәуірде комиссия  келіп тексеріп кетті. Бірақ әлі ешқандай хабар жоқ», дейді комиссия шешімін күтіп отырған «Алтын алқа» иегері.


Майгүл СҰЛТАН,

«Egemen Qazaqstan»