Қағазбастылыққа жол берілмейді
Жақында министр Бердібек Сапарбаевты қабылдаған Президент Қасым-Жомарт Тоқаев twitter-дегі парақшасына: «Үкіметке және Әкімшілікке, облыс әкімдері мен орталыққа қарайтын қалалардың әкімдерімен бірлесіп, атаулы әлеуметтік көмекті мұқтаж адамдарға уақтылы жеткізу жұмыстарын ретке келтіруді тапсырдым. Қағазбастылыққа жол берілмесін. Кінәлілер жауапқа тартылады», деп жазған болатын. Мемлекет басшысы кінәлі деп кімдерді меңзеді? Жалпы, АӘК туралы сан саққа жүгіртіп жазып жатқандар да, әлеуметтік желілерде алып-қашпа әңгіме таратып жүргендер де көп көрінеді...
Ең алдымен біз Нұр-Сұлтан қаласындағы Халықты жұмыспен қамту орталығына бас сұқтық. Зал өтініш берушілерге лық толы. «Бұл өткен айдың басына қарағанда азайғаны» дейді орталықтың баспасөз хатшысы Дана Тұрғынова. Өйткені қазіргі кезде әр аудан әкімдіктері мен халыққа қызмет көрсету орталықтары да құжат қабылдай бастапты. «Біздің орталық бұған дейін күніне 500-дей адам қабылдаса, қазір олардың саны мыңға жуықтады. Келушілердің барлығы атаулы әлеуметтік көмекке ғана құжат тапсыру үшін емес, жұмыспен қамту, тіркеуге тұру, өзге де жәрдемақыларды алу үшін келеді. Біз қосымша 36 маманды қайтадан оқыттық.
Операциялық залда 1 сәуірге дейін төрт-ақ үстел атаулы көмек бойынша құжаттарды қабылдаса, қазір оннан астам үстел жұмыс істеп тұр. Жұмыс уақыты да ұзартылды. Яғни 8.30-дан 18.00-ге дейінгі жұмыс кестесін, 20.00-ге дейін түскі үзіліссіз етіп өзгерттік», дейді Д.Тұрғынова. Негізінде өтініш білдірушілер жеке куәлігімен ғана келіп, бір жолда барлық құжаттарын тапсырып кете алады.
«Бірақ «Е-халық» электронды базасы әлі де толықтырылып жатқандықтан, әсіресе алғаш рет өтініш білдірген азаматтардың кей құжаттары шықпай қалады. Мұндай жағдайда біздің мамандар тиісті органдарға сұрау салып құжатты алдырта алады. Алайда, бұл 30 күн ішінде дайындалатындықтан, көп жағдайда өтініш берушілер өздері қолма-қол әкеліп беру жолын таңдайды. Ал осы уақытқа дейін атаулы әлеуметтік көмекті алып келген кісілердің құжаттары базадан толық шығады», дейді жұмыспен қамту орталығының баспасөз хатшысы.
Оның айтуынша, атаулы әлеуметтік көмек тыңнан енгізіліп жатқан жәрдемақы емес. «Атаулы әлеуметтік көмек – үлкен жоба. Оның құжаттарды қабылдау ережесі анық жазылған. Біз сол ережеге сәйкес қана жұмыс атқаратын орындаушы мекемеміз. Құжатты артық немесе кем алуға қақымыз жоқ. АӘК осы уақытқа дейін де беріліп келді. Бірақ 21 мың теңге емес, арадағы айырмашылық қана төленетін. Яғни ең төменгі күнкөріс деңгейі 14 890 теңге болып, отбасы кірісін жан басына шаққанда осы сомаға қанша жетпесе, сонша теңгесі ғана төленетін. Демек ережелер сол күйінде қалды. Керісінше бірнеше табыс көзі есепке алынбайтын болды және жеке куәлікпен ғана құжат тапсыруға мүмкіндік туып отыр», дейді баспасөз хатшысы.
Жуырда Есіл аудандық әкімдігінде министр Б.Сапарбаевпен кездесуге келген 6 баланың анасы Гүлжан Жарылқапова өзінің АӘК-ті 1 сәуірге дейін де алып жүргенін айтып, кіші баласы екі жастан енді ғана асқанына қарамастан шағын несие алып, кәсіп көзін ашу үшін жүгіріп жүргенін көрдік. «Жаңа АӘК-ті алу бұрынғыға қарағанда жеңілдеді. Өйткені көп балалы отбасыларға берілетін арнаулы мемлекеттік жәрдемақы, «Алтын алқа» және «Күміс алқалы» аналарға берілетін жәрдемақы, баланың мүгедектігі бойынша жәрдемақы, студенттердің шәкіртақысы, жергілікті атқарушы органдар беретін біржолғы төлемдер табыс көзінен алынып тасталды», дейді Г. Жарылқапова.
Атаулы әлеуметтік көмектің шартты және шартсыз екі түрі бар. «Шартты болса 6 ай сайын құжаттарын қайта тексерістен өткізіп тұрады. Көмектің бұл түрі отбасында жұмысқа қабілетті азамат бар болғанымен белгілі бір себептермен уақытша жұмыс істемейтін болса ғана беріледі. Ал шартсыз АӘК алатын азаматтар жылына бір рет құжаттарын жаңалайды. Бұл үйінде жұмыс істеуге қабілетті кісі мүлде жоқ (мысалы, жұбайы мүмкіндігі шектеулі, ажырасқан немесе қайтыс болған, ал өзінің 3 жасқа дейінгі баласы бар) және 23 жасқа дейінгі баласы оқуда болған жағдайда ғана тағайындалады. Егер 18 жастан асқан баласы оқымайтын, бірақ жұмыс істемейтін болса, қысқа мерзімді оқыту курстарынан өтіп, жұмыс істеуі тиіс. Жұмысқа орналасқаннан кейін де еңбекақысы күнкөріс деңгейін толтырмаса, бұл отбасына бәрібір АӘК беріле береді. Ерекше ескеретін жайт та осы. Өйткені бізге АӘК алу үшін істеп жатқан жұмысынан шығып келіп жатқан азаматтар бар», дейді Д.Тұрғынова.
Табыс көзі қалай есептеледі?
Өтініш берушінің табысы ретінде мыналар есепке алынады: бір жасқа дейінгі бала күтіміне байланысты жәрдемақы; мүгедек баланың күтіміне берілетін жәрдемақы; күйеуі қайтыс болғаны үшін тағайындалатын жәрдемақы; несие; зейнетақы; көп балалы отбасыларға, тұрмысы төмен отбасыларға берілетін жолақы қаржысы; алимент; жеке қосалқы шаруашылықтан түскен табыс. «Табысты есептеген кезде кейбір жәрдемақыларды алып тастасаңыздар деген ұсыныстар да айтылды. Біз мұны да ескердік. 1 сәуірден бастап 5-6 жәрдемақы табысқа есептелмейтін болды. Енді жеке қосалқы шаруашылықтан түсетін табыс пен зейнетақыны табысқа қоспауды сұрап жатқандар бар. Оны қарап жатырмыз. Қаржылай мүмкіндігімізге қарай шешім қабылдайтын боламыз. АӘК-тің 10 жылға арналған бағдарлама екенін Елбасы айтқан болатын. Сондықтан кезең-кезеңімен жүзеге асатын болады», дейді министр Б.Сапарбаев.
Ал көп балалы аналар несиені табысы жетпеген соң алғандарын айтып зар қағуда. Экономистер несиенің түрін анықтап алған абзал екенін айтады. «Несие ағымдағы табыс ретінде есепке алынатыны біраз сұрақтар туындатады. Несие бүгінгі табыс болғанымен, ертең банкке пайызымен қайтарылатынын есепке алсақ, табыс көзінен шегерілуі керек. Сонымен бірге ұзақмерзімді инвестициялық несие де ағымдағы табыс көзіне қосылмауы керек, себебі бұл тұтыну үшін алынбаған. Егер де несиені табыс көзі ретінде дәлелдеушілер болса, онда кейінгі мезгілде банкке төленетін және қайтарылатын сомалар, кейінгі айлардағы табыстан шегерілуге жатады деп белгілеу талап етіледі», дейді Қазақ технология және бизнес университетінің аға оқытушысы, экономист Сапарбай Жобаев. Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті қаржы кафедрасының меңгерушісі, экономист Ғалымжан Керімбек болса «Несиені табыс көзіне жатқызуды маман ретінде дұрыс деп есептеймін. Себебі жеке тұлғалар несиені белгілі бір мақсатта қажеттіліктерін өтеу үшін алады. Банк несие берерде өз клиентінің төлем қабілетіне қарайтындықтан табысқа жатқызылады» деген пікірде.
Мамандар зейнетақының табыс ретінде есептелу себебін әртүрлі түсіндіреді. «Зейнетақының екі түрі бар. Егер отбасы мүшесі (отағасы немесе әйелі) денсаулығына немесе құқық қорғау органдарында қызмет етуіне байланысты ерте зейнетке шыққан болса ғана олардың зейнетақысы табысқа жатқызылады. Ал әке-шеше немесе ата-ененің зейнетақысын есептеу дұрыс емес. Өйткені отбасы бюджеті деген болады. Оны тек екі жұп пен балалары ғана құрайды. Олар үлкендермен бірге тұрған күннің өзінде бюджеттері бөлек болатынын ескеру керек», дейді Ғ.Керімбек. Сонымен қатар экономист жәрдемақы беру тәртібіне өзгерістер керек деген ойын да атап өтті. «Мемлекет жәрдемақыны беру үшін ең алдымен әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларды топтарға жіктеуі керек. Соның ішінде күнкөрісі ең төмен отбасылардан бастап тағайындалуы тиіс деп ойлаймын. Дамыған мемлекеттерде қолма-қол төлем мүлде қолданылмайды. Яғни олар мемлекеттен кірісі мен шығынын ешуақытта жасырып қала алмайды. Бізге де сондай жүйе керек», дейді Ғ.Керімбек. Ал С.Жобаевтың пікірі бір үйде тұратын зейнеткерлердің ақысы түгел есептелуі тиіс дегенге саяды. «Кейбір отбасыларда зейнетақы негізгі табыс көзі ретінде пайдаланылады. Егер де бір отбасында екі және одан көп зейнеткер бірге тұрса, олардың табысы күнкөрістің ең төменгі мөлшерінен жоғары болуы мүмкін. Бұл жағдайда отбасы көп балалы болса да жәрдемақы берілмеуін түсінуге болады. Себебі табыс белгіленген мөлшерден жоғары шығады», дейді ол.
Табысты есептеудегі тағы бір даулы мәселе – жеке қосалқы шаруашылықтан түсетін табысты есептеу. Әсіресе бұл шайлық сүтін жалғыз сиырымен айырып, құс асырап күн көріп отырған ауылды жерлердегі отбасылар үшін қиындық туғызып отырған сыңайлы. «Отбасының жиынтық табысын анықтаған кезде жеке қосалқы шаруашылық ескеріледі. Жеке қосалқы шаруашылықтан түсетін табыс Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2009 жылғы 28 шілдедегі №237 бұйрығымен бекітілген Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алуға үміткер адамның (отбасының) жиынтық табысын есептеу қағидаларына сәйкес есептеледі. Қағидаларда ел өңірлерінің климаттық ерекшеліктерін ескере отырып, жеке қосалқы шаруашылықтан түсетін табысты есептеу нормалары айқындалған. Бұл ретте, жергілікті атқарушы органдар жеке қосалқы шаруашылықты табыс көзіне жатпайды деп айқындай алады. Яғни, әкімдіктер өз қалауы бойынша жеке қосалқы шаруашылықтан түсетін табысты ескермеуге құқылы» делінген министрліктің ресми сайтында.
«Құжат қабылданғаннан кейін учаскелік комиссия мүшелері өтініш берушілердің үйіне 1-3 жұмыс күні ішінде барады. Олар алдын ала хабарласып, уақытын келіседі. Тексерушілер өтініш берушілер құжаттарын тапсырғандағы мәліметтерінің рас-өтірігін ғана анықтайды. Егер комиссия отбасын АӘК-ті алуға лайық деп тапса, біз оларға хабарлама жібереміз. Сөйтіп ол бізге келіп анықтамасын алады», дейді Халықты жұмыспен қамту орталығының баспасөз хатшысы Д.Тұрғынова.
Комиссияның жұмысын өз көзімізбен көру үшін Нұр-Сұлтан қаласында тұратын жалғыз басты ананың үйіне қалалық әкімдіктің өкілдерімен бірге бардық. Гүлбану (аты өзгертілді) есімді егіз ұлдың анасы жатақхананың бір бөлмесін паналапты. Ай сайынғы алатын 31 мың теңге жәрдемақысымен күн көріп отырған ол балаларын төрт жасқа келсе де тілі шықпаған соң балабақшаға бере алмай отырған көрінеді. Сүйеуі жоқ әйел үкіметке қол жайып отырғысы келмейтінін де жасырмады. Бар арманы – пайызсыз шағын несие алып, тігіншілік кәсібімен айналысу.
«Біз тәртіп бойынша ғана тексереміз. Яғни 3 күннің ішінде өтініш берушінің үйіне барып, өзі берген ақпараттың сәйкестігін тексеріп, акті толтырамыз. Үшінші күні әкімдікте жиналыс өткізіп, комиссия шешімін шығарамыз. Шешімді Халықты жұмыспен қамту орталығына қайта жібереміз», дейді комиссия мүшесі, Нұр-Сұлтан қаласы Сарыарқа ауданы Ішкі саясат және әлеуметтік сала бөлімінің басшысы Әбдіраxман Дауленбаев.
Алайда, әкімдіктегілердің Айжан атты үш баланың анасына берген жауабы басқаша. Кенже баласы мүгедек жалғыз басты ана баланың ем-домына қаражатты үнемдеу үшін әпкесінің үйіне жақында ғана көшіп барған. Мамандар оның мән-жайды түсіндіргеніне қарамастан, бірге тұратын барлық жанның табысы есептелетінін алға тартып, әпкесінің де табысын Айжанның кірісіне есептейтінін айтқан. Айжанның сұрағына елордадағы кездесу кезінде министр Б.Сапарбаев өзі жауап берді. «Негізінде бір отбасындағы ағайындылардың барлығы есепке алынбайды. Тек әке-шешесі мен балалары ғана саналуы тиіс», деген министр жалғыз басты ананың мәселесін шешуді әкімдік қызметкерлеріне тапсырды.
Нұр-Сұлтан қаласының тағы бір тұрғыны Дариғаның жеті баласы бар. Көп балалы отбасы тек отағасының ай сайынғы алатын 70 мың теңге айлығына күн көріп отыр. «Үлкен балам университетте оқиды. Өзім екі жастағы балама қарап үйде отырмын. 9 сәуір күні Алматы аудандық әкімдігіне барып құжат өткізгенмін. 12 сәуірде комиссия келіп тексеріп кетті. Бірақ әлі ешқандай хабар жоқ», дейді комиссия шешімін күтіп отырған «Алтын алқа» иегері.
Майгүл СҰЛТАН,
«Egemen Qazaqstan»