Экология • 07 Мамыр, 2019

Қырылған балық табиғат құбылысының қайталануы ма, қауіпті ескерту ме?

1695 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Биыл Қостанай – Торғай өңірінде көктем ерте келді. Бірақ ерте көктем құрғақшылықты меңзегендей, шы­ңыл­тырланып, жердің шаңы кө­теріліп тұр. Оның үстіне наурыз­дың аяғы мен сәуір айында өзен-көлдер жаппай мұз құрсауынан арыла бастағанда судың бетіне өлі балық бірге шықты.

Қырылған балық табиғат құбылысының қайталануы ма, қауіпті ескерту ме?

Сарыкөл ауданындағы айдыны 3,5 мың гектар болатын Сары­көлдің бетінде өлі балықтың қал­қып жүргені байқалды. Мұндай кө­рініс Торғайдың төрінен ағып жатқан Қабырға өзенінде де болды. Қостанай қаласының бір ше­тіндегі Тарелочка деген көлшікте, Ұзынкөл ауданындағы Большое Меньшиково көлінде де балық өл­ді. Аспанға құйынмен қамыс ұш­са, «Самарқанды жау алды» деп үдер­гендей, «Қостанайда, Торғайда ба­лық қырылып жатыр» деген ақ­параттар, суреттер әлеуметтік же­ліде, кейбір жергілікті бұқаралық ақ­парат құралдарында пайда болды. Бұл көріністен алғашқыда «Сиаль» ЖШС директоры Виктор Яб­лонскийдің де жүрегі шайлығып қал­ғандай еді. Бірақ қашаннан су жағалап өскен Виктор Николаевич ба­лықтың қырылуын өзінше топшылады. 

– Биыл қыс қарсыз, әрі суық болды ғой. Балық Сарыкөлде қырылған жоқ, көлге жақын жерде Кеңес Одағы кезінде шаруашылыққа пайдалану үшін қолдан жасалған шұңқыр бар,­ аумағы бір гектардай болады. Біраздан қар суы түспей әрі биыл бе­тін қар жаппаған соң, тереңдігі бар-жоғы бір метрдей ғана шұңқырдағы қа­лың мұз астында балықтар от­тегіден ашығып, қырылып қалған. Қар еріп, су жайылған кезде қалқы­ған өлі балықтар көлге өткен. Не­гізі бұл қайталанып тұратын та­би­ғи құбылыс, – дейді Виктор Ни­колаевич. 

Торғайдағы Қабырға өзенінің де бетінде өлі балық қаптап кетті. 

– Аралбай ауылы жағында саяз, өзен­нен бөлінген су бар. Қалың қат­қан мұздан қырылған балық қар ерігенде жайылған сумен өзенге түс­кен, – дейді «Сыма-К» шаруа қо­жалығының жетекшісі Манат Кәр­бозов. Қабырға өзенінен 340 ки­лограмм өлі сазан және торта ба­лықтар сүзіп алынды. Мұның бар­лығынан дер уақытында хабардар болған облыстық орман ша­руашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы, экология департаменті қызметкерлері жедел іске кірісті. Экология департаменті зертханасының қызметкерлері ба­­лық қырылған су айдындарынан, ба­лықтан сынама алды. Нәтижесінде табиғи апаттың саяз суларда мұз­дың қалың қатуына байланысты от­тегінің аздығынан болғанын жаз­ған. Анықтамада Тобыл су бас­сейн­дерінің айдындарында темір эле­менті мөлшерден көбейгені, бірақ ла­бораториядағылар мұның табиғи үдеріс екенін, одан балыққа қауіп бол­мағанын да жазады. Сонымен облыс экологтары берген анықтама бо­йынша, балық қырылуынан кейінгі судың тазалығы нормаға сәйкес, еш­қандай химиялық ластану, ауру тарататын жұқпалы заттар жоқ. Осы­мен жұртшылықтың көңілі орнына түскендей болды, өңірдегі су айдындарында қырылған 400 килограмнан аса өлі балық өртеліп, көзі жойылды. 

Осымен іс бітті ме? Жоқ, қайта су айдындарының экологиясында, балық шаруашылығында өзекті мәселелер бас көтерген сыңайлы. Об­лыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инс­пекциясының бөлім бастығы Та­ңат Смайыловтың айтуынша, Тобыл – Тор­ғай өңірінде өзен-көлдердің бар­лығын қосқанда 8 мыңнан астам су айдыны бар. Оның ішінде 802 көл­де жергілікті маңызы бар балық ша­руашылығын дамытуға болады деп белгіленген. Өңірдегі табиғат пайдаланушы 150 кәсіпкер 228 көлді балық шаруашылығымен айналысу үшін жалға алған, резервте 574 су айдыны бар. 2018-2019 жылдардың күзгі-қыс­қы маусымдарында облыстағы ша­руашылықтар иелігіндегі су ай­дынында мұзға 55373 қыстау шұң­қыры, 1900 шамасында мұз ойықтар жасалған. Ойықтарға 4485 қамыс баулары қойылған, 174 техника тар­тылған, 5,5 мың текше метр су ай­далған. Ал қалған мыңдаған су ай­дындарына күтім жасалмайды, қыста мұзын ойып жатқан еш­кім жоқ. Мамандардың айтуына қа­рағанда, бұл мүмкін де емес. Мы­салы, Сарыкөл ауданындағы «Сиаль» шаруашылығы Сарыкөл кө­лінде қыс бойы шұңқырлар, мұз ойық­тарын ояды. Ал осы көлге іргелес, әлгі балық қырылған қа­зан­шұңқырға қол тигізбейді, өйт­кені шаруашылықтың балансына кірмейді.

– Бізде мәселені түбірінен қа­райтын уақыт жеткен секілді. Об­лыста өткен ғасырдың ортасында жасал­ған мәлімет бойынша, 8 мың ша­масында су айдыны бар. Оның азайып-көбейгенін ешкім білмейді, әлі күнге дейін сол мәліметті көл­денең тартып жүрміз. Ең бастысы, өңір­дегі су айдындарына қайтадан са­нақ жүргізіліп, түгендеп тіркеу ке­рек. Аз болса да, саз болатындай етіп, суы терең көлдерді ғана балық шаруашылығына беру орынды емес пе? Кейбір көлшіктердің тереңдігі 1-1,5 метрден аспайды. Балық шаруашылығына байланыс­ты өзен-көлдерге жасалатын жұ­мыстың барлығы ғылыми көз­қарас тұрғысынан қайта қаралса игі еді, – дейді Т.Смайылов. 

Өткен ғасырдың 50-жылдары еліміздің солтүстік облыстарында тың және тыңайған жерлерді иге­ру кезінде, сайын дала ғылыми негізсіз, соқпаөркеш саясатпен ай­қыш-ұйқыш жыртылды. Табиғатқа жа­салған қатал шабуылға пара-пар сол науқаннан кейінгі жылдары Тобыл өңіріндегі көптеген көлдің ұлтаны құрғап қалғаны белгілі. Мамандар мен әуесқой балықшылар қазір де көлдердің суы тартылып, тұзданып кеткенін жасырмайды. 

– Табиғат қорғауда кейбір заң­дылықтар сақтала бермейді. Егінге жерді жыртқанда соқа көлдерді ке­мінде 500 метр қашықтан айналып өтуі керек. Бұрын осылай ете­тін. Қазір осы 300 метрге дейін ке­­мітілгені былай тұрсын, ереже сақ­талмайды. Ал бұл көлдердің ке­буіне әкеліп соғады, сорланып, тұз­да­натыны да содан, – дейді Виктор Николаевич. 

Табиғат, аңшы­лық, балықшылық туралы қалам тар­татын облысқа белгілі әріптесіміз Анатолий Ер­мо­лович те биылғы балықтың қы­рылуын қардың аз түсуінен, та­биғатта қайталанып отыратын эпи­зодтық құбылыс деп біледі. Бірақ табиғатқа қарсы ісіміздің салдары аз емес екенін де айтады.

– Қостанай – Торғай өңіріндегі көл­дердің 90 пайыз балығы қы­­­рылып тұратын су айдындары қатарына жатады. Өйткені қыс қарсыз, мұздың бетін қар жап­паған, қара суық болған жылдары­ қалың мұз астында ең алдымен шор­тан, алабұға, тұқы, торта ба­лықтары қырылады. Балшық, тұн­баға көміліп қалатын мөңке ба­лық итжандылықпен көктемге же­теді, әйтеуір. Мұның қалай алдын­ алуға болады? Балықтың қы­ры­луынан мелиоративтік балық аулау­ ғана құтқарады. Қазір әуесқой балық­шыларға бес килограмнан ар­тық балық аулатпайды. Ғасырлар бойы су жағалаған аталарымыз, орысы да, қазағы да көлден балық аулап күн көрмеп пе еді? Одан көлдің ба­лығы таусылып қалған жоқ еді. Ал қазір балығы жоқ, суы у татитын бос көлдер жетерлік. Бізде табиғат қор­ғау жүйесі балыққа келгенде тым бюрократ, жедел, тиімді шешімдер қабылдауға қауқарсыз, лимиттік қы­сымы көп, – дейді Анатолий Ермолович. 

Әрине бұл жерде табиғатқа қас­көйлікпен қарайтын, оңай пайда табу үшін балықты электр тогымен қырып салатын немесе техника күшін қолданатын броконьерлерге қарсы тиісті шара туралы әңгіме бө­лек. Сонымен қатар бізде ихтио­лог мамандардың жоқтығын инс­пекция мамандарымен бірге табиғат қорғаушылары да, табиғатқа жа­нашырлықпен қарайтын әуесқой ба­лықшылар да айтып отыр. Елімізде мұндай маманды дайындайтын білім ордасы туралы ақпарат та ес­тілмейді. Жергілікті маңызы бар ба­лық шаруашылығымен айна­лысатын көлдерге мониторинг жүр­гізу әлсіз, бұл тіпті атүсті ғана жүр­гі­зіледі. Көлдерді жалға алып, ба­лық шаруашылығымен айналысып отырған жеке кәсіпкерлердің де су айдынын күтуге, табиғи апаттар­дың орнын толтырып отыруға ма­те­риалдық ресурсы тым жұтаң. Мы­­салы, оларда қажетті техникалар жоқ. 

Адамзатпен қоса табиғаттағы тірі жанның бәрі бір кеменің үстіндегі жо­лаушы іспеттес. Сондықтан көл кепсе, балық қырылса, ол тек табиғат қорғау мекемелерінің ғана шаруасы болуы керек пе? 

– Біз ауа райы болжамын алдын ала біліп отыру үшін «Қазгидромет» РМК облыстық филиалынан мәлі­­мет­тер сұрағанбыз. Бірақ олар бізге қызметтің ақылы екенін айтты. Ал бізде ондай қызмет үшін арнайы қаржы қаралмаған, – дейді Таңат Топышұлы. Осы орайда ғалым-агро­ном, Қазақстанның Еңбек Ері, мар­құм Валентин Двуреченскийдің жыл сайын көктемгі дала жұмыста­ры алдындағы қостанайлық диқандар­дың басқосуында Қостанай – Торғай өңірінде 4 жыл құрғақшылық, бір жыл қарлы, жаңбырлы жыл болып, табиғи циклдың айналып отыратыны туралы айтқаны еске түседі. Мұның өзі диқанға ғана ескерту емес, табиғат қорғау ісінде, оның ішінде су айдындарын қорғау мен пайдалануға деген жаңа көзқарасты та талап ететіндей. Сонда табиғатқа қарсы шаппай, оның ыңғайымен жүргенде балық та, барлығымыз да аман боламыз. 


ҚОСТАНАЙ