Қарағанды вокзалындағы кең ауқымдағы қайта құру жұмыстары аяқталған соң оның жолаушыларды өткізу қабілеті екі жарым есеге артуы тиіс деген болжам бар. Ең бастысы, темір жол қақпасы өзінің көз үйренген қасбетінің тарихи келбетін сақтап қалады. Әлбетте, іші кеңейіп, жабық перрон, эскалаторлар мен жолаушыларға арналған қосымша терминал пайда болады.
Жаңа жобаның вокзалды адам танымастай өзгертетін түрі бар. Мысалы, вокзал үйінің оң қапталына жапсарлас үш қабатты ғимарат салынады. Мұнда билет кассалары, күту залы, медпункт, демалыс бөлмесі, сауда дүңгіршектері, дәретханалар сияқты жолаушыларға қажетті игіліктің бәрі қарастырылады. Мүмкіндігі шектеулі жандар да бұл жерде өздерін жайлы сезінетін болады.
Құрылыс толық аяқталғанда, жаңарған вокзал ішіне 2300 адам сыяды деген болжам бар. Жолаушыларды өткізу қабілеті 8 мың адамға дейін жетеді деп жоспарланған.
Таяуда облыс әкімі темір жол вокзалына арнайы барып, ондағы құрылыстың жай-жапсарымен танысты. Бірден айту керек, мұндағы шаруаның аяқ алысы өңір басшысының көңілінен шықпады. Ең бірінші себеп, құрылысшылар кестедегі белгіленген мерзімнен бір жарым айға кешеуілдеп келеді екен.
Қазіргі уақытта вокзал басындағы құрылысқа 110 адам жұмылдырылған. Ал кестедегі межелі уақытты қуып жету үшін қосымша жұмыс күші қажет. Сондықтан мердігерлер тағы 80 адамды жұмысқа тартуды жоспарлап отырғанын айтты.
– Бұл – біздегі басты нысан! Жылдамдату керек. Бірақ бұл сапаға әсер етпеуі тиіс, – деді облыс әкімі. Сонымен бірге қала әкіміне, құрылыс, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармаларының басшыларына құрылысты күн сайын бақылауды қатаң тапсырды. Ал өзі болса, темір жол вокзалына аптасына бір рет келіп, жұмыс барысын тексеріп отыратынын ескертті.
Қарағанды вокзалын қайта құрумен Нұр-Сұлтан қаласында тіркелген «КамСтрой» ЖШС айналысып жатыр. Мердігер компанияның өкілі Азамат Қажин мәлімдегендей, құрылыс жұмыстары желтоқсан айында толықтай аяқталуы тиіс. Әлбетте, ірі, ауқымды жұмысты қолға алғанда, кейбір майда-шүйде шаруалардан береке қашатыны белгілі. Мәселен, Қарағанды вокзалында қайта құру жұмыстары басталғанда, ең алдымен ғимарат ішінде жолаушыларға түрлі қызмет түрлерін көрсететін жеке кәсіпкерлер зардап шекті. Атап айтқанда, вокзал ішінде екі бірдей тамақтандыру нүктесін жалға алып отырған жеке кәсіпкер Күлнәр Бекжанова амалдың жоқтығынан келісімшартты үзуге мәжбүр болыпты. Кәсіпкердің сөзіне сенсек, үш жылға жалға алу ақысын төлегені өз алдына, вокзалдағы дәмханалардың жөндеуін өзі жүргізіп, әжептәуір сомадағы қаржы жұмсаған. «Алдағы уақытта жағдайдың қалай болатыны белгісіз», дейді шарасыз кәсіпкер. Мұндай күйге душар болған жалғыз Күлнәр ғана емес. Вокзалдан несібесін айырып жүрген басқа кәсіпкерлердің де жағдайы мен көңіл күйі мәз емес.
Дегенмен, қиындыққа тап болған бизнес өкілдеріне жергілікті кәсіпкерлер палатасы көмекке келді. Олар жағдайды жан-жақты зерттеп болғаннан кейін, «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ магистралдық желі дирекциясына бірнеше ұсынысы бар хат жөнелтті. Соның нәтижесінде кеншілер астанасына «ҚТЖ» ҰК» АҚ филиалының вокзал шаруашылығы жөніндегі директорының орынбасары Абай Досанов арнайы келіп, қалыптасқан жағдайдан шығудың нақты жолдарын айтты.
«Біз ұзақмерзімді, яғни үш жылға арналған келісімшарты бар кәсіпкерлерге басымдық береміз. Қалғандарының келісімшарт мерзімі сәуір айында аяқталған соң, конкурс жариялаймыз. Жөндеу жұмыстары кезінде кәсіпкерлермен қысқа мерзімдік келісімшарт жасасу жөніндегі хат басшылыққа жіберілді», деді ол. Ал кәсіпкерлер палатасының жергілікті филиалы жағдайды жіті қадағалап отыратынын мәлімдеді.
Қазіргі таңда вокзалдағы билет кассалары көрші тұрған автовокзал ғимаратының бір бұрышына уақытша көшірілген. Пойыз тосқан жолаушылар болса, аядай ғана жерге сыймағандықтан, автовокзалдың күту залын паналауға мәжбүр. Ал авто-вокзал аумағы жекеменшік телім болғандықтан, оның өз тәртібі бар. Мәселен, аталған нысан жаз айларында таңғы 7.00-ден түнгі 23.00-ге дейін ғана жұмыс істейді. Тіпті соңғы автобустар 21.00-де сапарға аттанатындықтан, автовокзал есігі бұдан ертерек те жабылып қалатын күндер болады. Яғни, мұндай жағдайда пойыз тосқан ағайынның тәртіпке бағынып, автовокзал ішін амалдың жоқтығынан босататыны белгілі. Міне, вокзал басында құрылыс жұмыстары қыз-қыз қайнап жатқан кезде, жолаушылар осындай қиыншылықтарға тап болып жатыр. Әрине, мұның бәрі уақытша екені белгілі. Ал әзірге ондаған жылдар бойы күрделі жөндеу көрмеген Қарағанды вокзалы қайта түлегенде, мұның бәрі де бір көрген түстей өте шығар деп көңілді жұбатқаннан басқа амал жоқ.
ҚАРАҒАНДЫ