Аймақтар • 07 Мамыр, 2019

Кеңес мүшелері ауыл кәсіпкерлерімен кездесті

952 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Маңғыстау облысының Шетпе ауылында МО «Атамекен кәсіпкерлер палатасы жанындағы Өңірлік кеңестің көшпелі жиыны өтті. Бұл туралы аталмыш аймақтағы кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі хабарлады.

Кеңес мүшелері ауыл кәсіпкерлерімен кездесті

- Басқосуға жиналған ауыл кәсіпкерлері өзекті мәселелерін ортаға салып, оның шешілу жолдарын тиісті мамандардан сұрады. Іскерлердің көпшілігін бизнесті дамытуға қажетті несие алудың қиындығы толғандырады екен. Әсіресе, өңірдегі 1% несие беретін "Нұр капитал" бағдарламасы қаражатының қол жетімсіздігі тақырыпқа тұздық болды, дейді баспасөз хатшысы Ж.Әбіл.

-Мен халықаралық тас жолдан шәйхананың құрылысын бастадым. Енді ішкі жұмыстары мен құрал-жабдықтарға 10 млн теңге несие қажет болып тұр. «Нұр капитал» бойынша несие алайын десем, кепілге Ақтаудан 3-4 бөлме үй қоюымды сұрайды. «Атамекеннің» несиесі 6 млн теңге, аздық етеді. Кәсібімді бастап кетсем 5 адамды жұмыспен қамтып, отбасымды асырайтын едім. Мамандардан осының шешу жолдарын сұрап, кеңес алдым, дейді кәсіпкер Мереке Ахметов.

Бұл бағдарлама бойынша несие тапсырған аудандағы 20 кәсіпкердің де жай-күйі осындай. Шарада ауылшаруашылығы саласына аса қажет су мәселесі де қозғалды. Маңғыстау ауданы әкімінің орынбасары Т.Қылаңовтың айтуынша, ауылшаруашылығын суландыру мақсатында 2007 жылы 7, 2018 жылы 13 құдық қазылды. Тереңдігі 100 метрден асатын құдықтарға 80/20 бағдарламасымен субсидия берілетін еді. Соңғы жаңалықтарға орай тек 100 метрге дейінгі құдықтар қаржыландырылады. Осы үлкен мәселе болып отыр. Үстіртте 100 метрге дейін су шығады, ал ойда 300 м, Бозащы түбегінде 700 м тереңнен ғана су шығады. Бұл суға тәуелді шаруаларға кедергі бюолып отыр.

Маңғыстау ауданында 3 мыңға жуық кәсіпкер бар. Олардың дені мал шаруашылығы саласын өркендетіп отыр. Өңірлік кеңесте қозғалған түйінді мәселелер шешілсе, кәсіпкерлік саласының дамуы арта түсер еді, дейді шаруалар.

-Жуық арада әкімдердің рейтингін жасауды қолға аламыз. Бастапқы кезеңі тест түрінде өткізілді. 17 бағыт бойынша жұмыс сапасы сараланады. Кәсіпкерліктің дамуы, жер мәселесі т.б.бойынша аудан әкімдерінің рейтингі анықталып шығады. Одан әрі республикалық көлемде жүзеге асырылмақ. Жобалық офисті құрып отырмыз. Барлық елді мекендегі кәсіпкерлердің өнімдерін әрі қарай тұтынушыларға өткізу жолдарын қарастырамыз. Елбасы өңдеуші өнеркәсібін қолдауға 600 млрд тг жұмсау, оны жүзеге асыру үшін «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы жасақталды. Ауыл кәсіпкерлері мен әкімдеріне осы жайттарды жиналыста толық түсіндірдік, дейді Өңірлік кәсіпкерлер палатасының директоры Нұрбек Қарасаев.

Одан әрі ауыл кәсіпкерлеріне «Atameken Services» онлайн қызметі арқылы үйде отырып-ақ барлық маңызды қызметтерді пайдалану қажеттігі турасында ақпараттандыру жұмыстары жүргізілді. «Атамекен» микроқаржы ұйымы, «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қоры мен екінші деңгейлі банк өкілдері де шаруаларға тиімді шарттарды түсіндіріп берді. Ауыл кәсіпкерлері ауқымды шараның алда да жиі өтуіне тілектестік білдірді.