Аймақтар • 08 Мамыр, 2019

Түркістан облысының әкімі соғыс ардагерлерін құттықтады

1268 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Түркістан облысы бойынша екінші дүниежүзілік соғысы ардагерлері және оларға теңестірілгендер саны – 12 849, оның ішінде 63-і соғысқа қатысушылар мен мүгедектер, 3-і қаза тапқан жауынгерлердің жары және 9445 тыл ардагері бар. Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев Ұлы Жеңістің 74 жылдығы қарсаңында ардагерлердің үйіне барып арнайы құттықтады.

Түркістан облысының әкімі соғыс ардагерлерін құттықтады

Ұлы Отан соғысының ардагері Әбжаппар Дайрабайұлы 1927 жылы 1 қаңтарда Сыр бойындағы Тартоғайда дүниеге келген. 1943 жылы майданға алынып, Беларусь, Украинада, Польшаны азат етуге қатысқан. «Ұлы Отан соғысы» орденімен, «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған. Елге оралғаннан соң ұстаздық еткен. Ардагер 3 қыз бен 2 ұлдан 6 немере тәрбиелеп отыр. Әбжаппар Дайрабайұлын мерекемен құттықтап, хал-ахуалын білген облыс әкімі Ұлы Отан соғыс ардагері Немет Абдрасиловтың шаңырағында болды. Немет қария 1922 жылы 1 қаңтарда Түркістан қаласында дүниеге келіп, соғыс жылдары 1-гвардиялық артиллериялық дивизия құрамында нысанашы, зеңбірек командирі болған. Украина, Белоруссия майдандары мен Сталинград, Курск шайқастарына қатысқан. І дәрежелі «Отан», ІІ және ІІІ дәрежелі «Даңқ» ордендерімен, екі «Қызыл Жұлдыз» орденімен, «Германияны жеңгені үшін», «Берлинді алғаны үшін», «Варшаваны азат еткені үшін» медальдарымен марапатталған.  Ардагер 5 ұл мен 1 қыздан 20 немере, 18 шөбере сүйіп отыр. Облыс әкімі ардагерлердің соғыста көрсеткен ерлігін бүгінгі ұрпақтың қамы үшін жасалғандығын айтып, сый-сияпат жасады. Батырларға деннің саулығын, ғұмырдың ұзақтығын тіледі.

Айта кетелік, мереке қарсаңында облыстың барлық аудандар мен қалаларында жергілікті бюджет есебінен Ұлы Отан соғысына қатысушыларға 100 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, яғни 252 500 мың теңгеден, оларға теңестірілген азаматтарға 5 АЕК (12 625 теңге) мөлшерінде біржолғы материалдық көмек беріледі.

Түркістан облысы