Саясат • 08 Мамыр, 2019

Баспаналы болудың мүмкіндігі артты

1063 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Елімізде 340 мыңға жуық көп балалы отбасы бар, олардың ішінде 31 мыңнан астамы баспанаға мұқтаж ретінде әкімдіктердің кезегінде тіркелген. Бұл туралы кеше Үкіметтің баспасөз орталығында өткен брифинг барысында Индустрия және инфрақұрылымдық даму бірінші вице-министрі Қайырбек Өскенбаев айтты.

Баспаналы болудың мүмкіндігі артты

Жыл сайын көп балалы отбасылар үшін жалға берілетін тұрғын үй салуға және сатып алуға өңірлерге 50 млрд теңгеден бөлу көзделген. Сөйтіп әр жылда 6 мың көп балалы отбасыны баспанамен қамтамасыз етілмек. Жоспар бойынша 2025 жылға дейін — 40 мың көп балалы отбасы жалдамалы тұрғын үймен қамтылады.

̶  Биылғы 1 мамырда 249 баспана берілді. Мамырдың 7-сі күні Семей және Өскемен қалаларында көп балалы отбасыларға 10 пәтер берілді. Биылғы мамыр айының соңына дейін барлық қаржы көздері есебінен 1200-1300 көп балалы отбасыны тұрғын үймен қамтамасыз ету жоспарда бар. Бізде баспана берудің арнайы кестесі бар. Мәселен, 9 мамырда Батыс Қазақстан облысының, Шымкент қаласының көп балалы отбасыларына пәтерлердің кілттері табысталады. 25 мамырда Атырау облысы мен Алматы қаласында беріледі, - деді Қ.Өскенбаев.

Бұған қосымша биылғы маусым айында «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ арқылы көп балалы, толық емес отбасыларды, сондай-ақ мүмкіндіктері шектеулі балалары бар отбасыларды жеңілдікпен несиелендіруді бастау жоспарланған. Бұл займдар жылдық 2% мөлшерлеме бойынша, 20 жылға дейінгі мерзімге, бастапқы жарнасы 10%-дан бастап беріледі. Бастапқы жарнаның бір бөлігі тұрғын үй сертификатымен жабылуы мүмкін. Аталған тетікті іске асыруға үш бір жыл ішінде 150 млрд теңге бөлу көзделген. Бұл жыл сайын 6 мың займ беруді қамтамасыз етеді, 25 жылдың ішінде 56 мың займ берілетін болады.

Сондай-ақ, Қ.Өскенбаев «Алтын алқа», «Күміс алқа», «Батыр Ана» атағын алған көп балалы отбасылар мен аналар жеке санатқа шығарылып, оларға бірінші кезекте тұрғын үй алу құқығын беру заңнамалық түрде бекітілгенін айтты.

̶ Көп балалы отбасыларға тұрғын үй беру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстың алғашқы нәтижелері осындай. Біз бұл жұмысты тұрақты бақылауға алдық. Елбасының көп балалы отбасыларды тұрғын үймен қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасы толығымен орындалады. Бүгінде баспана алуға кезекте тұрған көп балалы отбасылар 2025 жылға дейін мемлекеттен тұрғын үймен қамтамасыз етіледі. Осы жылдың өзінде 12 мың отбасы өздерінің пәтерлеріне орналасады (барлық қаржы көздері есебінен – 6 мың, Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы жеңілдікпен несиелендіру есебінен – 6 мың). Осылайша, 3-4 жыл ішінде тұрғын үйге мұқтаж көп балалы отбасылардың мәселесін толығымен шешеміз деп жоспарлап отырмыз, - деді Қ. Өскенбаев.

«Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ басқарма төрайымы Ляззат Ибрагимованың айтуынша, баспана алуда көп балалы отбасыларды қолдауға бағытталған «Бақытты отбасы» атты жаңа бағдарлама іске қосылған.

̶ Бұл жоба Елбасының «Nur Otan» партиясының XVIII съезінде берген тапсырмасына сәйкес, «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында іске қосылып отыр. Бағдарламаға 4 және одан да көп балалары бар көп балалы отбасылар, кәмелеттік жасқа толмаған балалары бар толық емес отбасылар, мүмкіндігі шектеулі балалары бар отбасылар қатыса алады. Аталған несие аясында жаңадан салынған немесе екінші нарықтағы дайын үйлерді сатып алуға болады,- деді Л.Ибрагимова. Айта кетергілі аталған бағдарламаға бір адамға шаққанда табысы (жалақысы) 42 500 теңгеден аспайтын отбасылар қатыса алады. Мәселен, егер отбасы 6 адамнан тұрса, онда олардың жалпы табысы 255 мың теңгеден аспауы қажет. Пилоттық жоба аясында әкімдікте кезекте тұрған көп балалы отбасылар жаңадан салынған үйлерден пәтер сатып алуға жылдық 2%-бен, бастапқы жарнасы 10%-ды құрайтын несие ала алды. Бүгінгі таңда 344 өтінім берілген. Оның 330 өтінімі мақұлданды. Бүгінде екі отбасы несиелік келісімшартқа қол қояды. Бұдан өзге, Алматы қаласының әкімдігі несиені рәсімдеуге кіріскен көп балалы отбасылардың депозиттеріне 1 млн теңгеден 44 тұрғын үй сертификатын аударды.

̶ Бұл – ең алдымен аз қамтылған отбасылар. Біздің міндет – несие бойынша төлемді шама жетерліктей ету. Сондықтан да максималды сома ретінде 15 млн теңге белгіленді. Алғашқы 8 жылда төлем 76 мың теңге болады,- деді Л. Ибрагимова. Сонымен қатар, ол үлкенірек пәтер алғысы келетін отбасылар сатып алу құқығынсыз жалдамалы баспана ала алатынын айтты. Бүгінде 6 мың пәтер тек көп балалы отбасылар үшін сатып алу құқығынсыз жалдап тұруға арналып салынуда.