Ұлы Жеңіске өлшеусіз үлес қосқан қазақстандықтар ата-бабалардың ерлігіне лайықты құрмет көрсетіп, тағзым етіп келеді. Бұл ретте елімізде көптеген қоғамдық-мәдени шаралар ұйымдастырылады. Соның ішінде күн санап қатары сиреген әр ардагердің денсаулығын күтуіне, оларға әлеуметтік қолдау көрсетуге бағытталған жұмыстардың орны ерекше. Осы орайда жергілікті атқарушы органдар ардагерлерге құрмет көрсету бойынша іс-шаралар жоспарын әзірлеп, жыл сайын бюджеттерінің мүмкіндігіне қарай біржолғы ақшалай төлем мөлшерін дербес белгілейтіні белгілі.
Біржолғы төлем беріледі
Айталық, елімізде ең үлкен қаражат – 542 мың теңгені Шығыс Қазақстан облысында тұратын ардагерлер алады. Бұл өңірден еліміздегі ең көп, яғни 100-ден астам Кеңес Одағының Батыры шыққан болатын. Ал Нұр-Сұлтан қаласында – 519 мың теңгеден алады. Айта кету керек, биыл Алматы қаласы әкімдігі ардагерлерге берілетін бір реттік төлемді екі есеге арттырып, 500 мың теңгеден беру туралы шешім қабылдады.
Сол сияқты Ақмола және Павлодар облыстарында ардагерлер шамамен 500 мың теңгеден алса, Қарағанды, Атырау, Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстарында төлем 300 мың теңгені құрайды. Маңғыстау, Солтүстік Қазақстан және Түркістан облыстарында, сондай-ақ Шымкент қаласында шамамен 250 мың теңге қарастырылған. Қызылорда облысында 202 мың теңге, Қостанай және Жамбыл облыстарында 150 мың теңгеден беріледі.
Сонымен қатар Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау
министрлігі биыл Ұлы Отан соғысының қатысушысына және әр мүгедекке кем
дегенде 300 мың теңгеден төлеуге кеңес берді. Ал Ленинградта қоршауда
болған тұрғындарға жалпы сомасы 3,4 млн теңге (69 адам), концлагерьлердің
жасы кәмелетке толмаған бұрынғы тұтқындарына 14,5 млн теңге (283 адам),
қайтыс болған ҰОС мүгедектерінің жұбайларына 79,1 млн теңге (4 179 адам),
ҰОС кезінде қаза болғандардың жесірлеріне 11,5 млн теңгеге (364 адам), тыл
еңбеккерлеріне 1,3 млрд теңге (67 479 адам) және ҰОС қатысушылары мен
ардагерлеріне теңестірілген басқа азаматтарға 676 млн теңге
(15 066 адам) қарастырылған. Бұл санаттағы тұлғаларға түрлі біржолғы
төлемдер тиесілі.
Шипажайда емделеді
Сондай-ақ соғыс мүгедектерін бірінші кезекте шипажайлық-курорттық емдеумен, протездік-ортопедиялық бұйымдармен, протездеу бойынша медициналық қызметтермен, сурдоқұралдармен және басқа да компенсаторлық қосалқы құралдармен, міндетті гигиеналық құралдармен, кресло-арбалармен және дәрілік заттармен қамтамасыз ету жоспарланған.
Жалпы айтқанда, Жеңістің 74 жылдығына орай Ұлы Отан соғысының 88 862 ардагеріне 2,6 млрд теңгеден астам сомаға бір жолғы материалдық көмек көрсетіледі.
Пойызда тегін жүреді
Тағы бір айта кетерлігі, жуырда «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры «Жолаушылар тасымалы» АҚ-мен біріге отырып, Ұлы Отан соғысы мен тыл ардагерлеріне теміржолда тегін жүру акциясының өтіп жатқанын хабарлады. Бұл акция «Жеңіс» республикалық әлеуметтік-қайырымдылық жобасы аясында ұйымдастырылды. Акция шарттарына сай ардагерлер «Жолаушылар тасымалы» АҚ-ға қарасты барлық бағыттарда және компанияның ТМД аумағына жүретін пойыздарында тегін жүре алады. Оларға барлық вагондарда купе және «Тұлпар-тальго» вагондарында «Турист» пен мүгедектерге арналған арнайы орындар қарастырылған. Ұйымдастырушылардың айтуынша, сапар барысында ардагерлерге тегін тамақ беріледі. Бүгінгі таңда бұл жоба еліміздің 35 қаласында жұмыс істейді. Толық ақпаратты zhenys.kz сайтынан алуға болады.