– Осыдан бірнеше жыл бұрын баладай мәпелеп күткен фатсия өсімдігінің тұңғыш рет гүлдегенін жұртшылық болып тамашалаған едік. Халық арасында «қара ағаш» деген атпен танымал оның көшеті осыдан жарты ғасыр бұрын Вьетнамнан әкелінген болатын. Фатсияның діңінен дайындалған қағаздың сапасы әйгілі папирустан кем емес.Ерте замандағы дипломатиялық хаттар мен Құран Кәрім сүрелері осыдан жасалғаны аз айтылмайды. Алғашқы жемісінің дәмі әлі аузымнан кетпейді, – дейді өткеннен суыртпақтап сыр шерткен ол.
Ал анар ағашының гүлдеу сәтін оранжерея қызметкерлері 10 жыл бойы күтіпті. Олардың айтуынша, анар субтропикалық жеміс болғандықтан, өте кірпияз. Бірақ бақтың бас агрономы Р.Рязапов теріскейде жерсіндіруге тәуекел етіп, алты түбін Германиядан алдырыпты. Жақсы күтімнің нәтижесінде көшеттің екеуі өсіп, өніп, биыл бірінші рет бүршік жарды. Оларды ғылыми мамандар жасанды жолмен тозаңдандырып, нәтижесі күткендегіден де асып түскен. Сөйтіп түйнектей жеміс сала бастапты. Енді жаз маусымының аяғына қарай балбырай пісуін асыға тосып жүр.