«Аға, менің бес ұл-қызым бар» дегенде талай сұраулы сөздер тамағыма тығылып қалғандай күй кештім. «Қалай?» дей жаздаппын. Олай ойлайтыным Алтынайдың үрімдей жастығы емес пе. Ол да ойымды түсінгендей: «Мен басымды құраған емеспін, бірақ Жаратқанның құдіретімен бес ұл-қызды бауырыма басып жүрген жанмын» деп күлді.
Әңгіменің тиегі содан кейін барып ағытылды. Алтынай – Қаратау қаласының аяулы қыздарының бірі. Осы жерде мектеп бітіріп, Жамбыл қаласындағы педагогикалық институтты тәмамдаған соң, химия пәнінен мектепте ұстаздық еткен. Тағдыр оны Талас аудандық білім бөліміндегі кәмелетке толмаған балалардың құқығын қорғау жөніндегі маманы жұмысына апарып жеккен соң, оның өмірінде күрт өзгерістер басталды. «Өзінің білесіз, – дейді Алтынай, – біздің комиссияға тағдыр талқысына түскен небір балалар келіп жатады. Әке-шешелері араққа салынып, ақырында балалары қараусыз қалып, көше тентіреп кететіндері де кездеседі. Иә болмаса, отанасы қайтыс болған соң екінші мәрте бас құраған отағасының әйелі өгей балаларға өктемдік жасап, өмірлерін өксітеді. Сондағы ең соңғы шара – ата-аналарын бала тәрбиелеу құқынан айырып, көген көздерді Меркі ауданындағы, иә болмаса Тараздағы балалар үйіне апарып өткізу құзыреті маған жүктелген. Шыны керек, алғашқы кезде әлгі балалардың жан дүниесіне үңілмей Балалар үйіне өткізгенді ғана білуші едім. Алайда, жүре келе, біле келе әлгі балаларды Балалар үйіне апарғанымда: «Мен бұл үйде тұрмаймын» деп өксігендерін көріп, өзегім өртенетінді шығарды. «Апатай, бізді қайта алып кетіңізші!» деп зар жылағандарын көріп, көзіме жас үйірілді. Келер жолы тағы сол сияқты балдырғанды Балалар үйіне апарғанымда әлгі үйелмелі-сүйелмелі ағайынды бесеуін тәрбиеге көнбеді деп, тәртібі қатаңдау орталыққа жібергелі жатқанын естіп, жаным күйзелді. Солардың ең кішкентайы маған жабысып, айырылмай қалғанын қайтерсіз... Балалар үйінің басшысына жолығып, әлгі бесеуін нағашы апасының тәрбиесіне берейік деп өтіндім. Обалы не керек, олар өтінішімді жерге тастамады. Сөйтіп бес мұңлықты Қаратауға алып қайтып, нағашы апасына табыстадым. Қанша дегенімен қаны емес пе, бауырына басып, аналық махаббатын төккен шығар деп жүргенмін. Бір күні әлгі кейуана «Әй, қарағым, мыналарың менің тәрбиеме көнетін емес, қайтадан Балалар үйіне өткіз» деп телефон шалды. Барсам, балалардың үсті-басы кірлеген, жүздері солғын, жүдеу, жазған құлда шаршау жоқ деп байғұстарды қайтадан Таразға алып бардым. Сенесіз бе, жолда олармен шүйіркелесіп отырып, бір құдіретті күштің бойыма аяушылық сезімін ғана емес, аналық махаббатты дарытқанын байқадым. Балаларды тапсырған соң, әкем Бекбота, анам Күмісайға жайлап қана: «Папа, мама, бес ұл-қызды асырып алсақ қайтеді?» деп айтып көрдім. Тосыннан қойылған сауалға олар да тосылып қалғандай. Біз өзіміз бес ағайындымыз. Үлкені мен, қалғандары ұл балалар. Оның үстіне бай-бақуатты да емеспіз. Қоңырқай тірлік кешіп жатқан отбасымыз. Әкем мен анама байлық бітпесе де имандылық бойларына дарыған жандар еді. Көп ойланбай «өзің қиналып қалмасаң, біз қарсы емеспіз» деді. Ол кісілердің батасын алған соң қамқоршылық кеңесі арқылы бес ұл-қызды үйге әкелдім. Отбасымыздың бірден он адамнан асып кетуі әрине, тұрмысымызға әжептәуір салмақ салды. Оның үстіне мен тұрмыс құрмағандықтан оларды өз тегімізге тіркетуге де құқымыз жоқ болып шықты. Бірақ Алланың нұры жаусын, әке-шешем банктен несие алып, үш бөлмелі пәтер алып берді. Сөйтіп мен Жаратқанның жазуымен көп балалы ана болып шыға келдім. Содан бері бесінші жыл. Үлкен қызым Дилназ мені мама дейді. Ал оның інілері Досжан, Ерназ, Нұрдәулет, Іңкәр әпкелері не десе көргенін істемей ме. Мемлекеттік қызметте жүрсем де, жұмыс уақытында бесеуінің тілеуін тілеп, жүрегім елжіреп отырады. Алладан солардың амандығын тілеп, оқытып, отау құрғандарын көрсем деймін.
Алтынай іштегі сырын жайып салып, жадырай күлді. Ойыма: «Отбасын құрмайсыз ба?» деген сауал келіп, көкірегіме кептеліп қалды. Айтпадым, батпадым. Ол да ойымды түсінгендей қалып танытып: «Аға, ең алдымен балаларымды бақытты етсем деймін» деп тағы бір сырын ашты. Қыз басындағы махаббатын аналық махаббатқа тәрк еткен, бұл не деген қайсар жан!
Ұлыстың ұлы күні қарсаңында Алтынай Бекботақызымен хабарластым. «Аға, мен сияқты тағы бір ана бар» деді. Құлақ түрдім. Жүрегіне иман ұялаған ол ана Бөлтірік шешен ауылындағы Айнұр Көшенова деген аяулы жан екен. Ол да бес ұл-қызды бауырына басқан. Осыдан үш жыл бұрын Қаратау қаласының тұрғыны Уляна Ким туралы жазғаным бар-ды. Балалар үйінде тәрбиеленген ол корей жігітіне тұрмысқа шығып, үш ұл-қызды дүниеге әкеліп қана қоймай, балалар үйінен бес баланы асырап, әрі Оңтүстік Кореяға жұмыс іздеп кеткен қайынбикесінің үш перзентін, барлығы 11 баланы асырап отырған нағыз батыр ана. Мейірімділік азайған мына заманда ұлтымыздың ұл-қыздарын жылатпай бауырларына басқан бұл аналарға қандай құрмет те лайықты. Осыны да ойлайтын уақыт жетті. Елбасымыз Балалар үйі болмасын, тағдыр талқысына түскендерді асырап алып, адамшылығымызды көрсетейік деп ылғи да айтып жүр. Меніңше, бала асырап алғандар жөнінде ерекше заң қабылдайтын заман жетті.
Сәулембай ӘБСАДЫҚҰЛЫ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі