Қазақстан • 09 Мамыр, 2019

Қаһармандар есімі халқымен қауышады

1481 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Кеше Nur Otan партиясының Орталық аппаратында «Отан қор­ғаушы» мерекесіне байланыстырылып, «Ұмытылған қаһар­ман­дар» атты жаңа кітаптың тұсаукесері өтті. Бұл еңбекке Ұлы Отан соғысында ерлігімен көзге түсіп, жоғары наградаларға ұсы­ныл­ғанымен, түрлі себептерге байланысты тиісті марапатына қол жеткізе алмаған батырлар туралы мәліметтер жинақталған.

Қаһармандар есімі халқымен қауышады

Кітаптың және жобаның авторы, белгілі қоғам қайраткері Берік Әбдіғалиұлы. Жаңа еңбек Nur Otan партиясының «Ардагерлерді ардақтайық» жобасы аясында және «Қаһармандар» қорының қол­дауымен жарық көрді. Сал­танатты рәсімге партия Төра­ғасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев, белгілі мем­лекет қайраткері, Халық Қаһар­маны Мұхтар Алтынбаев, «Қаһар­мандар» қорының директоры, бел­гілі қоғам қайраткері Сабыр Қа­сымов, Мәжіліс депутаты Ба­қытбек Смағұл және т.б. қатыс­ты. Іс-шараны белгілі журна­лист, көрнекті қаламгер Нұртөре Жүсіп жүргізіп отырды. Басқо­суда кітапқа есімі енгізілген Мінай­құл Сағындықовтың ұлы Марат Сағындықов та қатысты.

Nur Otan партиясы Төра­ға­сы­ның бірінші орынбасары М.Әшімбаев жобаның басты мақ­саты ұмыт қалған ардагер­леріміздің есімдерін дәріптеп, олардың ерліктерін болашақ Отан қорғаушыларға таныстыру екенін айтты. «Осы игілікті ісі­міз арқылы біз жас ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеуді мақсат тұттық. Кезінде өздері көре алмай кеткен құрмет пен марапатты бүгінгі ұрпақтарына көрсетіп, аталарымыздың ерліктерін дәріптеуді көздедік, деді ол. Өзінің сөзінде кітапты құрастырушы Берік Әбдіғалиұлы оны «Забытые Герои. Герои Советского Союза» атты жинақтың жалғасы деп қабылдауға да болатынын жет­кізді. Осы еңбекте Кеңес Одағы­ның Батыры атағына ұсынылған 133 майдангер туралы мәліметтер ен­гізілген. Олардың көпшілігі жаяу әскер. Алайда ерен ерлік көр­сет­се де, талай ерлер лайықты мара­патын ала алмаған, дей келіп Берік Әбдіғалиұлы соғыс жыл­дарында 497 отандасымыз Кеңес Одағының Батыры ата­ғына ие болғанын, алайда ұсы­ныл­ғандардың саны бұдан әлдеқайда көп екенін айтты. «Өкінішке қа­рай, көптеген жауынгерге қаhарман атағы қай­тыс болған соң берілді. Ресей, Бе­ларусь, Ук­раина және басқа да Еуропа ел­дерінде мыңдаған бел­гісіз және аты сақталмаған жас батыр­лар мәңгілікке қалды. Соғыс алаң­дарында іздестіру жұмыстары әлі күнге дейін жалғасуда. Біздің әр батырымыз есте сақтауға, құр­мет көрсетуге лайық. Олардың есім­дері ешқашан ұмытылып кет­пеуі керек. Себебі олардың әрқай­сысы нағыз қаhaрмандар», – деді Берік Әбдіғалиұлы. Автор бұ­лардан басқа сегіз бірдей отанда­сымыздың екі рет Батыр атағына ұсынылғанын тілге тиек етті. Олардың екеуі капитан Сағадат Нұрмағамбетов пен Сейітхан Темірбаев. «Олардың арасында саперлер – қатардағы жауынгер Құдайберген Жансеріков және аға сержант Мінайқұл Сағындықов, атқыштар ротасының командирі, лейтенант Қабыш Көктаев, 248 жаудың көзін жойған мерген, аға сержант Зейтін Байжанов және майор В.Гутов пен лейтенант В.Гу­товский бар», деді ол.

Республикалық «Қаһар­ман­дар» қоғамдық қоры мұндай бастаманы әрқашанда қолдайды және бүгінгі «Ұмытылған қаһармандар» кітабының «Отан қорғаушы» күні мерекесінің қарсаңында Nur Otan партиясының бастамасымен өткізіліп отырғанына ризашылығымды білдіремін, деді өзінің сөзінде Сабыр Қасымов. «Бұл Тұңғыш Президентіміз, Ел­басының ұлттық сананы жаң­ғырту және қоғамымызды руха­ни-патриоттық тұрғыдан өрле­ту бағытындағы саяси бағытын іске асырудың айқын көрінісі деп білемін. Ақталмаған қаһар­ман­дардың есімдерін ақтау, олар­дың ерлігі мен жарқын есім­дерін халыққа оралту және бү­гін­гі ұрпақты патриоттық рух­та тәрбиелеу мақсатымен құрыл­ған «Қаһармандар» қоры бұл жұ­мыс­қа қолымыздан келген көмегімізді жасадық», деді өзінің сөзінде Сабыр Қасымов.

Сөйтіп, қаһармандар есімі «Отан қорғаушы» күнінде бір жаңғырды.