Алға адымда, алғадай азамат!
Жұма, 8 ақпан 2013 7:46
Зырлап өтіп жатқан уақыт-ай десеңізші! Күні кеше ғана еді. Жоғарғы Кеңеске бір топ адамдардан хат түсті. Шет елдерден көшіп келгендер екен. Туған елдеріне оралғандарына қуаныштары қойнына сыймайды. Алайда, балаларын оқытуда уақытша көріп отырған қиындықтарын айтады. Білім министрлігіне жібердік. Көп кідірмей, жауап келді. Мейлінше, егжей-тегжейлі жазылыпты.
Жұма, 8 ақпан 2013 7:46
Зырлап өтіп жатқан уақыт-ай десеңізші! Күні кеше ғана еді. Жоғарғы Кеңеске бір топ адамдардан хат түсті. Шет елдерден көшіп келгендер екен. Туған елдеріне оралғандарына қуаныштары қойнына сыймайды. Алайда, балаларын оқытуда уақытша көріп отырған қиындықтарын айтады. Білім министрлігіне жібердік. Көп кідірмей, жауап келді. Мейлінше, егжей-тегжейлі жазылыпты. Мәселемен шындап шұғылданып жүрген адамның қалам саптасы. Аяқ жағында ебін тауып бізді де қағыта кетіпті. Хат жазғандардың көбі Түркіменстан мен Қарақалпақстаннан екен. Шамасы, іші бұрып отыр деп ойласа керек. Әлгі ағайындардың қиналып жазған жайттарын өздерінің де түсінетіндігін, қолдарынан келгенше көмектесіп жатқандарын айтыпты. Емеурінін түсіне қойдым. Күліп жібердім. Жауапты кім жазғанына қарадым. «Министрдің орынбасары Б.Сапарбаев» депті.
Ол кезде жаңа сайланған Парламенттің бабында тұрған уағы. Күнара Үкімет мүшелерін шақыртады да жатады. Кезек Білім министрлігіне келді. Министр бастаған барлық басшылар алдыңғы қатарға келіп жайғасты. Ішінде біреуінің өңі бейтаныстау көрінді. «Шамасы, Сапарбаев осы-ау!» деп ойладым. Тіптен жас екен. Тығыршықтай ақсары жігіт. Дүрсе қоя берген депутаттардың қарша бораған қатыгез сауалдарын үнсіз тыңдап отырды. Сыр білдірген жоқ. Өзіне өзі сенімді. Әлденелерді қағазына түртіп алып, сұрақ түсе қалса, жауап беруге әзір отыр.
Аз уақыт өте Қызылорда облысында әкім ауысты. Арал теңізінен бастап, бәрі құрғап, бәрі қирап жатқан өңірге өзге адам табылмағандай қаршадай жігіт тағайындалғанын сан-саққа жүгіртушілер де табылды. Сол кезде жол-жөнекей менің де Қызылордада болғаным бар. Бұрын да кем-кетігі көп қаланың тіптен азып кеткен тұсы екен. Мейманханасы аңғал-саңғал. Терезесін ашып қойсаң, ауыздарын арандай ашып, анталаған маса тап береді. Жауып қойсаң, қапырықтан өліп барасың. Таң атқанша көз ілмей шықтық. Жуынатын суы да жоқ. Тот басып кеткен темір түтіктерден қоймалжың бірдеңе ағады. «Ай, бұл Қызылорда Бердібектің шашын әлі талай ағартады ғой», – деп ойладық ішімізден. Өзі қалада жоқ екен. Әлдебір апатты жағдай шығып қалып, аудандардың біріне кетіпті.
Көшеге шықсаң, қайдағы бір қоқыр-соқырдың бәрі қалықтап аспанда жүр. Бұрқыраған жел әрі ұйтқытып, бері ұйтқытып, ақырында сиқы кеткен сым бағандарға апарып қондырады. Бір топ бала әлдебір домалақты доп қылып теуіп, өзара шуылдасып ойнап жүр. Көңілге үміт оятатын тек сол бір көңілсіздеу көрініс қана. Есі кеткенше ойнап, тәтті ұйқыға шомуды аңсайтын балалық қиял әлі бар екен. Сол бар жерде ештеңе өлмейді. Бәрі де өзгереді, бәрі де түзеледі.
Алқымнан қысқан ауыр сезім аздап жеңілдегендей болды. Келеңсіздіктерге белшесінен батқан қала қоңырайып қалып барады. Шамалыда оны мынау ойсыраған мешеу халден ешкім ажырата алмастай көрінген. Жоқ, онымыз бекершілік екен. Көп ұзамай, жағдай өзгере бастады. Қызылорданың атына баспасөз бетінде жылы сөз айту жиіледі. «Қолда өскен тайлақтың бота аты қалмайды» дегендей, Бердібек сол кездегі әкімдердің ең жасы болғандықтан, жұртшылық тарапынан бірден ықылас таба алар ма екен деген күдік сейілді. Жаңақорғанда туып-өскен жас жігіт күні-түні бір мігір таппады. «Кіндік қаны тамған өлке ғой. Өзімдікі дегенде өгіз қара күшім бар деген осы ғой. Сыр бойының шаңдағына белшесінен батып өскен жігіт қой. Жан-жағынан анталап, жабысып баққан қалың шеңгеліне малтығып, көміліп қалмай, шықты ғой суырылып!» деп сүйсіндік.
Сөйткен Бердібек айды аспанға бір-ақ шығарды. Көрші Оңтүстік Қазақстан облысына әкім болып ауысты. Бәріміз де ішімізді тарттық. Кешегі тоқпағы қатты кеңес заманында да ешкімге оңай иліге қоймаған өңір еді. Әсіресе, тоқырау тұсындағы әрі итеріп, бері жыққан кезеңде аты дүрілдеп шыққан-ды. Оған небір ысылған шаруашылық басшылары да жұмсалды. Көрнекті-көрнекті ғалымдар да қойылды. Баяғы шығып қалған атағы бәрібір бой бере қоймады. Еңсерілудің орнына бұрынғы жаманаттың үстіне жаманат жамала түсті. Сондай өлкеге аққаптал, көпті көргендердің біреуі жіберілмей, бұғанасы әлі қатып, буыны беки қоймаған Бердібек жіберіліп отыр. Алып кете алса, жарайды… Тақымымызды қыса түстік. Айтыла-айтыла сілікпесі шыққан ескі әңгімелер қайта гуледі. Бірақ, Бердібек сыр бермеді. Шыдап бақты.
Облыс жер көлемі жағынан ортаңқол. Халық мейлінше көп шоғырланған. Екі миллионнан асып, үш миллионға қарай аяқ басты. Экономиканың қай саласы да бар. Қазақстанда қандай халық болса, соның бәрінің де өкілдері табылады. Дәстүрлі малшылықпен қоса, диқаншылық баяғыдан өрістеген. Сауда-саттық та қатты дамыған. Осындай өлкенің экономикасын түбегейлі қайта құрып шығарудың қаншалықты күрделі екендігін айтпасақ та түсінікті. Бірін аяғынан енді тұрғызып жатсаң, екіншісі жалп етіп құлап жатады. Мұндай жағдайда бастаған істі аяғына дейін алып баруға жігіттің жігіті ғана шыдайды.
Құдайға шүкір, Бердібекке де сондай шыдам беріпті. Оның жап-жас жігіттің бойына қайдан бітіп жүргенін көп ұзамай өз көзіммен көрдім. Жаманат хабар жатпайды ғой, Алматы мен Тараздың арасында аса ауыр жол апаты болыпты. Жап-жас жігіт оқыста апатқа ұшырапты. Бердібектің жоғары оқу орнында оқып жүрген ұлы қаза тауыпты. Көңіл айтуға үйіне бардық. Иін тірескен қалың жұрттың арасында тірідей жерге сіңіп бара жатқандай болып абдыраған отағасы тұр. Әуелдегі өңінің не ақ, не құба екендігі белгісіз. Күні-түні түрен айдап, жер жыртып егін салған күс-күс қол. Жаздың аптабы мен қыстың суығы бірдей қақап, әбден жел қағып, қара сұрланып алған. Иықтан зіл батпан болып басқан ауыр қасіреттің қаншалықты езе түскендігін сездіргісі келмей, көңіл айта келгендердің қай-қайсымен де үнсіз амандасып, үнсіз тілдесіп тұрғандай. Шоқпардай мығым қолдардағы болмашы діріл ғана жан дүниесіндегі алай-дүлейден сес бергендей. Мезгілсіз мерт болған қыршын боздақ пен артында аңырап қалған ата-анасын қоса аяп, егіліп, сөгіліп бара жатқандай. Тілек айтушы көптің қолынан не келеді?! Көп жыл еңбек еткен бейнетқордың күс-күс қолын үнсіз қысып қинала қош айтыстық.
Астындағы жер ойылып бара жатса да мыңқ етпейтін ауыр мінезді, біртоға адамның жай-жапсарын Мырзашөлге барғанда естідім. Бердібек Жаңақорғанда өскенмен, Машекеңнің жастық шағы Мырзашөлде өтіпті. Бейнетқорлығы сондай, егіс басында жүргенде, үйге шақырып келтіре алмайды екенсің. Күн-түн жұмыс деп омақасып жүргені. Таусылмайтын да, бітпейтін сылпың шаруа.
Сондай диқандар ортасында туып-өскен алғыр азамат Бердібектің де жатса-тұрса ойлайтыны – жұмыстың қамы. Мен Оңтүстікте онымен бір апта болып, облысты араладым. Сонда оның өзі туған өлкенің экономикасын жатқызып-өргізетінін білдім. Кейінгі аударма-төңкермелер ежелгі шаруашылықтарды қалпынан шығарып, бұрынғы жүйесіне дәлме-дәл келетін баламалар тауып бере алмай жатыр екен. Ол туралы айтқанда, армандағанда сөзге тұйықтау жігіт жұлдыздай ағады. Бір кезде аспан астын түгел иемденген мақта шаруашылығындай түсімді кәсіптің басынан бақ ауып барады. Сол бетімен ұлғайта беруге жеке шаруашылықтар құлықсыз. Оның үстіне соншалықты суармалы егіске су тауып беру де оңай шаруа емес. Бәрін қолмен отап, қолмен бұтарлайтын дәурен кетіп барады. Бәрін жаппай механикаландырудың да ойланатын мәселесі көп. Жерді де әбден тоздырған. Тыңайтқышсыз өнім бермейді. Соншама машақатпен келген өнімді өткізудің өзі – қарлы Қаратау.
Мен барып көрген кездегі Оңтүстіктің көрген күні осындай еді. Осыншама қиындықтардың арасынан ілделеп жол тауып, шаруашылық өрбітіп жатқан-ды. Суды үнемдемей болмайды. Ол үшін бір кездегі тартқан ирригациялық жүйелердің бәрін айнадай қылып тазартқан жөн. Кейінгі кезде қалай болса солай жүргізгендіктен, олардың көбінің ізі жоғалып бара жатыр. Біз ауылдарда ескі каналдар мен арықтарды қалпына келтірудің қызып жатқан тұсында болдық. Оларды тазалауын тазалағанмен, бәріне су жеткізе алсаң, жақсы. Жеткізе алмасаң, кезенесі кеуіп қалған жүлгелер күл-қоқысқа қайта толады. Ондай су жеткізу де оңай шаруа емес. Таудың бас жағын бөгеп, ежелгі диқан көршілер отыр. Олар тамшылатып әзер жіберген суды қыста қайда сыйғызарын білмей, Арнасайға бұрып, бұрынғы иелеріне қайта асырып жатырмыз. Соны айтқанда Бердібектің көзі бұрыштанып, мөлтеңдеп кетеді. Кейіннен бұл мәселені Көксарай су қоймасын салдырту арқылы Елбасымыз шешіп берді.
Жүріп жатқан жұмыстардың жай-күйімен танысып, Түркістандағы, Кентаудағы, Шолаққорғандағы, Бабатадағы, Шаяндағы, Бөгендегі, Леңгірдегі, Шарапханадағы, Сарыағаштағы, Келестегі, Шардарадағы, Мырзашөлдегі ағайындардың кәрі-жасының қос басындағы кездесулерде айтқандары да жол-жөнекей Бердібек айтып келе жатқан әңгімелерге саяды.
Ол кезде Оңтүстіктегі көп өндіріс орындары қаңтарылып тұрған. Сұлық тұрған зауыттар мен есік, терезесі сыпырылған үй қаңқаларынан көз тұнады. Соларды аралап келе жатқан біздің де желпінуімізден аһылап-уһілеуіміз көбірек. Бар медет етеріміз – қайда барсақ та тырбаңдап еңбек етіп жатқан халыққа кездесеміз. Жұртшылық арасына келгенде, Бердібек қалың топқа сіңіп жоғалады. Қапелімде бастығы қайсы, басқасы қайсы екенін біле алмайсың.
Көз алдыма тағы Мәшекең келді. Шашын тақырлап алдырған домалақ бас, күнге күйе-күйе әуелдегі өңін жоғалтқан дөңгелек жүз, мыж-мыж әжімдер айғыздаған кең маңдай, тұнжыраңқы жанар.
Мақташылар қосында да, бақшашылар күркесінде де, жол жиегіндегі көп сәлемшілер де – бәрі де Мәшекеңе ұқсайды. Солардың арасында көптің аузына қарап, айтқандарын үнсіз тыңдап, үнсіз ұғып тұрған Бердібек те әкесіне ұқсайды. Бәрінен де халдерін сұрасаң «Шүкір!» дейді. Шаруаларын сұрасаң «Жаман емес!» дейді. Балаларына тиесілі ақшаның берілмей жатқанын айтқан әйелдерге жүздерін суытып жақтырмай қарайды.
Ол жарықтықтарға не керек екенін Бердібек те біледі. Біз де білеміз. Бірақ аспандағы айға қолымыз жетпей жатыр. Бүгін болмағанмен, ертең болатынына сендіріп әрі қарай жөнелдік.
Ол кездер де өтті. Оңтүстікке барып қайтқан менен «Бердібек қалай екен?» деп сұрағандарға: «Белі буулы, жеңі сұғулы. Күні-түні жұмыста. Жұмыс істеп жүрген жігітке айтылатын сөз көп қой!» деп күлдім. Олар да күлді.
Артынан Астанаға алдырылды. Кеденнің қай кезде шаруасы оңған?! Ол кезде сын көп айтылып тұрған кез еді. Бердібек келді де ұршықтай үйіріп әкетті. Еңбек пен әлеуметтік қорғаудың да айтатыны көп еді, ұстататыны жоқ-ты. Жұмыссыздық азаймай тұрған. Кісідегінің кілті аспанда. Шетелдік инвесторлар тіптен маңайлатпайды. Келісім-шарттар баяғыда жасалған. Оларды реттейтін заңдар қайта қаралмаған. Қордаланып қалған көп мәселелерді қолға алуға көбі бетінен басады. Еңбек министрі болып тағайындалған Бердібек іске бел шеше кірісті. Біраз шаруаны дөңгелетіп тастағанда Шығыс Қазақстанға жіберілді.
Ол тарапта да атқарылмай жатқан біраз шаруалар болып шықты. Қайда да Бердібекті күрделі шаруалар күтіп тұрады. Сол жылы қыс қатты болды. Автотрассаларды тау-тау қар басып қалды. Аяғына керзі етігін киіп, иініне фуфайкасын іліп, көппен бірге жүріп, қар аршысты. Көктемде қар еріп, тау өзендері түгел тасыды. Кешегі қарға малтыққан қалалар мен ауылдарды қалқыған су жайлады. Жұрт Жетісудағы Қызылағаш оқиғасына қынжылып жатқанда, Алтайда ондаған ауылдар жөңкіген тасқынның жолында қалды. Түбі қайыр. Жаз орталай апаттың беті бері карады.
Одан бері де біраз жылдың жүзі ауды. Дәйім, алғы шепте қызмет еткен қолбасшылардай Бердібек те жаңа облысқа бой үйрете бастады. Шығыстың аты – Шығыс. Шаруалары Оңтүстіктегіден бір де кем емес. Бір өзіне бұрынғы екі облыс топтасқан. Семей аса ірі жеңіл және тамақ өнеркәсібі мен мал шаруашылығын өркендетсе, Алтай – кен қазу мен металлургия сынды ауыр өнеркәсіптің өлкесі. Дамып жатқан энергетикасы тағы бар. Егіні мен малы, балығы мен балы, бұғысы мен маралы иін тіресіп тұр. Әлемдегі ең ірі екі мемлекетпен шекаралас. Жедел дамып жатқан екі экономиканың да қарқынына күллі әлем көз тігіп отыр. Солармен іргелес отырған Өскеменнің сәл кем-кетігі әнтек көзге шалынады. Сондықтан, бұл облыстың қай шаруашылығы да әлемдік экономикамен өзектесе, қарқынды дамуы керек. Құдайға шүкір, Бердібек келгелі бұл мәселеде де ілгерілеушілік бар. Алтайдың әсем табиғатының қақ төріне орналасқан Өскеменнің қыз көкірегіндегі меруерт жамбыдай жарқырамасқа жәйі жоқ.
Жұмыс та жымысқы түлкі ғой. Сәл қарайған көрінсе, қалқалап, түбіне тығылып жатып алады. Оны да іздеген көреді. Бердібек те ел үшін етер қызметті өзі іздеп тауып алады.
Нарық жолымен алға басқан еліміздің стратегиясы мен тактикасын Елбасы жасақтайды. Оның жергілікті көріністерін көзге елестету мен жіліктеп-жіктеп іске асыру жергілікті биліктің қолында. Бүкіл саналы өмірін тәуелсіздікпен бірге жасап, бірге атқарып келе жатқандар арасында Бердібек Сапарбаевтың алар орны айрықша.
Алпысқа толып отырған азамат елімен бірге есейіп, елімен бірге көсегесі көгеріп жатыр.
Шығыстан атқан әр таң алдымен Алтайды нұрға бөлейді. Алтайды жарқыратқан нұр бүкіл қазақ даласын кеулейді. Бұл үдеріс үдей түспек. Сондай жойқын серпілістің өңірдегі бас диспетчері Бердібек Сапарбаев бұрынғысынша жауапты вахтада. Әр кешіңіз табысты аяқталып, әр таңыңыз сәтті басталғай, алғадай Азамат!
Әбіш Кекілбайұлы.