Аймақтар • 09 Мамыр, 2019

Қарағандыда Ұлы Жеңіс күні «Батырларға тағзым» шеруі өтті

1310 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Кеншілер астанасында Ұлы Жеңістің 74 жылдығына арналған «Батырларға тағзым» шеруінде қала тұрғындары мен қонақтары қолдарына Ұлы Отан соғысына қатысқан ата-бабаларының ғана емес, сондай-ақ қазақ халқының ерте замандағы аға батырларының да суреттерін ұстап, орталық көшелермен жүріп өтті.

Қарағандыда Ұлы Жеңіс күні «Батырларға тағзым» шеруі өтті

Дәстүрге сай «Мәңгілік алау» мемориалында ұйымдастырылған митинг-реквиемде қарағандылықтар екінші дүниежүзілік соғыста қаза тапқан жауынгерлерді бір минут үнсіздікпен еске алды. 

Жиылған қауым алдында облыс әкімі Ерлан Қошанов сөз алып, еліміз үшін ең қасиетті мереке – Ұлы Жеңістің оңайшылықпен келмегенін және бұл күні Отан үшін жер жастанған ерлердің рухына тағзым ету керектігін атап өтті.

– Біздің еліміз үшін Ұлы Жеңіс – ең қасиетті мереке. Әрбір шаңырақтың осы соғыспен байланысқан өзіндік тарихы бар. Қанды қырғыннан қайтпаған ата-бабаларымыздың, бейбіт күндері көз жұмған ерлердің рухы әрдайым бізбен бірге.  Ержүрек аталарымыз бен аналарымыз біздерге нағыз отансүйгіштік пен патриотизмнің қандай болатынын көрсете білген үлгі тұтар жандар. Өкінішке қарай, сұрапыл соғыс жылдары ерлік танытқан батырларымыздың қатары азайып барады. Алайда, біз оларды мәңгі есте сақтаймыз және болашақ ұрпаққа әрдайым айтып отырамыз, – деді өңір басшысы.

Бұдан кейін жұрт алдына Ұлы Отан соғысының ардагері Бүркіт Есжанов шығып, сұрапыл соғыс жылдары көрген естеліктерімен бөлісті. Жиылған қауымды жеңіс мерекесімен құттықтап, жастарға батасын берді.

«Мәңгілік алау» басына гүл шоқтары қойылғаннан кейін, «Батырларға тағзым» шеруі шебін бұзбастан Кеңес Одағының Батыры Нұркен Әбдіров ескерткішіне келді. Қыран қазақтың қола мүсінінің алдында өзінің ұшағын жау колоннасына бағыттап, жарып жіберген есіл ердің ерлігіне арналған театрландырылған қойылым көрсетілді. Хореографиялық қойылым барысында жергілікті қазақ театрының әртістері батыр ұшқыштың ата-анасына жазған хаттарын оқыды, сондай-ақ өз еркімен соғысқа аттанған сарбаздарды туған-туыстарының шығарып салу сәтін көрсетілім арқылы өте әсерлі жеткізді.

Сондай-ақ, бұл күні облыс әкімі Ұлы Отан соғысының ардагерлері Асылхан Омарханов пен Мария Шинкевичтің үйлеріне барып, майдангерлерді Жеңіс күнімен құттықтап, сый-сияпат жасады.

Ұлы Жеңіс мерекесіне арналған іс-шаралар қаланың Оңтүстік-Шығыс шағын ауданындағы «Жеңіс саябағында» жалғасын тапты. Саябақтың төрінен орын алған арнайы сахнада жергілікті өнерпаздар мерекелік көңіл-күй құшағындағы халайықтың алдында соғыс және әскери әндерге шырғалған концерт қойды. Қала тұрғындары мен қонақтары арнайы тігілген әскери шатырлардың ішіне кіріп, сарбаз ботқасының дәмін татты.

Ұлы Жеңістің 74 жылдығына арналған іс-шара бүгін кешкісін «Жеңіс саябағындағы» мерекелік отшашулармен түйінделеді.


Қарағанды облысы