Қоғам • 10 Мамыр, 2019

Оралдық көпбалалы отбасыларға тағы да пәтер берілді

1065 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Орал қаласының нақ ортасында, Мұстақым Ықсанов көшесінде бой көтерген су жаңа үйден 10 пәтер көпбалалы отбасыларға берілді. Жеңіс күні болған қуанышты оқиғаға Орал қаласының әкімі Мұрат Мұқаев қатысты.

Оралдық көпбалалы отбасыларға тағы да пәтер берілді

Биыл мамар айы басталғалы Орал қаласында пәтер кезегінде тұрған 20 отбасы баспаналы болды. Олар мемлекеттік «Нұрлы жер» және «Бақытты болашақ» бағдарламалары аясында жаңа пәтер алып отыр.

- Қоныс тойын тойлап, қуанышқа бөленіп жатқан жерлестеріміздің көбі – көпбалалы отбасылар. Жақын арада тағы да 50 отбасына жаңа пәтердің кілтін береміз. Жалпы, биыл Ақ Жайық өңірінде 2 мыңнан аса пәтердің құрылысы жүріп жатыр. Соның тең жартысы көп балалы отбасыларға, жалғызбасты аналарға берілмек. Бұл мемлекетіміздің тұрмысы төмен, аз қамтылған, көмекке мұқтаж отбасылардың тұрмыс сапасын арттыруға түбегейлі бет бұрғанының көрінісі- деді өз сөзінде Мұрат Мұқаев.  

Айта кетейік, бүгін баспаналы болған тұрғындардың көбі талай жылдан бері пәтер кезегінде тұрған. Мысалы, Меңсұлу Нұркенова жаңа баспанасын 32 жыл күтсе, алты балалы ана Мәншүк Қапшығалиева 30 жылдай, бес балалы Жаннат Ғабдуллина 15 жыл кезекте тұрыпты.

«Талай жыл сарыла күтіп, үміт пен күдік алмасқан сезіміміз бір күндей болмады. Қуанышымызды айтып жеткізетін сөз жоқ. Біз секілді бақытты отбасылар көбейе берсін, – дейді жаңа пәтерге ие болған отбасылар.