Қазақстан • 13 Мамыр, 2019

Көрші елге экспортталатын өнім көбейіп келеді

1065 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Экспорттық әлеуеті артып келе жатқан салалардың ішінде еліміздің аграрлық секторын ерекше атап өтуге болады. Біріншіден, көлемі жағынан өсімдік пен мал өнімдері және дайын азық-түлік тауарларының үлесі жалпы экспорттың 5 пайызын құрайды. Екіншіден, 2018 жылы бұл саладағы экспорттың өсімі 27 пайызға көтерілді. Сөз жоқ, бұл жақсы көрсеткіш.

Көрші елге экспортталатын өнім көбейіп келеді

Отандық ауыл шаруашылығы та­уарлары шетелдерде, әсіресе көршілес Қытай нарығында жоғары сұранысқа ие. Таяуда Ауыл шаруашылығы министрі­нің орынбасары Гүлмира Исаева жур­налистерге бейнесұхбат беріп, отан­дық ауылшаруашылық өнімдерін Қытай еліне экспорттау барысы туралы сауал­дарға жан-жақты жауап берген болатын.

– Қытайдың қазақстандық өнімге қызығу­шылық танытып отырғаны бұған дейін екі елдің Мемлекет басшы­лары­ның, Үкімет басшыларының дең­гейінде бірнеше рет айтылған. Қытай тара­пы біздің өнімнің экологиялық таза, ор­ганикалық өнім екенін, сапа мен қауіп­сіздікке қатысты халықаралық нормалар сақталатынын ерекше бағалап, бұл туралы үнемі айтып келеді. Өнімді жеткізу жолдары ыңғайлы, логистика мәселесі шешілген, – деді Г.Исаева.

Осы сұхбатта айтылғандай, көрші елге ауыл шаруашылығы өнімдерін экс­портт­ау динамикасы жыл санап өсіп келеді. Мәселен, 2015 жылы 111 миллион доллардың тауары экспортталса, 2016 жылы бұл көрсеткіш 134 миллион долларға, 2017 жылы – 180 миллионға, 2018 жылы 258 миллион долларға жеткен. Биылғы алғашқы 2 айдың өзінде 45 миллион доллардың өнімі экспортталды.

Министрліктің деректері бойынша, Қазақстан Қытайға 113 түрлі өнім шы­ғарады. Ең көп экспортталатыны – бидай, оның экспорттағы үлесі 38 па­йыздан асады. Өсімдік майы, майлы дақылдар, ұн және балық, тағы басқалары да көп тасымалданады.

– Былтыр бірінші рет қой еті мен бал экспорттадық. Меніңше, көрші елге шығарылатын өнім түрлерінің көбеюіне соңғы үш жылда ветеринарлық және фитосанитариялық сертификаттардың 13 түрін қабылдауға келіскеніміз ықпал етті. Қытайлықтардың айтуынша, әлем­де бізден басқа бірде-бір елмен мұнша­лықты көп құжатқа қарқынды түрде қол қойылмайды, – деді вице-министр.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің басшылық өкілдері қазақстандық делега­цияның құрамында Бейжіңде өткен ІІ «Бір белдеу, бір жол» халықаралық фору­мына қатысқаны белгілі. Форум ая­сында Үкімет басшысының орынбаса­ры Жеңіс Қасымбек бастаған қазақстандық делегация Қытайдың Бас кеден басқар­масы­ның басшысымен кездесу өткізген еді. Г.Исаева:

– Осы келіссөздердің барысында біз сүт өнімдерін экспорттау мәселесін де талқыладық. Қазіргі таңда еліміздегі көп­теген сүт өнімдерін шығарушы кә­сіп­орын­д­ар жаңғыртылып, халықара­лық стандарттарға сай өнім шығара бастағанын білесіздер. Шикі сүт те талап­­­тарға толық сай келеді. Қазір қы­тай­­лық тараппен сүт өнімдеріне қатыс­­ты ветеринарлық талаптар хаттамасын жасау туралы келістік, ол құжатты дайындау жұмыстары аяқталуға жақын, – деді Г.Исаева. Вице-министрдің айтуынша, аталған құжатқа алдағы маусым айында екі елдің Үкімет басшылары қол қояды деп жоспарланып отыр.

Бүгінгі таңда елімізде ҚХР-ға өнім шығаратын 217 кәсіпорын бар. Жуық арада бұл қатарды ұн тартатын 30 кәсіп­орын, ет өңдейтін 4 кәсіпорын толық­тырады. Майлы дақылдар экспорттау да қарқын ала түсуге тиіс. 20 аграршы зы­ғыр мен бұршақ сатуға ниет білдіріп отыр.

– Мақсары мен жасымық экспорт­тауға қатысты да алдын ала келісім бар. Маусым айында қытайлық инспектор­лар келіп, кәсіпорындардың жұмысымен танысады деп жоспарланып отыр. Егер басқа да дақылдар экспорттағысы келе­тін компаниялардан өтініш түссе, біз инспекция ұйымдастыруға дайынбыз, – деді вице-министр.

Бұған дейін ветеринарлық талап­тарға қатысты келісімдердің жоқ­ты­ғына байланысты Қытайға ет экспорттауда бірқатар кедергілер бар еді. Вице-министр «Бір белдеу, бір жол» халықаралық форумы аясындағы келіс­сөздер барысында ет пен ет өнім­дерінің ветеринарлық сертификатына алдын ала қол қойылғанын айтты.

– Бұған дейін ет экспорттау сатылап жүргізілетін. Алдымен қандай да бір ет өніміне хаттама алынады, сосын ол келісіледі, сертификат талап­тары орындалады, содан кейін ғана өнім экспортталады. Былтыр қой еті солай ветеринарлық сертификат мақұл­дан­ған­­нан кейін ғана жіберілді. Биыл да сиыр етін осы бағытпен экспорттауды жоспарлап отырған едік. Алайда, қытай­лық әріптестеріміз басқа жолды ұсын­ды. Сөйтіп түрлі ет өнімдеріне қатыс­ты ортақ сертификат әзірледік, онда өнімге қойылатын барлық талаптар қара­с­тырылды, – деді Г.Исаева.

Өткен жылдың соңында ел Үкіметі Қазақстан тауар экспорттайтын елдердің тізімі 119-ға жеткенін, экспорт көлемі 60,9 миллиард долларды құрағаны туралы хабарлаған болатын. Бізден ең көп тауар алатын мемлекеттердің ішін­де Ресей мен Еуроодақтан кейінгі үшін­ші орын осы Қытайға тиесілі екенін айта кетейік. Қытай елі негізінен ас­тық тұқымдастар, бақша өнімдерін, май өнімдерін, бұршақ тұқымдастар, көк­өніс, жеміс-жидек алады. Былтыр экс­п­орт­талған АӨК өнімдерінің ауқымы 3 мил­лиард доллардан асып, мақсатты меже­нің 23 пайызға асыра орындалуына Қытай нарығымен арадағы байланыс біршама ықпалын тигізді деуге болады.