16 Сәуір, 2013

Күмбір күй

861 рет
көрсетілді
17 мин
оқу үшін

Күмбір күй

Сейсенбі, 16 сәуір 2013 1:51

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, күйші-композитор Шәміл Әбілтаев туралы жазуды қолға алғанымда, алдымен онымен таныс-білістігім туралы ойладым. Сөйтсем, тым әрі, анау жиырмасыншы ғасырдың жетпісінші жылдарынан бастап, тіпті, одан да бұрын алпыс бес-алпыс алтыншы жылдарда ма, Атырау облыстық газетінде оның Д.Нұрпейісова атындағы музыка училищесінің үлгілі оқушысы ретінде басылған суреті арқылы қанық екенмін.

Сейсенбі, 16 сәуір 2013 1:51

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, күйші-композитор Шәміл Әбілтаев туралы жазуды қолға алғанымда, алдымен онымен таныс-білістігім туралы ойладым. Сөйтсем, тым әрі, анау жиырмасыншы ғасырдың жетпісінші жылдарынан бастап, тіпті, одан да бұрын алпыс бес-алпыс алтыншы жылдарда ма, Атырау облыстық газетінде оның Д.Нұрпейісова атындағы музыка училищесінің үлгілі оқушысы ретінде басылған суреті арқылы қанық екенмін.

Ал бірінші рет көруім – 1970 жылдың көктемі болатын. Сол жылы Алматыда атақты жазушы Сәбит Мұқановтың 70 жасқа толу тойы өтті де, аталған шарада Құрманғазы атындағы мемлекеттік кон­сер­ваторияның IV курс сту­денті Ш.Әбілтаевтың қарт қа­ламгерге арналған «Сәбең сазы» күйі өз орындауында тыңдармандар назарына ұсынылды. Күйді өнерсүйер қауым асқан қоше­метпен қабылдап, жамырай қол соқты, жабыла мақтады. Ертесіне рес­публикадан шы­ға­тын көп­теген газет бетіне жас күй­шінің суреті басылып, ол ту­ралы ауыздарының суы құ­рып жазды. Тіпті, оның Аты­раудың алыстағы Толыбай құмы, Қарақызыл қыстағында дү­ниеге келгендігі, төрт жасы­нан бастап қолына домбыра алып, күй шалудағы алғашқы ұстазы – әкесі Бисенғали екен­­дігі, оның орындаушы­ ре­тінде қалыптасуына Кө­шелі,­ Кәмеш, Серкебай сын­ды­ белгілі күйшілердің үл­кен­ ықпалы болғандығы ай­тыл­ды. Шәміл сегізінші сы­ныптан соң Гурьевтегі Д.Нұр­пейі­сова атындағы музыка училищесінде белгілі күйші, Атырауда алғаш болып 500 адамдық домбыра оркестрін дүниеге әкелген дирижер Сейілхан Құсайыновтан дәріс алып, шеберлік шыңда­ғандығы жайлы жазды.

Міне, осыдан кейін-ақ рес­пуб­ликалық деңгейде өтіп жат­қан шараларда Шәміл жиі-жиі бой көрсетіп, өз өнерін кө­­рермен назарына ұсынды. Ол сол жылдары негізінен Құр­­манғазы мен Динаның, Абыл мен Мәменнің ең бір күр­­делі күйлерін орындай­тын­ еді. Бұл ретте оған ұста­зы,­ pеспубликаның халық әр­тісі, дәулескер күйші Қали Жан­тілеуовтің әсері мол-ды. Өйткені, кейіннен 94 жасында күй-ғұмыры үзілген Қали аға­ның орындау мектебі Құр­ман­ға­зының өзінен тамыр тартатын. Соған сай оның шы­ғарма жебеу ерекшелігі де түпнұсқаға ең жақын, табиғи-тұғын. Осындай дарабоздан сабақ алған жас күй­шінің орын­дау шеберлігі мен машы­ғы аумай қалған Қа­ле­кең тұр­патында болса, жалпы Шә­мілдің өзі де, алғашқы тә­лімгерлері, кәсі­би ұстазы Сейілхан күйші, тағы сол Қали аға, бәр-бәрі бір топырақ – Нарын құмы, Жаңғала бойының күй мекте­бінен суарылған шын мәніндегі шарболаттар еді.
Шәміл 1972 жылдан бас­тап Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясында халқымыздың дәстүрлі күй­лерін орындаушы-лектор болып қызмет атқарып, бір өзі тұтас өнер ұжымының міндетін арқалап, республика облыстарын түгелге жуық аралады. Қа­рақалпақ елі мен түркімендер, тәжік асып, Өзбекстандағы қандастарымызды күйге бөледі, әлемнің жиырма елінде өнер көрсетті. Сол кезде тағы да қазақ баспасөзі түгелге жуық жас та­ланттың орындау шеберлігі мен ғасырлар қойнауынан сыр тарт­қан шешендік (лекторлық) қабілеті туралы ауыздарының суы құрып жазды. Атап айт­қанда, «Лениншіл жаста»­ қа­рағандылық Ақселеу Сей­дім­бековтің «Шәмілдің Шай­танкөлі», Шөмішбай Са­риевтің «Тағдыр», «Социалистік Қа­зақ­станда» қостанайлық Байтұрсын Ілиясовтің «Күй-домбыра», қызылордалық Байжігіт Әбдіразақовтың «Күй қанатында», тағы да басқа материалдарды атауға болар.
Аталған дүниелердің қай-қайсысы да көркемдігі жоғары, жүректің қанымен жазылған әңгімеге бергісіз ғажайып очерктер еді. Әсіресе, Ақастың «Шайтанкөлінде» Шәмілдің осы аттас күйінің дүниеге келуі әсерлі баяндалса, Байжігіттің «Күй қанатында» очеркі Әбілтаевтың Қазақстан комсомолы сыйлығына ұсынылуына себепші болды. Ақыры аталған сыйлықты иеленді де.
Орындау шеберлігі жеті­ліп, өмір тәжірибесі толыс­қан Шәкеңнің уақыт өте ком­по­зи­торлық қыры өсе түсті. Ол дү­ниеге біраз жаңа күйлер мен әндер әкелді (Осы күні олардың са­ны жүзден асады). Олардың та­қырыптық арқауы негізінен та­рих тағылымы, оның қазақ елі­нің қазіргі тәуелсіздік таң­ы­­на­ ұласуы. Ел тірегі – ерлер, тау­ тұлғалы арыстар. Солардың ішін­­де «Құнанбай қажы», «Қа­ра­керей Қабанбай», «Пір Бекет», «Матай», «Қазақстан-Нұр­сұлтан» күйлері бар. Сон­дай-ақ, «Жер ұраны – Ұлытау», «Ордабасы», «Құрманғазы – күй дүлдүл», «Түркістан» му­зы­калық толғауларының авторы. Кезінде Шәміл Бисенғалиұлы Қазақ радиосының музыкалық редакциясында бас редактор болып істеді. Қазақ теледидарында «Үкілі домбыра», «Домбыра дастан» бағдарламаларын жүр­гізді. Кейін әр жылдарғы туындыларының басын құрап, «Ұлытау» атты кітабы мен «Ордабасы» деп аталатын күй табағын шығарды.
– Менің, – дейді Шәкеңнің өзі – күйші атанып, елге танылуы­ма халқымыздың маңдайына біткен асыл ағалардың орны­ бөлек. Жастайымнан жақсы­лардың қасында жүрдім. Әуелі­ Сейілхан ағаның қана­ты­ның астында болсам, сол­ кезде ақын Меңдекеш Саты­бал­диевтің қамқорлығы мол еді. Кейін атақты Хамит ақын,­ одан Әбіш Кекілбаев, Жұ­­ме­кен Нәжімеденовтердің қам­қорлықтарын көп көрдім. Мәмен мен Абыл күйлерін Жұ­ме­­кендей шегелеп, ақыл­мен тар­татын күйшіні кездес­тір­ме­дім. Шындығында мен күйші ре­тінде Жұмекенге борыштар­мын. Кәкімбек Салықов, Ақ­се­леу Сейдімбеков, Байжігіт Әбді­разақовтарға деген алғы­сым мол.
Шәміл қазақ композиторлары ішінде елдің ертеде өткен ерлері мен билері, батырлары мен әулиелеріне ең көп ән-күй арнаған өнер иесі. Оларды дәл қазір санамалап, саусақ бү­гудің өзі қиын. Кейбіріне белгі қойып, кесене тұрғызуға да се­бепкер болды. Оның біріне өзі­міз де куәгер болғанымыз бар.
1997 жылдың жазы еді. Қа­сын­да белгілі өнертанушы, үш ішекті домбыраны хал­қы­мызға қайта табыстап, тіріл­туші Жарқын Шәкәрімов бар Шәміл Дендердің Қараой бойында жатқан Малайсары қо­рымына барып қайтайық деп қолқа салды. Кезінде Ма­лай­сарының билік сөздерін жинауға кәдімгідей атсалыс­қаным бар-ды. Таныс тақырып, тамаша­ тұлға ғой, бірден келі­сі­мімді бердім. Жолға шық­тық. Бағытымыз әуелі Кулагинге соғу.
Кулагинде қос күйші келеді дегесін ағайын, көрші-көлем бар біраз адамның басы жиналып қалған екен, Шәміл арғы-бергіден біраз күйді төкпелеп, нешеуінің басын қайырды. Осы арада ойға тағы бір сырбаз күйші Ғатау Ибішевтің Шәкең туралы айтқан «Оның орындау стилі бөлек қой. Әсіресе, шығарманың әуезділігі, әуенін (вибрация) арттырудағы шебер­лігі ғажап» деген бағасы түседі. Содан соң сорғалап Сейтектің «Заман-айы» кетер еді. Мәменнің «Ақшолпанын» қайда қоясыз? Бұлары да жан рахаттандырады.
Шәміл әр күйді орындау үс­тінде бүкіл кеуде тұсы шал­қа­лап, енді болмағанда артына ауып кетер кейіпте отырады, бірақ құламайды. Сол сәтте қос жанары айналасындағы адам­дарды түп-түгел барлай сү­­зеді. Осы кезде ойымызға кө­некөз қарияларымыздың Дина шешеміз туралы әңгі­ме­ бастағанда «Әжеміз шы­ғар­ма­ны ойнау үстінде екі көзі тың­даушыны түгел барлап, ор­та­ларындағы күй таби­ғатын тү­сі­не­тін ілуде біреуін тез танушы еді. Содан соң тағы­ бір жерде манағы құйма-құлақ отырса, әлгі күйді өзге нұсқада орындап, бағып отыр­ған тыңдаушысының жадын тас-талқан етіп бұзып жі­берер еді» деген сөздері оралады. Тегінде нағыз өнерпаз қыз­ғаншақ келеді. Өзгенің өзін­дей ғып орындауын тіпті де қаламайды. Сол қағиданы бе­рік ұстағанның бірі Дина күйші болса керек. Әрине, біз Шәміл Би­сенғалиұлын ондай дей қо­й­­маймыз. Бірақ, сол барлауда кімнің күйді түсініп, кімнің түк түсінбей, әйтеуір қалың дүр­мектің ортасында алаң-ғұлаң отыр­ғанын аңдауда ма деп ойладық.
Ертесіне ертелетіп, Жайық­тың оң бетіне өтіп, Махамбет жатқан Қараойға бағыт ұстадық. Мақсатымыз ұлы ақынға зиярат ету. Содан соң… Әйтсе де Малайсары бидің моласы қай қорымда, қай жерде жатқанын ешкім білмейді. Әуелгіде біз «Қазақтың қай даласынан кім­нің мазарын таппақпыз. Ол үшін алдын ала біреулерден сұрап, бағыттап алмаса, қиын ғой» деп таңданыс білдіріп едік, оған мұрты қисаймаған күйші «Маған біреулер осы маңайда болуы керек деген» деп арқасын кеңге салды. Күн болса, күйіп тұр. Біз болсақ жоқ іздеп, бал ашпақпыз. Бір-екі округтің ауылдарын араладық. Ешкім білмейді. Ақыры шыдамымыз таусылып, «Махамбет ақын осы араға соңғы рет түйе шөгеріп, үй тіккенде үш түрлі мақсатпен келіпті дейді ғой. Оның бірі – көптен бері мазалап жүрген, жамбасындағы соғыстан қалған найза жарақа­тын Дендер көлі тұзына тү­сіп, емдеу болса, екіншісі – Малай­­сары би мазарының аяқ­­­ жағында отырып, ендігі қал­ған өміріне құдайдан ты­ныштық тілеу, үшіншісі – осы төңірекке орналасқан қайын жұрты, алашалар ауылына қоң­сы қонып, түтін алыстатпау, ағайыншылық көрінеді. Ен­деше, бидің жамбасы тиген жер осы арадан қашық болмауы керек», деп Махаң басына қайта айналып соққанбыз.
Осы кезде қазірде аудан әкімінің орынбасары болып отырған (ол кезде Жарсуат селолық округінің әкімі болатын) Әлиполла Балахметов «Мына бесіндікте жатқан алқапты «Малайсары жазығы» деп атайды. Ендеше, сол жақтан із кесейік», деген соң тағы да көлігімізге тақым арттық. Бар-жоғы бірер шақырым жүргенде ескілеу шом қоралардың орны кездесті. Одан әрі шопан ауылы бар екен. Сол арадан қасына 4-5 қарадомалағын ілестірген жас келіншекті сөзге тартып «Осы маңайда Малайсары бидің бейіті бар дегенді естігеніңіз бар ма?» деп сұрап едік.
Қай қорымда кім бар, кім жоғынан хабарым жоқ, бірақ ана қыстақтың аула-қорасына іргелес шығыс бетінде үлкен қорым жатыр. Оны білетіндер біраз атақты адамдар жерленген орын деп қастерлейді, дегені.
Бардық, шыннан да көне қорым екені көрініп тұр. Біраздан бері өлік те жерленбеген. Ал енді іздеген баба бейітін қайдан табамыз? Ма­хам­бет қадір тұтып, атақты Сырымның өзі он жасында бата алған Малайсарының басынан кемінде екі жарым ғасыр өткенде құлпытас іздеудің өзі күлкілі сияқты. Бірақ «суға кет­кен тал қармайды» деген емес пе, екі автокөлік адам, жүр­гізушіміз, журналисіміз болып, құлпытас қуалап, қорымды ке­зіп-ақ кеттік. Атам заманғы құлпытас, жазуларының бәрі араб әрпінде. Басқаларын қай­дам, өз басымыз студент ке­зі­мізде араб тілінен сынақ тап­сырғанымыз бар-ды, соны малданып, қайсы біріне үңіліп-ақ жатырмыз. Бірақ одан нәтиже шамалы. Арада бірер сағаттай уақыт өткенде жаңағы Әлиполла жерден жеті қоян тапқандай болып «Жігіттер, мында келіңдер! Мен таптым» деп дауыстады.
Қойшы, жанына жетіп-ақ барайық. Маңғыстаудың қызғылт тартқан ұлу тасына «Малайсары би. XVII ғ.» деп жазылған екен, кәдімгі кириллица. Шамасы мал сүйкенді ме, әлде басқашалай ма, әйтеуір сынған күйі етпеттеп құлаған көрінеді. Құлағандарын аударыстырып жүрген сапарласымыз, ғайыптан тайып сәті түсіп кездейсоқ кездесіпті. Сөйтсе артынан естідік, бұл белгіні осыдан 4-5 жыл бұрын сол кезгі Индер аудандық мәдениет бөлімінің меңгерушісі Табылды Досымов қойған сыңайлы.
Шәкең сол бойда тапқыш­бек­ке сүйіншісін ұсынып, жа­нымызға жаңа ғана келген шо­пан жігітке «Інім, бұл менің же­тінші атам. Бірақ, оны мен атам болғасын іздеп жүрген жоқпын. Ол – Сырымның ұстазы. Кіші жүздің белгілі биі, әділеттік жар­шысы. Тәуелсіздік – елді ұлықтау, ерді қадірлеуден басалатындығын ұғындыруда. Бізден кейінгі ұрпақ бұл кісіні білмейді. Сондықтан, олардың жадында қалсын, сөз қадірін білсін. Үлкенді сыйлап, ұлыны дәріптеуді үйренсін деп жүрмін. Ендеше, міне, орамалы, маған бір тоқтыңды қи», дегені.
Мына сөзден кейін ол да атанына отырды да, іргеде жайылып жатқан отарынан ерте туған марқаның бірін сүйрелей жетті. Аруаққа арнап құран оқылды.
Содан соң Шәміл «Мына күйімді атама арнаймын» деп мазар басында отырып­ алып Құрманғазының «Сарыарқасын» сорғалатсын деңіз. Аса шабытты. Күн екіндіге ауысқан, тып-тымық. Айнала­ның бәрі аруаққа табынып, күйшіге құлақ түрген. Әуелден көсіліп шертілетін керемет күй кербез орындаушының қо­лынан құйындап, шира­тыл­ған күйі көкке атылуда. Орын­даушының омырауына жас құйылып отыр. Сары даланың саңлақтары-ай… Аздан соң біз Атырауға аттанып кеттік.
Кейін осы жерде Маңғыс­тау­дың аппақ тасынан Малайсары бидің келісті кесенесі көтеріліп, батырлық пен билікті, азаттық пен теңдікті ту еткен тәуелсіз елдің ұл-қызының ойдан, қырдан басы қосылып, алқалы жұрт асқа жиналды. Міне, бұл Шәмілдің аруақтарға деген құрмет, мәңгілік мінәжатының бірі ғана. Ал күйші араласқан ондай құрметтер Қазақстанның қай бұрышында да баршылық. Ол өзінің «Пір Бекет» күйін «Бекет атаның Оғыландыдағы мешітіне түнеп шыққан таңда дүниеге келген шығармам еді» деп шаттанады.
Тегінде Шәмілдің компо­зи­тор­лығы да өзіндік стилімен ерек­шеленеді. Күйлер табиға­тын­­да түрлі мектептер сарыны бол­ғанымен негізінен төкпе күй­дің екпіні бар. Ал, әндері әр қа­лай. 1994 жылы Түркияның Измир қаласында өткен түркі ха­лықтарының Дүниежүзілік құ­рылтайында оза шапқан оған «Түр­кі» озаны (жыршы) атағы берілді.
Ол өткен жылы «Атырауым» деген күй шығарыпты. Біз керемет шаттандық, ол қуаныштан жарыла жаздап, «Бұл өзі әде­мі күй» деді. Содан соң «Жа­қында Елбасының сөзіне жа­зыл­ған «Шабдар ат» деген ән шығардым. Ол да әдемі. Өткен аптада Нұрекеңнің өзі тыңдап, ризалық білдірді» деді. Біз болсақ, ішімізден «Сізде әуелден әдемі емес нәрсе бар ма? Жалпы, өнер атаулының бәрі де әдемі ғой. Соның ішінде қазақтың қара домбырасы, оның сұлу күйіне не жетеді? Әдеміліктің бәрі күмбір күйде ғой» деп ой түйіндедік. Шіркін-ай, күй әлемін түсіне білсең ғой, ол сөйлеп тұрады, Сыр ақтарады емес пе?!

Өтепберген ӘЛІМГЕРЕЕВ.