Бүгінгі таңда Жамбыл облысында 44100 көп балалы отбасы бар болса, оның 70 пайызы ауыл тұрғындары екен. Сондықтан да аудандарда тұратын отбасыларға назар аудару маңызды мәселе. Бұл орайда Қаратау қаласынан пәтер иеленген азаматтардың басым бөлігі де көп балалы отбасына жатады. Мәселен, бес баланың анасы Ләззат Райымқұлова 2013 жылдан бері пәтер кезегінде тұрған. «Көп балалы ана ретінде 6 жылдан бері пәтер кезегінде тұрдым. Қаратау қаласынан осы уақытқа дейін пәтер жалдап келдік. Енді, міне, мемлекет қамқорлығы арқылы баспаналы болып, қуанып жатырмыз», дейді ол. Баспаналы болған Эльмира Ақжанова да қуанышымен бөлісті. Жолдасы Ерлан Көпесов екеуі 2013 жылдан бері пәтер кезегінде тұрған екен. «Мемлекеттің қолдауына ризамын. Көп балалы отбасы ретінде тиісті жәрдемақыны да уақтылы алып келеміз. Бұл да біз үшін үлкен көмек. Әйтпесе осы уақытқа дейін айына 10-15 мың теңге төлеп, пәтер жалдап күн көрдік», дейді Э.Ақжанова.
Айта кетейік, Талас ауданы бойынша 2018-2019 жылдары барлығы 440 пәтерді құрайтын 6 көпқабатты тұрғын үйді қайта жаңғырту жоспарланса, бүгінде 290 пәтер пайдалануға берілген. Ал ағымдағы жылы тағы да 2 тұрғын үй, яғни 150 пәтер пайдалануға берілетін болады. Бұл өз кезегінде аудан бойынша тұрғын үй кезегінде тұрған 143 әлеуметтік аз қамтылған отбасын баспанамен қамтуға бағытталады деп жоспарланған.