Қоғам • 14 Мамыр, 2019

70 көп балалы отбасы баспаналы болды

938 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ақсу қаласындағы Астана көшесі, 58-үй мекенжайында орналасқан көпқабатты үйдің іші қуанышқа толы. Көп балалы отбасылар 2, 3, 4 бөлмелі пәтерлерге қоныстануда. Олардың арасында жылдар бойы пәтер жалдап келген 4 баласы бар Алмагүл Бишімбаева, Елена Хайруллина, Сәуле Еріковалар да бар.

70 көп балалы отбасы баспаналы болды
Тұрғындарды қоныс тойымен құттықтауға келген облыс әкімі Болат Бақауов пайда­ла­нуға берілген жалдамалы тұрғын үйдегі 70 пәтердің облыс орталығында және Ақсу қаласында тұратын көп балалы отбасыларға берілгенін айтып өтті. Ал қалған 32 пәтер­дің кіл­ті жетім балаларға, мүм­кін­­дігі шектеулі жандарға, дәрі­герлер мен құқық қорғау сала­сының қызметкерлеріне та­быс етілді. 

Қазір өңірде 4 және одан да көп бала­ны тәрбиелеп отыр­ған 3839 отбасы болса, тұр­ғын үй кезегінде тұрған 691 көп балалы отба­сының жағдайы тұрақты назарда. Жалпы, өңірдің жұмыспен қам­ту және әлеуметтік бағдар­ла­маларды үйлестіру басқар­ма­­сының мәліметінше, биыл облыстағы көп балалы және аз қамтылған отбасыларды әлеу­мет­­тік қолдауға 3 млрд теңге қарастырылды. 

Сәуір айынан бастап аз қам­тылған отбасылардағы әр балаға берілетін айлық тө­ле­мақы 20789 теңгеге же­тіп, атаулы әлеуметтік көмек­ті есептеудің жаңа тетігі енгізіл­гені белгілі. Өңірдегі аз қам­тыл­ған 1251 отбасы жалпы сомасы 100 миллион теңге бола­тын қаржылай қолдауға ие болды.

– Ақсу қаласы мен Ақсу ауыл­дық аумағына қарасты ауылдарда тұратын көп балалы отбасылармен күнделікті жұ­мыс істеудеміз. Қала мен ауыл­­дық аумақта көп балалы 380 отбасы тұратын болса, олардың 108-і тұрғын үй кезе­гі­не жазылған. Сонымен бірге 37 жағдайы төмен отбасын жеке бақы­лауға алдық. Көп балалы ана­лармен кездесіп, оларды жеке қабылдау барысында барлығының қандай мұқтаждықтары барын, мәсе­ле­­лерін анықтадық, – дейді қа­л­а басшысы Балғабай Ыбыраев.

Ал Жолқұдық ауылында тұра­тын Қуандық Мәсімбек пен Нұрбақыт Нияздың отбасына, көп бала­лы ана Алмагүл Ордабаеваға қала­­дағы «Еуроазиаттық энер­ге­ти­калық корпорациясы» АҚ вице-президенті Татьяна Носачева ар­на­йы барып, отбасын тұрақты қам­қорлыққа алып, корпорация аты­нан 120 мың теңгенің екі торпағы, азық-түлік толы пакеттер, тәт­ті­лер, балаларға арналған киім-ке­шек табыстады. Кор­порацияның өнді­рістік ұжы­мы бұған дейін де Береке, М.Омаров атындағы ауыл­дарда тұратын көп балалы отба­сы­лар­ға көмек көрсеткен.

Ақсу қаласындағы қуаныш­пен қатарлас Екібастұз қаласы, Ақто­ғай, Май және Железин аудан­дарында тұратын көп бала­лы отба­сыларға да жаңа пәтер­лер мен үйлер­дің кілті табысталды. 

Павлодар облысы, Ақсу қаласы