Сайлау • 14 Мамыр, 2019

Үгіт-насихат науқаны қарқын алды

1368 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Елімізде сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары қарқын ала бастады. Президенттікке кандидаттар мен олардың сенім білдірілген адамдары өңір-өңірді аралап, халыққа сайлауалды тұғырнамалардың басым бағыттарын түсіндіруде.

Үгіт-насихат науқаны қарқын алды

Nur Otan партиясының атынан президенттік сайлауға ұсынылған кандидат Қасым-Жомарт Тоқаевтың еліміздің барлық аймағында 227 қоғамдық сайлауалды штабы жұмыс істеп жатыр. Соның аясында кеше штаб өкілдері Қарағанды облысына барды. Жергілікті халықпен кездесулер кезінде металлургтер мен кеншілер Nur Otan партиясының кандидатын бірауыздан қолдайтындарын білдірді.

Штаб басшысы, Nur Otan партиясы Төрағасы­ның бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев баста­ған аталған республикалық қоғамдық штабтың құрамын­да мемлекет және қоғам қайраткерлері, белгілі кәсіпкерлер, мәдениет және спорт жұлдыздары және тағы басқа белсенді азаматтар бар. Олар алдымен Теміртау қаласындағы «АрселорМиттал Теміртау» АҚ комбинатының алаңында өткен кандидат Қасым-Жомарт Тоқаевты қолдауға арналған іс-шараға қатысты. Металлургтер алдында сөз сөйлеген Мәулен Әшімбаев «Сапарымызды Қарағанды облысынан, дәл сіздердің зауыттарыңыздан бастауы­мыз кездейсоқ емес. Себебі бұл зауытта Тұңғыш Прези­дентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбек жолы басталды. Осы жерде Елбасымыз шыңдалып, тұлға ретінде қалыптасып, қайралып, қайраттанып шықты. Елбасымыздың әлемдік деңгейдегі саясаткер болуының негізі де осы өңірде, осы зауытта қаланды», деді.

Бұған қоса аймақтарда кандидаттың сенім білдірілген өкілдері арқылы сайлаушылардың ұсыныстары мен тілектерін жинауға сеп болатын жалпыұлттық «BIRGE» акциясы басталды. Алматы облысында осы акция аясында атқарылатын жұмыстар барысымен облыстық қоғамдық штаб төрағасы Ғалиасқар Сарыбаев таныстырды. Ал Түркістан облыстық қоғамдық штабының төрағасы Ұласбек Сәдібекұлы өңір жұртын аталған іс-шараға белсенді қатысуға шақырды.

* * *

«Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясының атынан президенттікке кандидат Төлеутай Рақымбековтің сайлауалды бағдарламасымен таныс­тыру мақсатында Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінде сайлаушылармен кездесу өтті. Аталған жиынға партия төрағасы, Парламент Сенатының депутаты Әли Бектаев, партияның Жамбыл облыстық филиалының саяси кеңес мүшелері, облыстық және аудандық мәслихаттың депутаттары, қалалық және аудандық филиалдарының төрағалары, кәсіпкерлер, профессор-оқытушылар құрамы мен студенттер қатысты. 

Әуелі «Ауыл» партиясының төрағасы Әли Бектаев кандидат Төлеутай Рақымбековтің сайлауалды бағдарламасымен таныстырып, партияның қазіргі жұмыстарына тоқталды. Сайлауалды бағдарламада айтылған Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешенін дамыту – халықтың әл-ауқатын арттырудың кілті, ауыл­дар мен қалалардың әлеуметтік теңдігі – қоғамның өзекті мәселелерін шешу мүмкіндігі, дәстүрлі және руха­ни құндылықтарды сақтау – ел дамуының сенімді негізі және ауылдағы жастар саясатының тиімді моделі – ауылды өркендетудің құралы сынды мәселелер де кеңінен талқыланды.

Бұдан кейін «Ауыл» халықтық-демократия­лық патриоттық партиясы Жамбыл облыстық филиалы­ның саяси кеңес мүшесі, «Қазақ су шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры Нұрлан Балғабаев және  «Ауыл» партиясы Тараз қалалық филиалының төрағасы Қайрат Байжанов сөз алып, еліміздегі ең ірі саяси науқанға байланысты өз ойларын жеткізді. Әрбір қатысушы бағдарламаға сәйкес пікірін білдіріп, оның маңыздылығын атап өтті. 


* * *

«Ақ жол» партиясынан кандидат Дания Еспаева партия төрағасы Азат Перуашев бастаған республикалық штаб өкілдерімен бірге Алматы базарында жұмыс істейтін кәсіпкерлермен кездесті. «Жібек жолы» базарында кәсібін дөңгелетіп отырған жұртшылық кандидат пен партия өкілдерінен Қазақстандағы шағын және орта бизнесті дамыту мәселелері жөнінде сұрады. Осыған орай өз кезегінде Д.Еспаева сайлауалды бағдарламасының негізгі басымдықтары туралы баяндап, оның ішінде кәсіпкерлікке қатысты мәселелерін шешу бағыты да айқын көрсетілгенін атап айтты.

Сонымен қатар президенттіктен үміткер Д.Еспаева Алматыдағы «Темірбетон-1» ЖШС ұжымымен кездесті. Темірбетонды өнімдер мен құрылғыларды дайындауда үлкен жетістікке жеткен, 65 жылдық тарихы бар бұл кәсіпорында 400-ге жуық қызметкер жұмыс істейді. Олар кандидаттың сайлауалды бағ­дарламасымен танысып, өздерін толғандырған сауал­дарын қойды.

Бұдан кейін партияның республикалық штабы үгіт-насихат жұмысын Талдықорғанда жалғастырып, онда еліміздегі ірі аккумлятор зауыты «Қайнар» ЖШС жұмысшыларымен кездесті. А.Перуашев мұндай әлеуетті өндіріс орнына мемлекеттік қолдаудың жаңа механизмдерін енгізу керектігін назарға алып, ондай басымдық Д.Еспаеваның сайлауалды бағдарламасында көрсетілгенін айтты.


* * *

Қазақстан Коммунистік халық партиясынан президенттікке кандидат Жамбыл Ахметбековтің республикалық сайлауалды штабының өкілдері Ақмола облыстық аурухана қызметкерлерімен кездесті. Жиында «Халық коммунистері» фракциясының депутаты Владислав Косарев пен ұйымның Ақмола облыстық комитетінің бірінші хатшысы Бейсенбай Мәжитов сөз сөйледі.

В.Косарев Парламент Мәжілісіндегі «Халық ком­мунис­тері» фракциясының 7 депутаты үнемі қара­па­йым халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға қатыс­­ты бастамаларға ұйытқы болатынын тілге тиек етті. Бұдан кейін ол үміткер Ж.Ахметбековтің сай­­лауал­­­ды тұғырнамасының басым бағыттарына тоқта­лып, медицина қызметкерлерінің сұрақтарына жауап берді.
Өз кезегінде Б.Мәжитов медицина қызметкерлерінің жалақысын көбейту өзекті мәселе екенін және бұл сұрақ коммунистердің назарында тұратынын атап өтті. «ҚКХП атынан Президент сайлауына түсіп жатқан кандидаттың сайлауалды тұғырнамасында «кедейшілікпен күрес» деген бағыт бар. Міне, дәл осы бағыт әлеуметтік мәселелерді күн тәртібіне қояды. Біздің кандидат денсаулық сақтау саласына, ұлт саулығына ерекше көңіл бөліп отыр. Медицина қызметкерлерінің жалақысын көтеру, зейнетақымен қамтамасыз ету, тұрғын үй мәселесін шешу, еңбек жағдайын жақсарту және басқа да әлеуметтік-экономикалық мәселелер өзекті болып қала береді. Біз осының барлығын шешуге күш саламыз. Сіздерді Ж.Ахметбековті қолдап дауыс беруге және жоғары жалақы алып, заман талабына сай өмір сүруге шақырамыз!» деді Б.Мәжитов.

* * *

Қазақстан Республикасының Кәсіподақтар федерациясынан кандидат Амангелді Таспиховтың кеше сайлауалды тұғырнамасы жарияланып, облыстық штабтары аймақтарда үгіт-насихат жұмыстарын жүргізе бастады.

Кандидаттың республикалық қоғамдық штабының сенімді өкілдері Нұр-Сұлтан қаласындағы Онкология­лық ауруханада еңбек ұжымымен кездесті. Кездесуге 100-ге жуық медицина қызметкері қатысты. Штабтың тең төрағасы С.Дәулеталин кандидаттың еңбек жолы мен адамгершілік тұлғасын баяндап, сайлауалды тұғырнамасымен таныстырды.

Сондай-ақ президенттіктен үміткер Маңғыстау облысы бойынша сайлауалды штабы Жаңаөзен қаласының еңбек ұжымымен кездесу өткізді. Делегация құрамында облыстық қоғамдық штабтың басшысы, Маңғыстау облысының Кәсіподақ орталығының төрағасы Киік­бай Жаулин, төрағаның орынбасары Тельман Матаев болды. Онда жұмыс берушілердің жауапкер­шілі­гін күшейту, қызметкерлердің еңбек құқық­тарын қамтамасыз ету, қауіпсіз еңбек жағдайлары, лайық­ты еңбекақы және еңбек көші-қонын реттеу сияқты мәселелер кандидат А.Таспиховтың алға қойған мақ­саттары екені айтылды.

* * *

«Ұлт тағдыры» ұлттық-патриоттық қозғалысы атынан президенттікке кандидат Әміржан Қосановтың сайлауалды штабы Солтүстік Қазақстан облысының Бәйтерек ауылына келді. Штаб өкілдері жергілікті тұрғындармен кездесіп, кандидаттың сайлауалды тұғырнамасын таныстырды.

Халықпен кездесуде Ә.Қосанов өз сайлауалды тұғырнамасының негізгі бағыттарын атап өтіп, тұрғындарды толғандырған сұрақтарға жауап берді. Іс-шара барысында ауыл тұрғындары, ақсақалдар сөз сөйлеп, өз көзқарастарымен бөлісті, бірқатар мәселе көтеріліп, шешу жолдары талқыланды.
Сонымен қатар Талдықорған қаласындағы Ілияс Жан­сүгіров атындағы Мәдениет үйінде Ә.Қосановты қол­дауға арналған дөңгелек үстел жиыны өтті. Облыс­тық сайлау штабының үйлестірушісі Жүкел Хамай кандидаттың сайлауалды тұғырнамасында көрсетілген «Ұлттық дәстүрлерді дамыту және дәстүрлі құндылықтарды сақтау» тақырыбында сөз сөйледі. Кездесуге келген облыстық ақсақалдар кеңесінің өкілдері мен ардагерлер және студенттер сөз сөйлеп, өз ойларын білдірді.

* * *

Нұр-Сұлтан қаласындағы «Жетісу» саябағында «Ұлы дала қырандары» республикалық қозғалысынан президенттікке кандидат Сәдібек Түгелдің сайлауалды штабы экологиялық акция өткізді. 1991 жылы 12 мамыр экологиялық білім күні ретінде белгіленіп, Ресейде және ТМД елдерінде атап өтіліп келеді. Осыған сәйкес аталған акция қоршаған ортаға қамқорлық жасауды, жас буынды туған жерінің табиғатына жанашырлықпен қарауға экологиялық білім беру арқылы тәрбиелеуді мақсат етіп алды.

С.Түгел өзінің сайлауалды бағдарламасында «Жер-ана – жанымыз, ана тілі – арымыз» деп ұр­пақ бойына ұлттық құндылықтарды сіңіру басты ұс­танымы екенін атап көрсеткен. Сондықтан бұл шараға мектеп оқушылары мен республикалық каратэ феде­рациясының жас спортшылары жиналды. Олар «Ұлы дала қырандары» қозғалысының кандидатына қолдау көр­сетіп, саябақтардағы тасталған қоқыстарды жинап, акцияға белсенді қатысты. Осылайша жас ұрпақ адамның санасы тазармай, қаласы тазармайтынын сезініп, экологиялық іс-шарадан ерекше әсер алды.

Мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру мен ұрпақ тәрбиесін алға қоятын С.Түгел осы шараның алдында елордадағы түнгі клубтарды аралап, жасөспірімдерді жат қылықтардан бойын аулақ ұстауға шақырды. Бүгінде кандидаттың 3 қалада және 15 облыста 17 қоғамдық сайлауалды штабы жұмыс істеп жатыр.


Дайындаған

Орынбек ӨТЕМҰРАТ,

Қалмаханбет МұҚаметқали,

Хамит ЕСАМАН,

«Egemen Qazaqstan»