Аймақтар • 14 Мамыр, 2019

Алакөл кәсіпкерлері 6 отбасыға үй алып берді

1068 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Алматы облысының Алакөл ауданында да баспана зардабын тартып жүрген көпбалалы отбасылар бар. Қазір ауданда 1384 көпбалалы және әлеуметтік жағдайы төмен отбасы есепке алынған, олардың ішінде 165 әулет тұрғын үй кезегінде тұр екен.

Алакөл кәсіпкерлері 6 отбасыға үй алып берді

Жетісу кәсіпкерлерінің ізгі акциясының аясында аудандағы  іскер азаматтар 6 бірдей отбасына үй сатып алып беріп, қуанышқа кенелтті. Мысалға, Екпінді ауылындағы «Майқынов Е» шаруа қожалығының басшысы Ермек Майқынов өз ауылдасы,  «Күміс алқа» иегері Қарақат Сартбаеваға 7 бөлмелі үйді сыйға тартты. Үйі мен күйі келісіп, қуанышқа кенелген тағы екі көпбалалы отбасы Қабанбай ауылынан болды. Облыстық мәслихат депутаты, «Қабанбай жолаушы тасымалы» серіктестігінің директоры Қанат Қожабеков пен Алакөл аудандық мешіті тізе қосып, екі әулетке бірден үйдің кілтін тапсырды. «Күміс алқа» иегері Светлана Ақшолақова мен Зоя Старченконың отбасы енді өз шаңырақтарында өмір сүреді. Ал «Достық – Тазалық» серіктестігінің директоры Шалқар Жақсыбаев болса Қызылащы ауылында тұратын мұқтаж отбасына 4 бөлмелі баспана алып берді.

Дерек бойынша Алматы облысының қалталы азаматтары бүгінге дейін елуден астам көпбалалы отбасыларға баспана алып беріпті. Бұл игі іс жалғаса беретіні анық.

Алматы облысы