Қазына Қалибек
Сенбі, 20 сәуір 2013 0:34
Қалибек ағамен ілуде бір кездескен сәтте, ол кісі туралы ойға қаламын: ауданда тұрып-ақ қаламгер ретінде өзінің туған жері мен еліне осыншама үлкен еңбек сіңіруге болады екен ғой деп.
Сенбі, 20 сәуір 2013 0:34
Қалибек ағамен ілуде бір кездескен сәтте, ол кісі туралы ойға қаламын: ауданда тұрып-ақ қаламгер ретінде өзінің туған жері мен еліне осыншама үлкен еңбек сіңіруге болады екен ғой деп.
Иә, бүгінде жетпіс жастың биігіне көтеріліп отырған Қалибек Алтыбаевты Зайсан тарихының қазынашысы, шежіресі деп айтуға әбден болады. Егер осы сөзіме сенбесеңіз, ол кісінің жазған «Атамекен Зайсан» атты кітабын оқып көріңіз. Осы кітаптан ауданның әр кезеңдегі тарихы мен сол тарихта азды-көпті із қалдырған мыңдаған адамының, қол бастаған батырларының, ел бастаған билерінің, патша заманындағы болыстары мен байларының, неше түрлі саудагерлері мен көпестерінің, бала оқытқан молдалары мен алғашқы мұғалімдерінің, балуандары мен шешендерінің, құсбегілер мен саятшыларының, қазақта алғаш қызыл кірпіштен өрнектеп там соққан шеберлері мен ұсталарының, ел басқарған азаматтарының, аты шыққан ғалымдары мен қаламгерлерінің, өнер шеберлерінің, Кеңес Одағы кезінде өмірді алға бастырған еңбек майталмандарының, соғыс ардагерлерінің, ұстаздар мен дәрігерлердің, бүгінгі заманның кәсіпкерлерінің және басқа да кәрісі мен жасының жеке өмірі туралы қызықты мағұлыматтарға, Зайсан тарихының қыры мен сырына қанығасыз.
Осыншама бай деректерді жинастырып жариялаудың өзі бір адамның өміріне жүк болғандай. Мен тіпті бұл кітапты жасқанбастан Зайсан ауданының энциклопедиясы деп айтқан болар едім. Қалибек аға өзінің осы бір ғана еңбегі арқылы аудан тарихын мұнан кейін зерттеушілерге, бүгінгі мен ертеңгі күннің талапты жастарына мол мұра қалдырып отыр.
Алайда, Қалибек ағаның еңбегі мұнымен шектелмейді. Ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарсаңында аудан әкімдігіне «Зайсан» деп аталатын түрлі-түсті безендірілген бірнеше жүздеген суретпен көркемделінген деректі танымдық кітапты тағы да шығарысып берді. Онда ауданның шаруашылықтары мен әр саладағы мекемелері, еңбек озаттары туралы мол деректер бар. Мұнан кейін ауданның білім саласының барлық мекемелері мен мектептерін, ұстаздарын қамтыған «Ұстаз – елдің тірегі» атты 450 беттік тағы бір толымды кітап шығарды. Қысқасын айтқанда, ауданның кешегісі мен бүгінін, бай тарихын Қалибексіз елестету қиын.
Дегенмен, бұл айтылғандардың барлығы Қалибек ағаның бір ғана қыры.
Қалибек Алтыбаев – қазақтың танымал сөзжұмбақшысы. Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Зайсан ауданының құрметті азаматы. «Сан сұраққа саяхат» (1993), «Зайсан өрнектері» (2000), «Абайдың алып айдынынан» (2001), «Шырағың мәңгі сөнбейді» (2003), «Сынаптай сырғыған жылдарым» (2003), «Атамекен Зайсан» (2006), «Үш кемелдің шалқарынан» (2011), т.б. кітаптардың авторы. Бұл кітаптарының басым бөлігі сөзжұмбақтардан тұрады. Анау-мынау емес, ұлы Абай, Шәкәрім, Әуезовтің алып айдынын арқау еткен сөзжұмбақтар дүниесі. Қалекең сөзжұмбақтың қазақшасының тарихы 1957 жылдан басталады деп санайды. Өзі сөзжұмбақ құрастыруды 1960 жылдан бастаған.
Қалағаң сөзжұмбақ әлеміне қалай келді?
– Абайды 12 жасымнан бастап оқыдым. Дұрысы, «Абай жолын». Әкем соғыстан жанын әрең сүйреп келген ардагер, шешем жарымжан адам. Жан сақтау керек. Сауыр тауының ішінде, Обалы деген жерде төрт кластық бастауыш мектеп болды. Осы мектепте барлығы оншақты бала оқимыз. Бесінші кластан бастап оқуды тастап, қой жайып, тырбанып тіршілік етуге тура келді, – деп сыршыл әңгіменің шетін суыртпақтап шығарды Қалибек аға.
Бір күні Қызыл отауда «Қазақстан әйелдері» журналын ақтарып отырса, соңғы беттерінде төрт-бес кроссворд жарияланыпты. Бірақ біреулер әлгі кроссвордтардың шешуін тауып, торшаларына жазып қойыпты. Ол енді журналдың келесі санын асыға күтті. Журналдың жаңа санында әлгі кроссвордтардың жауабы жарияланыпты. Жауаптарының көбісі дұрыс болып шықты. Өзі құрастырған сансөздерді облыстық «Коммунизм туы» газетіне жібере бастады. Бұл газетте Талаптан Иманбаев деген сөзжұмбақшы бар ол кезде. Сол кісі жазбаша нұсқаулар беріп, жалықпай жауап хаттар жазады.
1970-ші жылдары Қалекең сол Иманбаев ағамызға салалық сөздердің қазақшасын жаздырады. Былай деп: кроссворд – матау сөз, чайнворд – тізбе сөз, криптограмма – сансөз, анаграмма – сөзден-сөз, ребус – бейнесөз, сканворд – бағдарсөз. Осы терминдерді аударған авторлық құқысы заңды бекімесе де, бұл сөздер қазіргі күнге дейін солай пайдалануда.
Ұлы Абай, Шәкәрімнің, Мұхтардың ізі қалған Семейдің зиялы жұртымен бертінде жақын араласты. Семейдегі республикалық Абай қорының президенті Балтабек Ерсәлімов, Абай қорық-мұражайының бұрынғы директоры Төкен Ибрагимов, өскемендік танымал ұстаз Қанипа Бітібаеваның ой-пікірлерінің, кеңес-пайымдарының пайдасы үлкен болды.
2011 жылы Семей баспасынан Абай, Шәкәрім, Мұхтар шығармашылығына құрылған сөзжұмбақтардан тұратын «Үш кемелдің шалқарынан» кітабы шықты. Бүгінде «Абайды оқы, ойлан, тап» деген кітаптың соңғы нүктесін қоюға таяу. Жақын келешекте жарық көріп қалар.
Ал енді осы айтылғандарға қарап, Қалибек ағаны өмір бойы жазу-сызумен, сөзжұмбақпен айналысқан жан екен деп ойлап қаларсыз. Мүлдем олай емес. Ол өмір бойы аудан өмірінің ыстығы мен суығына тонып, шаруашылықтарда қызмет етіп келді. Жастық шақта біраз уақыт мал да бақты. Аудандық газетте мақала, өлеңдердері бұрқырап шығып жатты. Оқуды сырттай оқыды. Содан Кеңес Армиясы қатарына шақырылды. Әскерден оралған соң «Кендірлік» кеңшары комсомол ұйымының хатшылығына бекітілді. 1970 жылы «Қаратал» кеңшарына жұмысшы комитетінің бастығы, 1973 жылы Благодарнен ауылдық кеңсесінің төрағасы болып сайланды. Алматының жоғарғы партия мектебін сырттай оқып бітірді. 1987 жылы аудандық дайындау кеңсесіне директор болып келді. 1990 жылдардың басында Семей полигоны жөніндегі арнайы комисссияның төрағасы болды.
Сөйте жүріп, Зайсанның тарихын, ел арасындағы әңгімелер мен мұрағат деректерін тірнектеп отырып жинастырып, жарыққа шығаруда бір өзі бір мекеменің мойнына жүк боларлықтай үлкен істер тындырды. Осының бәрі бойына ата-ана қанымен біткен зеректіктің, өмір тәрбиесінен алған ұқыптылық пен жалынды жігер, көпшіл қасиеттің, ерінбейтін еңбекшілдіктің арқасы. Ол кісімен әңгімелескен адам аз уақыттың өзінде осы өңір тарихы туралы талай жайға қанығады.
– Жалпы, Зайсан өңірі сауда ісі ертеден жүріп, дамыған жер ғой. Зайсанда ХІХ ғасырдың өзінде 32 гильдиялы саудагер болған. Ойлап көріңіз, 32 мәртебесі жоғары саудагер! Бірінші гильдиялы саудагерлер шетелдермен сауда жүргізген. Екінші гильдиялысы ел ішінде дегендей.
Зайсанда 1874 жылы Бейсен ауылшаруашылық мектебі ашылады. Онда кіші мал дәрігерлері, агрономдар даярланған. 1876 жылы Зайсан қаласында Ломоносов мектебі ашылған.
1912 жылы анау АҚШ-тың атақты Чикаго қаласында өткен фестивальда Зайсандағы Хохловтың ара балы сапасы мен дәмділігі жағынан бірінші орын алған. Сауырда өсетін сарлық қойының етін орыс патшасының өзі әдейі алдырып отырған. Меринос қойын Зайсан өңіріне Сорокин деген саудагер бай алып келген деген сөз бар. Осы Сорокиннің 50 мың қойы, 10 мың ірі қарасы, жүргенде жер қайысқан қалың жылқысы болған. Осы Сорокиніңіз ХІХ ғасырдың аяғында атағы жер жарған «скотопромышленник» атанған. Тері өңдеу өнеркәсібін жолға қойған. Жиырмасыншы ғасырдың басында Зайсанда алғаш кинозал ашқан, – дейді Қалибек аға.
Сайлау ТӨЛЕУОВ,
журналист.
СЕМЕЙ.