Оқу жылының аяқталуына орай, оқушылар мен ата-аналарды мектеп бітіру кешін өткізудің форматы алаңдатады. Министрлік оларға ата-аналар комитетінің ақша жинайтындығы туралы хабарлама жиі түсетіндігін айтады. Ол көптеген ата-ана үшін отбасылық бюджетке салмақ салатыны анық. Мектеп қабырғасында ақша жиналмауы керек деп жыл сайын айтылғанмен, ата-аналар балаларының мектеп бітіру кешін сән-салтанатпен өткізуді доғарар емес. Әрине, олар кешті есте қаларлықтай, балаларға қызықты етіп ұйымдастырғылары келеді. Әйтсе де, ол шығынды екінің бірінің қалтасы көтере бермейді. Бұл жағдай жыл сайын көтерілетін мәселеге айналды.
Мұндай хабарламаларға жауап ретінде Білім және ғылым министрлігі өз тарапынан мектеп бітіру кешін ақшаны үнемдеу үшін дәмхана, мейрамханаларда емес, мектеп қабырғасында өткізуді ұсынды. Сондай-ақ министрлік мектеп бітіру кешінің мақсаты сәнді киімдер мен мол дастарқанды көрсету емес, балалардың, мұғалімдер мен ата-аналардың есінде қаларлық мектепішілік жиын деп есептейді.
«Мектеп бітіру кешінің форматы қымбат әрі сән-салтанатқа толы кеш болмауы керек. Жылдар бойы тұлғаны қалыптастыруда талмай еңбек еткен педагогтар мен ата-аналар және таяуда мектеп қабырғасынан түлеп ұшып, үлкен өмірге қадам басатын кештің басты кейіпкерлері — түлектер арасындағы жылы диалог түрінде өткені абзал» деп хабарлады министрліктің баспасөз қызметі.
Сондай-ақ БҒМ бұл кеште оқуда озат, жетістікке жеткен, мектеп, аудан, қала, облыс, республикалық, халықаралық деңгейдегі спорттық, интеллектуалдық жарыстарда жеңімпаз болған, мектептің қоғамдық өміріне белсенді атсалысқан балаларды құрметпен атап өту орынды екенін атап өтті.
Министрлік баспасөз қызметінің хабарлауынша, түлектер мектеп бітіру кешін педагогтардың көмегімен креативті бағдарлама дайындап, ата-аналарына, сүйікті ұстаздарына және жанына жақын сыныптастарына алғыстарын білдіретін мағыналы әрі қызықты форматта ұйымдастыруына болады.
Естеріңізге сала кетейік, мектеп бітіру кешінде шараның өткізілуі,
қатысушылардың өмірі мен денсаулығы үшін жауапкершілік мектеп әкімшілігінің
мойнында болады.