Үкімет • 14 Мамыр, 2019

Мемлекеттік бюджет кірістерінің жоспары 103,9%-ға асыра орындалды — Қаржы министрлігі

1079 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысы барысында 2019 жылғы 4 айдағы республикалық бюджеттің орындалуы туралы Премьер-Министрдің Бірінші орынбасары – Қаржы министрі Әлихан Смайылов баяндады. Бұл туралы Премьер-Министрдің баспасөз қызметі хабарлады.

Мемлекеттік бюджет кірістерінің жоспары 103,9%-ға асыра орындалды — Қаржы министрлігі

Қаржы министрлігінің мәліметінше, есепті кезеңде мемлекеттік бюджетке түсімдер 3 трлн 993 млрд теңгені құрады. Шығыстар 4 трлн 128 млрд теңгеге атқарылды. 1 мамырдағы жағдай бойынша 316 млрд теңге көлемінде бюджеттік қаражат қалдықтары қалыптасты.

«Мемлекеттік бюджеттің кірістері бойынша есептілік кезеңінің жоспары 103,9%-ға, оның ішінде республикалық кірістер – 100,9%-ға, жергілікті бюджеттер – 113,5%-ға асыра орындалды», деді Ә. Смайылов.

Республикалық бюджетке 2 127 млрд теңге түсті. Бұл жоспардан 19 млрд теңгеге, ал былтырғы жылдың төрт айының көрсеткішінен 345 млрд теңгеге артық. Өсу қарқыны 119,4% құрады. Асыра орындау негізінен 13 млрд теңге көлеміндегі салықтық емес түсімдер есебінен қамтамасыз етілді.

«Жергілікті бюджеттердің кірістері 91 млрд теңгеге артығымен орындалып, 761 млрд теңгені құрады. Асыра орындаудың жалпы сомасының 74 млрд теңгесі жергілікті салықтарға тиесілі. Мемлекеттік бюджет шығыстары 97,8%-ға, республикалық бюджет шығыстары – 98,3%-ға және жергілікті бюджеттер – 98%-ға атқарылды», деді Ә. Смайылов.

Қаржы министрі атап өткендей, ағымдағы жылы өңірлерге бөлінетін нысаналы трансферттер көлемі 1 638 млрд теңгені құрайды. Бюджетті нақтылау кезінде нысаналы трансферттердің сомасы 873 млрд теңгеге ұлғайтылды. Олар азаматтық қызметшілердің, оның ішінде мұғалімдердің, медицина, әлеуметтік сала қызметкерлерінің жалақысын өсіруге, көп балалы отбасыларға атаулы әлеуметтік көмек шараларын күшейтуге, оларға тұрғын үйді салуға, «Ауыл – ел бесігі», «Жас маман» жобаларын іске асыруға бағытталды.

«Есепті кезеңде жергілікті бюджеттерге 266 млрд теңге бөлінді. Оның ішінде 13 млрд теңгесі – жаңадан бөлінген қаражаттар атаулы әлеуметтік көмекке және тұрғын үй салуға аударылды. Жергілікті атқарушы органдардың алдын ала деректері бойынша нысаналы трансферттер 96,5%-ға игерілді», деді Ә. Смайылов.

Сонымен қатар, 4 айдың қорытындысы бойынша камералдық бақылаумен жалпы сомасы 3 трлн 603 млрд теңгеге 592 мың мемлекеттік сатып алу процедуралары қамтылды. 11 855 процедура бойынша сомасы 191 млрд теңгеге мемлекеттік сатып алу туралы заңнаманы бұзушылық анықталды. Осы бұзушылықтарды жою үшін мемлекеттік аудит объектілеріне 11 758 хабарлама жолданды. Нәтижесінде 175 млрд теңгеге бұзушылықтар жойылды.

Ә. Смайылов сонымен қатар Жекешелендірудің кешенді жоспарының орындалу барысы туралы баяндады. Биыл 125 нысан сатылуы тиіс. Есепті кезеңде 83 нысан сатылуға қойылды. Оның ішінде 31 млрд теңгеге 25 нысан сатылды. 58 нысан сатылу барысында.