Аймақтар • 14 Мамыр, 2019

Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Сәуле Айтпаева Алматы облысына жұмыс сапарымен барды

747 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Сенат депутаты, еліміздегі Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Сәуле Айтпаева балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелерін талқылау және балалардың тәрбиесіне қоғамның назарын аудару мақсатында Талғар қаласының активімен кездесті. Бұл туралы Парламент Сенатының баспасөз қызметі хабарлады.

Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Сәуле Айтпаева Алматы облысына жұмыс сапарымен барды

Шараға облыстық прокуратура, жергілікті полиция және денсаулық сақтау бөлімінің өкілдері, аудандық және қалалық мәслихат депутаттары, қалалық білім беру бөлімінің, кәсіптік білім беру ұйымдарының, мектептердің басшылары, педагог-психологтар, ата-аналар қауымдастығының өкілдері, ҮЕҰ және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Уәкіл бірқатар әлеуметтік нысандарды аралап, Талғар агробизнес және менеджмент колледжінің студенттерімен және ұжымымен, Ю.Гагарин атындағы дарынды балаларға арналған №8 гимназияның, №3 Талғар орта мектебінің, Бесағаш ауылындағы №29 орта мектептің ұжымдарымен және оқушылары кездесті. Уәкіл сонымен қатар ата-аналар қауымдастығының өкілдерімен, Талғар ауданының білім беру саласының қызметкерлерімен әңгімелесті.

Сенат депутаты С.Айтпаева сонымен қатар жұртшылық өкілдерімен, «Адам және қоғам» үкіметтік емес ұйымының өкілдерімен, тарих ғылымдарының докторы Ж. Сманқұловпен ашық пікірлесті.

С. Айтпаева ата-аналар қауымдастығының өкілдерімен және Қапшағай қаласының білім беру саласының қызметкерлерімен де кездесті. Қапшағай қаласының балалар шығармашылығы орталығының жұмысымен және №4 психологиялық-педагогикалық түзету кабинетінің жұмысымен танысты.

Кездесу барысында өңірдегі кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау және қамтамасыз ету, балалар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу, денсаулық сақтау, сондай-ақ жетім балалардың құқықтарын сақтау мәселелері талқыланды.

Уәкіл мектеп демалысы кезеңіне дайындық жұмыстарын күшейту және балалардың бос уақытын ұйымдастыру қажеттігін ерекше атап көрсетті, сондай-ақ халық арасында белсенді ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу, балалардың құқықтарын қорғау және отбасылық проблемалар мәселелерінде ашықтықты қамтамасыз ету қажеттілігіне жергілікті атқарушы органдардың назарын аударды.