Қызылордаға қоңсы қонған Түркістан облысының Сайрам ауданындағы Қарабұлақ ауылын мұқым жұрт біледі. Республикамыздың төрт облысына мал бордақылап, ет сатады. Алақандай ғана ауыл. Қарасуды жағалап қонған ауылдың жайылымы жоққа тән. Бордақыға байланған мүйізді ірі қаралар өріске шығып, аяғымен жайылу дегенді білмей-ақ кетеді. Корегі – құрамажем. Қоңына қарасаң өріске жайылған өгізге қарағанда сауырынан маса тайып жығылады. Таразыға салсаң өрістегі екі сиырдың салмағын басады. Яғни, мал бағатын ағайынның пайдаға шыққысы келсе құрамажемсіз күні жоқ.
Қызылорда облысының кәсіпкерлері бұл салаға қатты көңіл бөліп жатыр. Іскер азаматтар бел шешіп кірісіп кетті. Соның бірі – Қармақшы ауданының тұрғыны Людмила Альмеренова. Ол үйінің жанынан құрамажем дайындайтын шағын цех ашып алды.
Төрт түлігінен әркім-ақ пайда көргісі келеді. Ет, сүт бағасы жыл санап өсіп барады. Семіз малдың құны жоғары. Осының бәрін ой елегінен өткізген Людмила мемлекеттік қолдау аясында ашылған арнайы курста дәріс алады. Мамандығы технолог келіншек отағасымен бірлесе отырып, құрама жем дайындауға қажет нұсқаулық оқулықтарды оқиды. Осылайша құрама жем дайындайтын цех қондырғысын Ресейден сатып алып, жұмысын бастап кетті.
Шағын цехтың әзірге айына 1 мың 500 келі құрама жем дайындауға мүмкіндігі жетеді. Бойында мал семіртуге қажет дәруменге бай азықты сатып алғысы келетіндер көп болғандықтан кәсіпкер мемлекеттік қолдау арқылы жеңіл несие алмақ. Осылайша кәсібінің аясын кеңейтпек.
Бидай ұнтағы, күнжара, жоңышқа мен кальций фосфаты қосылған құрамажем сауын сиыр мен бордақыдағы өгіз үшін құнарлы тағам. Сондықтан да сұраныс көп. Осындайда еске түседі. Дүние жүзіне экспортқа мрамор етін дайындап беріп отырған Оңтүстік Кореядағы мал бордақылау концернінің басшылары құрамажем дайындайтын шөп, дақылдарды Америка, Канада сияқты мемлекеттерден сатып алады екен. Өйткені, өздерінде бос жер жоқ. Әр аймақта құрама жем дайындайтын орталықтар бар, олар мал бордақылайтын алып фермаларды дәрумендермен қамтамасыз етіп отырады. Қазақстан сырттан жем-шөп сатып алатын жағдайда емес. Мал бордақылау ісін жолға қойып алса, тасы өрге домалайды. Қызылордалық кәсіпкерлер мұның бағамын жақсы біліп отыр.
Қызылорда облысы