10 Қаңтар, 2013

Қондыгер-қаңлы (жалғасы)

856 рет
көрсетілді
34 мин
оқу үшін

Қондыгер-қаңлы (жалғасы)

Бейсенбі, 10 қаңтар 2013 7:27

Бұл туралы Кир жайындағы кітаптардың бәрінде айтылады. Осы сцена  ұлы Рубенстің қыл қаламымен үлкен полотноға да (фотода) түскен. 1622 жылы салынған ол картина «Томирис Кирдің басын кесуде» деп аталады.

Бейсенбі, 10 қаңтар 2013 7:27

Бұл туралы Кир жайындағы кітаптардың бәрінде айтылады. Осы сцена  ұлы Рубенстің қыл қаламымен үлкен полотноға да (фотода) түскен. 1622 жылы салынған ол картина «Томирис Кирдің басын кесуде» деп аталады.

Парсылардан сарай төңірегінде жүретін, ұрыс-соғысқа қатысы жоқ азын-аулақ адам ғана тірі қалады. Тұмар әже Құрыштың басы салынған көн дорбаны осылардың қолына ұстатыпты. Тағы бір дерек бойынша парсылар бір жылдан кейін әлденеше арба алтын мен түрлі қазына алып келіп, Құрыштың мәйітін сатып алыпты.
Мәйіт елге жеткізілген соң келесі пат­ша­ның әмірімен Құрышқа арналып мавзолей салыныпты. Мавзолейдің құрылысы сол кездегі сәулет өнерінің ең басты жетістіктерін бойына жинақтаған. Ені жалпақ алты баспалдақтан тұратын биік тұғырдың үстіне табыт-камера орнатылған. Камераның өлшемдері 3,17 х 2,11 х 2,11. Құрыш өлгеннен кейін екі ғасыр өткен соң біздің дәуірімізге дейінгі 330 жылы мавзолейге Александр Македонский келіп кетіпті. Ол келгенде Құрыштың дәріленген мәйіті бар ма, жоқ па, белгісіз. Тек қана діндар-шырақшылар бар екен. Александр Үндістанға жорыққа кеткен кезде мавзолей тоналыпты. Үндістаннан қайтып келгеннен кейін Александр тонаушылардың барлығын өлім жазасына кесіпті. Парсы империясының негізін қалаған ұлы жиһангер өзінің өмірін осылай аяқтаған екен.
Аталған мавзолей Иранның Шираз қаласынан 130 шақырым жердегі Персеполь археологиялық аймағында, ескіліктің көп мұрасының бірі ретінде әлі тұр.
Әйгілі архитектор А.Щусев Қызыл алаң­дағы Лениннің мавзолейін жобалағанда осы Құрыштың мавзолейін үлгі етіп алған екен.
Ал енді, осы ұлы жиһангерді жеңіп, қан­­шама халықтарды парсының жаугер­шілігінен, құлдығынан құтқарған біздің Тұмар әжеміздің мәйіті қайда? Әрине, оны ешкім білмейді. Құдай осындай ерекше несібе иесі қылып, ұлы міндет жүктеп жаратқан әжеміздің қасиетті сүйегі осы даладағы сансыз обалардың қайсысында жатыр немесе қазақ жерінде бар ма, әлде бір уыс топырақ мүлдем басқа жерден бұйырды ма, біз оны ешқашан анықтай алмаймыз. Скиф әулетінен туған ұлы ұрғашы, ұлы анамыз, ұлы әжемізді біз тек қана мақтан ете аламыз. Бірақ, ешқашан жатқан жеріне барып тәу ете алмаймыз. Ең өкініштісі сол.
Құрыш патша дүниеге не берді? Оның бүкіл әлемді бағындырып, әділетке, иманға ұйыған біртұтас космополиттік империя-мемлекет жасаймын, бүкіләлемдік біркелкі тәртіп орнатамын деген жаһандандыру әрекеті, ақыр соңында ұшы-қиыры жоқ парсы-грек соғыстарын тудырды, кейіннен енді македондық Александр – Ескендір Зұлқарнайынның Шығысқа қарай жасаған кері жаугершілігіне, адамзат тарихындағы әлі күнге дейін бітпей келе жатқан қантөгістер тізбегіне, адамзатқа, адамдыққа қарсы жасалған ұлан-ғайыр қылмыстарға ұласты.
Құрметті оқырман, осы бүгінгі жер бетінде болып жатқан шым-шытырық шиеленісті оқиғалардың барлығында да сол екі жарым мың жыл бұрын жасаған Құрыш патшаның саясатының ізі, ұшығы бар десем, ол менің асырып айтқандығым емес. Тізерлеп тұрған құл халықты, нәсілі құл халықты әлемді билейтін әмірші халыққа айналдырам деген нақұрыс идея осылайша екі жарым мың жылдық адамзат трагедиясына айналған екен.

Игілікке бастайтын күмән

Есейіп ержеткен сайын, осы мінсіз хикаяның бойынан күмәнді жайттар көзге ұрып көріне бастады. Ең әуелі Құрыштың, массагет дегенде, кіммен күрескендігі аян болды. Гректің тарихи жәдігерлерінде массагет, исседон, тохар, хаумаварга, тиграхауда деп аталатын елдер, барлығы скиф деп аталатын алып елдің жеке-жеке рулары екен. Ескі тарихшылар олардың бір ел екенін жоққа шығармайды.
Күндердің күнінде «сақ» деген жұмбақ елдің де сол баяғы … скиф екені анықталды. Уақыт өткен сайын, мәселенің байыбына барған сайын қазан төңкерісіне дейінгі бұрынғы Ресейдің нәсілшіл тарих­шы­ларының, одан кейінгі совет тарихи ғы­лы­мының былығы күн санап ашыла берді. Ең соңында скиф, хұн, түрік және бүгінгі қазақ, бүгінгі дүниенің шартарабына тарап кеткен барлық түрік халықтары – осылардың барлығы бір-ақ нәсіл екені, бір тамырдан өсіп-өнгені белгілі болды. Тіпті десеңіз америкадағы үндістердің ізі де, осы, кезінде гректер Гиперборея деп атаған ұлы өлкеден табылып жатыр. Қазір ғылымда «палеоазиаттар» деп аталатын жаңа тақырып, жаңа дәріс бар. Жердің тектоникалық тарихын зерттейтін ғалымдардың айтысына қарағанда, осыдан әлденеше мың жыл бұрынғы көне замандарда Америка мен Еуразия бір құрлық болған екен. Ол кезде Америка мен екі арамызды бөліп тұратын Беринг бұғазының нышаны да жоқ екен. Кейіннен сұмдық планеталық апат кезінде біртұтас құрлық ортасынан «сынып», екі «сынық» екі жаққа кетіпті. Ортасынан бұғаз пайда болған. Немесе тектоникалық тарихтан енді адамзат тарихына келетін болсақ, бәрі де өз-өзінен түсінікті болып шығады. Ұлы апат кезінде біртұтас құрлық қана «сынбаған», қарағанда көз талатын сонау ықылым (әлде 50-60 мың, әлде тіпті 100 мың жыл бұрынғы) заманнан бері осы құрлықта өсіп-өніп келе жатқан бір ұлы нәсіл де ортасынан «сынған». Жартысы Америка құрлығымен бірге жер шарының қарсы бетіне кетіп қалған. Сеніңіз-сенбеңіз тектоника ғылымы осылай дейді. Генетикалық анализ кезінде америкалық үндістер түркі халықтарымен нәсілдес болып шықса, басқаны білмеймін, өзім таңқалмас едім. Кім біледі, кейін «палеоазиаттар» деп аталатын ғылым бағытын өзгертіп «палеоскифтер» болып кетуі де ғажап емес.
Әрине, бұл алыс болашақтың ісі. Ал біз өзі­міздің тікелей бабаларымыз – скиф­­терге қайтып келейік. Тарихи ғылым барлық уақытта идеологияның құралы, өз заманындағы саясаттың айнасы болған. Большевиктер бұл тарапта ешқандай жаңа­лық ашқан жоқ. Сол себепті совет тарихи ғылымы да бұрынғы ескі жолмен жүрді. Осының салдарынан көшпенді әулеттің адам түсінбейтін тарихы жасалды.
Сөзіміз түсінікті болуы үшін мысал кел­тіре отырайық. Ең әуелі скифтердің, сақтардың, хұндардың, түріктердің және ең соңында дүниеге шашырап кеткен түркі халықтарының тарихтары – бұлар бір-біріне қатысы жоқ, бөлек-бөлек тұрған тарихтар деп жарияланды. Яғни, совет түркологиясының, скифологиясының «дәлелдеріне», «уәж­де­ріне», «аргументтеріне» сүйенетін болсаңыз, онда Даланың тарихы мынадай болып шығады. Ең әуелі бұл даланы скиф деген халық жайлапты. Әлбетте, ол скиф дегеніміз бір-бірімен өмір бойы соғысып жүретін, бір-біріне қаны қосылмайтын түрлі тайпалардан тұрған. Сақтар бұларға мүлдем ұқсамайды, басқа халық дейді. Жақсы деп келісесіз. Бір кезде сақ та, скиф те кенеттен жоқ болып кетеді. Қайда кетті деп сұрайсыз. В общем, қысқасы… тарих сахнасынан кетіп қалды дейді. Есесіне, арада тағы біраз уақыт өткенде енді Еуразияда хұн деген халық пайда болады. Скифтен айнымайды. Жоқ, бұл мүлдем басқа халық дейді. Бұлар да бастары бірікпейтін … бірдеңелер дейді. Бірақ, сол «бірдеңелер» Қытайдан жеңіліп, Еуропаға қоныс аударып келгенде әлемді билеп отырған Рим империя­сын алдына тізерлетіп тұрғызып қойыпты. Бұл әзер-әзер мойындалатын немесе мүлдем мойындалмайтын нәрсе. Ал скифтер тарих сахнасынан кеткенде, мүмкін, былайша айтқанда, басқа бір алыс өлкеге қоныс аударған шығар. Көшпенді халық еді ғой дейсіз. Жоқ, біржола жер бетінен жойылған дейді. Ал олай болса, хұндар қайдан келді деп сұрайсыз. В общем, қысқасы … аспаннан түсті дейді. Хош. Күндердің күнінде хұндар да ғайып болып кетеді. Қайда кетті? Жарым-жартылай ассимиляцияға ұшырап, Еуропа халықтарының құрамына кіріп кетті. Ал, қалғандары … тарих сахнасынан біржола кетті дейді. Халықтар құдды актерлер сияқты бірін-бірі алмастыратын бұл нендей сахна деп сұрайсыз. Сахна деген біздің көзіміз көріп тұрған, көзіміздің жанары жеткен жер. Яғни, біздің қағазға таңбалаған жәдігерлеріміз дейді.
Алдыңызда тау, яки қалың орман тұр дейік, сіздің көзіңіз таудың бер жағындағыны, асса өзіңізге қарап тұрған бөктердегіні ғана, орманның алаңқайындағыны ғана көресіз. Ал сол сіз көрген құбылыс таудан не орманнан әрі қарай секіріп кетті дейік, онда қалай болады дейсіз. Онда біздің шаруамыз жоқ, біз өзіміздің көрген-білгенімізді ғана, өзімізге қатысы барды ғана, өзіміздің қатысқанымызды ғана тарих деп мойындаймыз дейді. Осыдан кейін, құрметті оқырман, хұндардың ауаға сіңіп ізім-қайым жоғалуы мен арада біраз уақыт өткенде, аспаннан, ғайыптан түрік қағанаттарының пайда болуы өз-өзінен түсінікті нәрсе. Күлмеңіз, бәрін сиқыр арқылы түсіндіретін тарихи ғылым осылай деп баян етеді. Тек түрік қағанаттарынан кейінгі тарихқа келгенде азын-аулақ ұяттары оянады. Себебі, көзкөрім жерде тұрған, елдің бәрі білетін кешегі ғана тарих қой. Бұнда да біраз нәрсені былықтырып барып, қазақ, қырғыз, башқұрт, әзербайжан, осман түріктері, гагауз, т.б. түркі халықтарын баяғы көне түріктердің ұрпағы екенін әзер-әзер мойындайды.
Тоталитарлық система түркі халық­та­ры­ның әрқайсысына жеке-жеке тарих «жасап» берумен шектелмеді. Түркілерде бұрын түк те болған жоқ, жазу болған жоқ деген желеу­мен түркі халықтарына түрлі әліпби (алфавит) үлестіріп берді.
Енді түсінісіп көріңіз. Әскерде жүр­ген­де Кавказдан келген қарашай, балқар, құмықтармен, қырымнан келген татарлармен қазақша сөйлесе беретінбіз, себебі бұл тілдердің арасындағы айырма өте аз, жоққа тән. Ал азын-аулақ айырма әліпбиден болған, себебі, басқа тілден (дәлірек айтқанда орыс тілінен) келген дыбыс, сөйлеу мәнеріне әсер етеді. Бұл ғылыми дәлелденген нәрсе. Ал енді қарашай, құмық, балқар тілінде шыққан газет-журналды, кітапты оқып көріңіз. Оқи алмайсыз. Себебі қолдан жасалған, бір ғана нәрсені – түбі түріктерді жақындастырмауды, олардың өзара түсінісуін барынша қиындатуды көздеген әліпбиді, дыбысталу жүйесін түсіну мүмкін емес. 80-жылдардың аяғында болған бір оқиға есіме оралады. Консерваторияның ректоры Дүйсен Қасейіновтің  жылына бір немесе кейде екі рет халықаралық түркі халықтарының конференцияларын, өнер фестивальдерін ұйымдастыратын бір жақсы әдеті бар еді. Осындай кезекті конференциялардың біріне чуваштың атақты музыкатанушы ғалымы келді. Ол кезде мен консерваторияның жанындағы фольклор кабинетінің меңгерушісі қызметіндемін. Чуваштың ғалымы танысқаннан кейін чуваштың халық әндері топтастырылған бірнеше күйтабақты сыйға тартты.
– Фонотекаңызға сақтап қойыңыз, алыста чуваш деген бауырымыз бар деп ұмытпай жүріңіздер бізді, – деді.
Күйтабақты аударып-төңкеріп қарадым. Әр әннің астында, жақшаның ішінде келетін «юрлать» деген сөзге назар аудардым. «Юрлать» дейді де адамның аты-жөнін жазады.
– Сіздерде «ю» деген әріп бар ма? –деп сұрадым.
Ғалым күлді.
– Жоқ, әрине. Ол орыс алфавитінен келген.
– «Юрлать» деген не мағына береді? – дедім.
– Сіздер шығарманың астына, «орындайтын пәленше» деп жазасыздар ғой, бұл да сол сияқты, – деді ғалым.
– Солай деп жазбайсыздар ма, «юрлать» деген сөз түсініксіз екен, – дедім.
Ғалым тағы да күлді.
– «Юрлать» деп жазылады, «жырлайды» деп оқылады, кей жерлерде «йырлайды» деп оқылады, – деді содан соң.
– Олай болса «ю» қайдан келді? – дедім мен.
Чуваш ғалым сәл мұңайыңқырап қалып барып жауап берген.
– Не істейсіз. Тағдыр деген сол. Бізге жасап берген әліпбиінің түрі осы.
Империялық, тоталитарлық идеяны бас­шылыққа алған советтік тіл ғылымы осын­дай қылмыстарға барған. Бірақ, осы істің басы-қасында жүрген ғалымдарды айыптауға да болмайды, себебі, барлығы да қызыл дуалдың ар жағында отырған мұртты әміршінің айтуымен жасалған.
Әрине, бүгінде байырғы түрік санасын қалпына келтіру мақсатында көптеген орталықтар, жекелеген адамдар жұмыс істеп жатыр. Ең әуелі тындырылатын іс – әліпбиді унификациялау, ортақтастыру. Бұл тарапта біршама игілікті шаралар іске асқан сияқты. Ең бастысы, түркі халықтарының филологтары бірыңғай латын әліпбиі жайында пәтуаласқан. Егер осы іс аяғына дейін жеткізілсе онда түрік тілі ағылшын мен қытай тілінен кейінгі үшінші орынға шығуы мүмкін. Компьютер тілін білетін мамандардың айтысына қарағанда осы күнгі флективті (қопарылмалы) тілдерден гөрі компьютерге агглютинативтік (жалғамалы) түрік тілі қолайлы көрінеді. Әрине, бұл болашақтың ісі.

Гумилевтiң айтқан әңгiмесi

1988 жылдың күзiнде мен Ленинградқа бардым. Сондағы Салтыков-Щедрин атындағы мемлекеттiк кiтапханада екi аптадай отырып жұмыс iстеудi жоспарлаған едiм. Ленинградта оқитын аспирант дос­тарым жақсылап қарсы алды, сонымен ертеңiне жұмысқа кiрiстiм. Айта кету керек, Мәскеудегi Ленин атындағы мемлекеттiк кiтапханадан кейiнгi екiншi орында тұрған бұл әйгiлi кiтап қоймасы әлемдегi ең iрi кiтапханалардың бiрiнен саналады.
Осы қисапсыз байлықты ақтарып жүрген күндерi мен бiр қазақтың баласымен таныс­тым. Түсте асханада шай iшiп отырғанымда жаныма ұзын бойлы, аққұба, түрi орыстың актерлерiне таман келетiн бiр жiгiт тақап, таза қазақ тiлiнде амандасқан. Алыста жүрiп отандасыңды, қандасыңды кездестiрген үлкен қуаныш. Iлезде шүйiркелесiп кеттiк. Аты – Қайрат, фамилиясы Данабаев екен. Ұмытпасам, экономика мен философия саласының маманы.
– Сiз сирек қолжазбалар қорында отырсыз, мен бұл кiтапхананы бес саусағымдай бiлем, осында жүргенiмiзге он жылдай болды, өз үйiмiз сияқты, – дедi жаңа танысым. – Айтыңыз, не iздеп жатырсыз? Көмектесiп жiберейiн.
– Геродот, Страбон, Ксенофонттан басқа, скифтер туралы жазған авторлар болса, – дедiм мен.
Қайрат ойланып қалды.
– Қиындау екен, – дедi содан кейiн. – Бiз былай iстейiк. Кешке бiрге шығайық. Мен бүгiн Гумилевтiң үйiне бара жатырмын. Лев Николаевич әлемдегi ең мықты источниковед-жәдiгертанушылардың бiрi. Ойымша, проблемаңызды сол кiсi шешiп бередi.
Кешке бiрге шығып, Ленинградтың алыс аудандарының бiрiнде тұратын ұлы тарихшының үйiне осылай барған едiм. Артынан естiдiм, қазақ аспиранттары ол кiсiнiң үйiне емiн-еркiн кiре бередi екен. Есiктi бiр қыз ашты. Гумилев орта бойлы, нығыз денелi, сары өңдi адам екен. Аман-саулық сұрасқаннан кейiн Қайрат сөмкесiнен төрт кiтап алып, үй иесiне ұстатқан. Гумилев бiр журналды ашты да, кiтаптардың мұқабаларына қарап отырып, бiр белгi жасады.
– Бесiншi кiтабыңызды кейiн қайтарам, – дедi Қайрат.
– Жарайды, келiстiк, – дедi үй иесi.
Гуми­левтiң кiтап қоры қазақ аспи­рант­тарының атаусыз кiтапханасы екен. Бiрiн алып, бiрiн қайтарып жатады. Кiмнiң не алғаны журналда тiркеледi.
Жасы келген кәрi адам. Жалғыз тұрады. Тарих-этнография институтының аспиранттары кезектесiп үйiн қарап, тамағын пiсiрiп бередi екен. Аздан соң алдыға шай келдi. Гумилев сонда ғана сұраулы жүзiн маған бұрған.
– Бұл жiгiт Алматыдан келдi, сирек қолжазбалар қорында жұмыс iстеп жатыр, – дедi Қайрат.
– Аты-жөнiңiз кiм? – дедi Гумилев.
Мен аты-жөнiмдi айттым.
– Қазақсыз ба? – дедi Гумилев.
– Иә, қазақпын, – дедiм мен.
Үнсiз шай iшуге кiрiстiк.
– Руыңыз кiм? – дедi бiр кезде үй иесi.
Айдаладағы Ленинградта отырған орыс ғалымының руыңды сұрағаны бiртүрлi… жабайы (Құдай кешiрсiн) естiледi екен. Сасып қалдым. Содан соң руымды айттым.
– Кет Бұғаның руы ғой, – дедi Гумилев. – Менiң «Этногенез және Жердiң биосферасы» деген кiтабымда Кет Бұға нойон жайында тұтас тарау бар. Оқып па едiңiз?
Кет Бұға жайлы бiраз әңгiмелеп бердi. Оның тамплиер рыцарьларына көмекке барғаны, рыцарьлардың сатқындық iстегенi, Кет Бұғаның жеңiлгенi, өлгенi, сүйегi сол Палестинада қалғаны… жүрек елжiрететiн көне шежiре.
– Кет Бұғаның тұқымдары бар ма? – деп сұрады әңгiмесiнiң аяғында үй иесi.
– Жезқазғанның Ұлытау ауданында Балталы-Бағаналы деген Найманның бiр атасы жайлайды, Кет Бұғаның елi сол, – дедiм мен, – Кет Бұғаның күйлерi қазақта әлi тартылады.
Гумилев сәл таңқалып қалды.
– Ол музыкант болған ба?
– Иә, күйшi болған, «Кертолғау», «Сынған Бұғы», «Емен толқын» деген күйлерi болған, – дедiм мен.
Гумилев аз үнсiз отырып барып сөзiн сабақтаған.
– Әрине, оның таңқалатын ештеңесi жоқ. Ол заман ерлiк заман, ерлердiң заманы ғой. Ол кезде өмiр мен өлiмнiң арасында, ақыреттiң алдында тұрған адам кейiн өзiнiң басынан кешкенiн тамаша музыкаға айналдыра бiлген ғой. Мен басымды иiп өткен адамдардың бiрi – осы Кет Бұға.
Аздан соң мен проблемамды айттым.
– Геродотқа көңiлiңiз толмай ма? – дедi Гумилев болар-болмас езу тартып.
– Оның барлығы жалпылама нәрселер ғой, – дедiм мен.
Гумилев төмен қарап, ұзақ үнсiз қалды. Содан соң барып әр сөзiн өлшеп, сөйлеп кеткен.
– Геродот қай жағынан алғанда да бiздiң системаның қолайына жағып тұр. Сондықтан оның кiтабын жасырмайды, жұртшылыққа ашықтан-ашық ұсынады. Ол кiтапты қайта-қайта басып шығарады. Ол кiтаптың ешқандай қатерi жоқ. Ал ендi сiзге айтайын, ол кезде, ерте заманнан келе жатқан тағы бiр тарихи мектеп болған.
Мен жүрегiм аузыма сыймай алқынып кеттiм. Әлемдегi ең ұлы жәдi­гер­та­ну­шылардың бiрi Геродоттан басқа, парсының ресми тарихынан басқа, беймәлiм тарихи мектептiң болғанын өз аузымен айтып отыр!
– Ол қандай мектеп? – дедiм сабыр сақ­тап.
Гумилев Қайрат екеумiзге жалт етiп бiр қарап алып, сөзiн сабақтаған.
– Қарабайырлап айтқанда, тарихты таңбалаудың екi түрлi дәстүрi бар. Бiрiншiсi – сарай тарихшылары жазатын династиялық тарих. Яғни, патша әулеттерiнiң, патша династияларының тарихын жазатын сарай тарихшыларының мұрасы. Бұндай тарих бiздiң тұрғымыздан алғанда шын тарихтан гөрi мифке, аңызға, кейде қиял ертегiлерге ұқсас. Болашақ патша мифтiк тұлға ретiнде жаратылады, оны туғанда бiреулер өлтiрмек болады, ол әлдеқалай, мұғжиза аралас бiр себеппен аман қалады. Содан соң жоқтықта өседi, ақырында тағы да керемет, тылсым күштердiң көмегiмен таққа отырады, жарты дүниенi билейдi, жеңбеген жау қоймайды, тағысын-тағылар. Ал екiншi тарихи мектептi қалыптастыратындар – сарай өмiрiне қатысы жоқ, патшаларға тәуелдi емес, кейде жоқшылықта күн кешетiн тарихшылар. Бұл бұрын, мемлекеттер, ұлттар жоқ кезде, яғни, ғылым-бiлiмге көлеңкесiн түсiретiн, ықпал жүргiзетiн ұлттық мемлекеттер, ұлттық сая­саттар жоқ кезде қалыптасқан, ешкiмнiң қас-қабағына қарамай таза шындықты таңбалайтын көне ғалымдар әулетiнен тамыр тартқан қасиеттi адамдар.
Күтушi қыз алдымызға шайды жаңартып әкелiп қойды. Гумилев асықпай шай iшуге кiрiстi.
– Баяғыда, айдауда орман шауып жүргенде үйренген әдетiмiз, – дедi жымиып. – Ол кезде ақ су iшушi едiк. Қазiр, мiне, кәдiмгi шай iшiп отырмыз.
Мен әңгiменiң жалғасын естiгiм келiп тағатсызданып отырмын. Менiң күйiмдi сезсе керек, үй иесi самайын қасып алып, қайтадан әңгiмесiн жалғаған.
– Үндістандағы Мохенджо-Даро, Мысыр­дағы Мемфис пен Саис, тағы басқа қа­ла­лардың қолжазба қорларында адам­зат­тың шын тарихы сақтаулы тұр. Бiрақ, ол қолжазбалар қатаң бақылауда. Екiншi дүниежүзiлiк соғыстан кейiн Сталин Иранға көп көмек қылған. Қаншама мамандарды, ауылшаруашылық техникасын жiберген. Әрине, өзi де талай нәрсенi қолқалап сұрап алған. Бiрде, Иранның шахына «сендердiң құпия тарихи қоймаларыңа бiздiң тарихшыларымыз кiрiп бiраз жұмыс iстесе» деп өтiнiш қылады. Шах, амал жоқ, келiседi. Сонымен, бұрындары ешкiм бас сұға алмайтын, адамзат тарихының ең керемет құпиялары сақтаулы тұрған архивке қазiргi Иранның, көне парсының тiлiне жетiк тарихшылардың тұтас бригадасы кiрiп жұмыс iстей бастайды. Әрине, Сталин өлгеннен кейiн Иран өкiметi ол тарихшыларды, былайша айтқанда «шығарып салған». Бiрақ сол екi арада майталман мұрағаттанушылар қаншама дүниенi Ресейдiң архивтерiне аударып үлгередi. Яғни, менiң айтайын дегенiм, Ресейдiң архивтерiнде көне Шығыс, көне Азияның тарихына қатысты өңiң түгiлi түсiңе кiрмейтiн деректер сақтаулы тұр.
– Ал сiз өзiңiз сол архивпен жұмыс iстеп көрдiңiз бе? – дедiм мен.
– Мен өмiр бойы сол архивтермен жұмыс iстеп келе жатырмын, – дедi Гумилев. – Айтпақшы, сiзге керегi қандай мәлiмет?
– Кир менен Томиристiң соғысы, жалпы скифтер туралы, парсы мен скифтiң арақатынасы, мiне, осындай мәселелер, – дедiм мен.
– Ол бар, – дедi Гумилев. – Сасан әулеті заманында жазылған жәдiгерлер. Бiрақ ол сирек қолжазбаларда емес, құпия қолжазбаларда. Оған арнайы өтiнiшпен ғана кiредi. Мен сiздi кiргiзейiн. Бiрақ, кезекке тұрасыз. Кезегiңiз келген күнi оқымасаңыз, болды, айрылдыңыз. Келесi күнi келген адам өз кезегiн сiзге бермейдi. Яғни, кезектен қалмау керек.
Сол жерде ант-су iштiм. Гумилев бiр адамға телефон шалып, аз-маз даудан кейiн, өзiнiң институты алдын ала броньдап алып қойған жүзден астам кезегi бар екен, соның бiреуiн маған алып бердi. Бiз қоштасып шығып бара жатқанда ұлы тарихшының ауыз үйiнде осы Ленинградта оқып жатқан бiр топ қазақ жастары кезек күтiп тұр екен.
…Менiң кезегiм бiр жарым жылдан кейiн, 1990 жылдың көктемiнде келдi. Кезектiң тақағанынан бiр ай бұрын хабардар етедi екен. Ректор Дүйсен Қасейiновке кiрiп, проблеманы айттым.
– Әрине, бару керек, – дедi Дүйсекең.
Көзiмше бухгалтерияға телефон шалып iссапар жасаттырып, жолға, басқа керекке жетерлiктей етiп мол ақша бергiздi. Сонымен, әлi есiмде, 11 сәуiр күнi ұшаққа отырып Ленинградқа аттандым.
Айтылған күнi айтылған сағатта қолақпандай бiрнеше қолжазбаны арбамен әкелiп жаныма қойды. Едәуiр үлкен зал. Бiр-бiрiне қарамай шаншылып қолжазба оқып отырған адамдар. КГБ-ның екi адамы қатарлардың арасымен асықпай қыдырыстап жүр. Ол кезде басқа жерде болмағанымен, аталған кiтапханада ксерокс бар. Алайда, қолыңа тиген қолжазбаны ксерокстен өткiзуге болмайды. Фотоға түсiруге тағы болмайды. Конспект жасауға және болмайды. Тек қана оқуға болады. Яғни, тек қана өзiңнiң еске сақтау қабiлетiңе ғана, iшiңдегi ксерокс пен фотоаппаратқа ғана сенесiң. Кiтапханада, келiсiп түнге қалуға болады екен. Таңғы сегiзде кiрiп, келесi күннiң таңғы сегiзiне дейiн, тапжылмай бiр сөтке отырып, қолжазбаларды үш қайтара оқып шықтым. Менiң бағыма орай, менен кейiн келетiн адам жарты күнге кешiгедi екен, қосымша ақша төлеп қолжазбаларды төртiншi мәрте оқып шықтым.

Тығулы жатқан кездеме…

Мен осы оқыған қолжазбалардан туған әсерлерiмдi дәл сол кезде пайымдап, зерделеп айтып бере алмас едiм. Кейiннен, «темiр перденiң» ар жағындағы дүниемен кездестiк. Сол кезде «традиционализм» деп аталатын ғылыми бағытпен таныс болдық. Мiне, осы бағыттағы Рене Генон, Юлиус Эвола, Фритьоф Шюон сияқты ғалымдардың қайсысының айтқаны анық есiмде жоқ (және дәстүршiлдiктi көктей өтетiн болғандықтан бұл ойдың барлық дәстүршiл мектептерге қатысы бар), көп айтылған ақылды сөздiң бiрi аса таңқалдырып едi. «Бiз татар әулетiне, адамзаттың ұстаздары болып саналатын татар данышпандарына, татар нәсiлiне сатқындық iстедiк» дейдi дәстүршiлдер.
Бұл жердегi «бiз» дегенi – бүгiнгi тоқтаусыз дамудың жолына түскен адамзат. Ал «татар» дегендi бүгiнгi «қырым татары» немесе «қазан татарларымен» шатастырмаңыз. Татар – дәстүрлi дүниедегi кшатрий атанған, кейiннен адамзатты билеген патшалардың көбi шыққан көшпелi скиф әулетiнiң жинақты аты. Мiне, «татар әулетiне, әлемнiң ұстазы татар данышпандарына жасалған опасыздық» деген ой менiң сол көне қолжазбаларды оқығаннан кейiнгi жай-күйiмдi айна-қатесiз бейнелейдi. Алматыға мен мүлдем басқа адам болып қайттым. Бүкiл дүнием төңкерiлдi, алдымнан бұрын бiлмеген жаңа бағыт ашылды. Әрине, кейбiр нәрселердi мен бұрын да шырамытатынмын, бiрақ ендiгi жеткенiм бұрынғы түйткiлдерден өлшеусiз биiк болып шықты. Ендi осы мәлiметтер мен соның негiзiнде туған ой-толғамдардан азырақ баян етейiн.
Келелi елде қаңлы бар,
Қаңлыны хан көтерер.
Қаңлысыз хан сайланбайды,
Қаңлыдан өзге хан болмас.
Арғын – ағаң, Қыпшақ – жағаң,
Қаңлысыз қабыл болмас тобаң.
Құрметтi оқырман, сiз қазақ болсаңыз, онда бұл сiздiң талай естiген, мақал-мәтел жинақтарынан талай оқыған, алайда, қанша рет естiп-оқысаңыз да мән бермеген мақал­дарыңыз. Асса, әр кезде, ру мен ру абырой жарыстырғанда, әлдебiр қисынға сәй­кес айтылған мақал немесе мәтел деп қа­был­дадыңыз.
Алайда, осы қарапайым ғана қанатты сөздiң тасасында бiздiң болашақ тарихи ғылымымыздың бағыт-бағдарын айқын­дай­тын аса зор мәлiмет жатыр. Себебi, бұл сонау ықылымда, көз жетпес алыс заманда қалған көне елдiктен әлдеқалай жеткен аса құнды жәдiгер.
Осы мақалдардағы «қаңлы» сөзiн пайымдап көрейiк.
Әрине, «қаңлы» – қазақтың бiр руы. Соның атауы. Ендi бiр сөздi еске түсiрейiк. Қазақтың көнекөз қариялары, ескi қазақты, мысалға Серiкбол Қондыбай айтқан «есен қазақтан» бұрынғы байырғы қазақты, оның жерiн, суы мен нуын жинақтап «Қондыгер құба жұрт» деп бiр-ақ ауыз сөзбен белгiлейдi.
Осы тiркестегi «Қондыгер» мен «қаңлы» сөзiнiң арасында тiкелей байланыс бар. «Қоң» кейiнгi түрiк тiлдерiн тудырған бiр­тұ­тас скиф тiлiнде «жылқы» деген мағына бередi. Қазақ тiлiнде «қоңның» үш синонимi бар. Олар «жылқы», «қысырақ» және «жұнт».
«Қоң» кейiннен славян тiлдерiнде «конь» – «ат», «мiнiскер жылқы» деген сөзге айналды. (Сондай-ақ, қазақта жауға мiнетiн сайлауыт күлiктi «алаша ат» немесе жәй «алаша» деп атайды. Осы «алаша ат» сөзiнен орыстың «лошадь» («жылқы, ат») сөзi шыққан). «Вер бана ат. Пушкинтану парақтары» кітабында («Елорда», 2006, 159-бет) академик Ф.Е.Корштың: «Начало слова лошадь есть лошя, уменьшительное от турецкого алаша – низкая, мелкая порода лошадей» деген сөзі  келтіріліп, «Мұның жақсы дәлелі – әзербайжан тілінде лақса жылқының (кляча) алаша делінетіні» деген уәж қоса айтылған.
Ендi ойымызды жинақтасақ, «қаңлы» – «жылқы жарататын, жылқы мiнетiн, жыл­қы­лы ел» болып шығады. Алғашқы «қоңлы» сөзi кейiннен «қаңлы» сөзiне ай­нал­ған. Қазақта малды, күйлі кісіні «қоңды» деу, жағдайы жүдеулеген жанды «қоңы түсті» деу әлі де бар ғой. Соның бәрінің түбінде қоң – жылқы тұр.
Ендi «қондыгерге» келейiк. Көне түрiк тiлiнде «ебгеру» деген сөз бар. «Үйге қарай» дегендi бiлдiредi. «Табғашгеру» деген сөз бар. «Табғашқа қарай» дегендi бiлдiредi. Бұл сөздi ықшамдап жаңа пішін тудырудың амалы әсiресе, қазақ тiлiнде жақсы сақталған. Мысалға «алып кет – әкет», «алып кел – әкел». Осы заңдылыққа сәйкес скиф тi­лiн­де «қоңлы жауынгер» яғни «жылқы мiнген жауынгер» сөзi – «қондыгер» болып ықшамдалған. Ал скиф қоғамының, еркегi мен әйелi де, бала-шағасы да қару асынып жүретiн әскери қоғам екенiн еске түсiрсек, онда жылқы мiнген адамның мiндеттi түрде жауынгер болатыны өзiнен-өзi түсiнiктi.
Яғни «қондыгер» де, «қаңлы» да, екеуi де «жылқы мiнген жауынгер», «жылқы мiнген жауынгер ел» немесе «көшпендi» дегендi бiлдiредi. Осы «қондыгер», «қоңлы» сөздерiн мен алғашқы рет Гумилевтiң көмегiмен кiрген қоймада отырып, Сасан империясы кезiндегi тарихи жазбалардан оқыған едiм. Көшпендiлер өздерiн «қаңлы» (қоңлы) немесе «қондыгер» деп атайды дейдi парсының тарихшылары өздерiнiң көне жазбаларында.

Таласбек ӘСЕМҚҰЛОВ.

* П.Рубенс. «Томирис Кирдің басын кесуде». 1622 жыл.

(жалғасы бар)

(Жалғасы. Басы өткен нөмірлерде).