Аймақтар • 16 Мамыр, 2019

Қазынасы құпия ауылдар көп

1319 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Ақжайық өңіріне белгілі өлкетанушы, тарих магистрі Айболат Құрымбаев хабарласып, «Италиядан келген археолог ғалыммен бірге Оралға жақын маңдағы көне құлпытастарды қарап қайтайық» деген ұсыныс айтты.

Қазынасы құпия ауылдар көп
Жан-Лука Бонора – философия докторы (Ph.D), археолог, Италиядағы Болония уни­вер­ситетінің профессоры. Қазақ­стан­да, Л.Н.Гумилев атындағы Еура­зия ұлттық университетінде дәріс беріп жүргеніне де бірнеше жыл болыпты. Махамбет Өтеміс­ұлы атындағы БҚМУ-да үш апта­лық курс оқу үшін Оралға келген екен. 

«Құлпытас қараймыз» деген соң әдеттегідей тас бетіндегі мүкті қырып тазалайтын темір сымды щетканы, бор, пышақ, т.б. асай-мүсейді ала шықтық. Айболаттың күрегін іле кеттік. Негізі бұл сапарды ұйымдастырған – БҚМУ-дың ғылыми жұмыстар жөніндегі проректоры, жағырапия ғылым­дарының кандидаты Қажы­мұрат Ахмеденов екен. Өте зиялы, өз саласының білікті маманы, бөкей­лік Қажымұрат Мақсұтұлын бірер жыл бұрын Айболат таныстырған болатын. Сонымен, жоғарыдағы төртеуміз, жас ғалым Уәлихан, аудармашы Владислав деген жігіт бар, тартып кеттік. 

Қаладан ұзап, жаңа көпірмен Жайықтың сол жағына, Бұқар бетке шықтық. Теректі ауданына қарасты Жаңаөмір ауылдық округі­нің тарихи атауы – Мәм­бетбай, советтік ныспысы – Со­­циализм болған шағын ауылы об­лыс орталығының іргесінде, тіке тартса 15-20 шақырымдай жер­де орналасқан екен. Күрежол­дан оңға бұрылып, қалың то­ғай­ды аралап, егіс алқабын жаға­лап, қара жолмен құйғытып келе­міз. Кешікпей сай-сала бас­талып, суы мол көлге айналды. Қал­та­рыс­тарда әлі ерімеген қар көрінеді. 

– Әне, құлпытастарды көріп тұрмын, – деді Жан-Лука орыс тілін­де. Көзі қырағы екен, күн асты қарауытып тұрса да жоға­ры жағы үшкірленіп, ерекше жа­салған құлпытасты бір шақы­рым­дай жерден байқапты.
Аумағы кемінде 0,5 гектардай болатын әжептәуір үлкен, кезінде терең ормен қоршалған көне қорымда он шақты құлпытас тікесінен тұр. Сынып түскен немесе түбімен қопарылып құлаған құл­пытастар да байқалады. Жо­ғарғы жағы дулығаның басын­дай үшкір біткен, биіктігі 2 метрдей құлпытас келген жанның назарын бірден өзіне тартады екен. Құбыла бетте тұрып Құран сүрелерін оқып, сауабын марқұмдарға ба­ғыштаған соң, бірден ерекше құлпытасқа тарттық.

Төменгі бөлігі төрт қырлы қашалған ескерткіштің күнбатыс бетіне бір-бірінің үстіне шырша тәрізді орналастырған үшбұрыштарға марқұм туралы мәліметтер жазылған. Құлпы­тасты қызғылт сары мүк басыпты. Мүкті қырнап, тазалап, мәтінін оқу үшін сөмкемнен щеткамды шығара бергенімде, Жан-Луканың жан даусы шықты:

– Не істегелі жатырсыз?! Тиіс­­­пеңізші! Бұл деген – Сіздің тарихыңыз ғой! Темір щеткамен ысқылағанда неше ғасыр тұрған ескерткіш бүлініп қалады ғой!

– Тазаламасақ, мәтіні оқыл­майды ғой.

– Сонда да тиіспеңізші! Пожалуйста! – Шетелдіктің жалынышты даусынан соң өзіміз ыңғайсызданып, щеткамызды сөмкеге қайта жасырдық. Мүк басқан көне ескерткішті сипалап, айналдыра қарап, негізгі мәліметтерді оқығандай болдық. «Кердері руы Жабағы тайпасы... Жантөре баласы Қабыл опат болды 25 жасында 1872 жылы...». 

Қалған ескерткіштердің көбі кердері руының Көтермен тайпасына, соның ішінде Шот аймағына жататынын байқадық. Ескерткіштің төменгі жағына қашалған кердері руының Шөміш таңбасы көзге оттай басылады. 1835 жылы 30 жасында қайтыс болған Орман баласы Мұқаш, 1851 жылы 21 жасында дүниеден өткен Мәлика Тінәліқызы, 1853 жылы 22 жасында бақилық болған Ғабдоллаұлы Ғабдул-уахид, 1893 жылы 86 жасында марқұм болған Шомбықұлы Жиенбай, 1878 жылы 92 жасында дүние салған Көркем Елемесқызы, 1850 жылы 73 жасында қайтқан Бәкіш Татырбайұлы... Бұлардың бәрі бір-бір адам, бір-бір тағдыр ғой. Байтөлек қажының баласы Ғабд... 1890 жылы 24 жасында марқұм болыпты. Тастемір Төбетұлына қойылған құлпытастың төменгі жағы сынып, жоғалыпты.

Орал қаласына жақын маң­да, Жайық бойын ежелден кер­дері, тама, табын секілді жеті­ру бір­лестігіне кіретін рулар жайла­ғанын білетінбіз. Соның ішінде кер­дері­нің Көтермен тайпасы – әйгілі Әбубәкір кердерінің ағайындары болып келеді. Ақынның осы өңірде туғаны тарихтан мәлім.

Көне қорымда көптен адам жер­ленбегені байқалады. Біз­дің көзімізге түскен ең «жаңа» құлпытас 1903 жылды көрсетіп тұрды. Жан-Лука Бонора сынған, жерге құлаған ескерткіштің көпті­гіне таңғалып, «Бұларды біреулер әдейі қиратқан жоқ па екен?!» деген күдігін айтты. Өзі жерде жатқан тас сынықтарын қолына алып, біз әуелі көрген ескерткіштен әдейі сындырылғанын көрсетті. Шынында да құлпытастың төрт бұрышынан қашап көтерілген төрт мүйізшенің төртеуі де сынып, жерде жатыр екен. Италиян археологі орнына қойғанда, үйлесе кетті.

Бұл жердің атауын, тарихын арамызда ешкім білмейді екен. Қандай да бір дерек сұрау үшін бір-екі шақырым алға жүріп, шағын ауылға тап болдық. Бұл Теректі ауданы Жаңаөмір ауылдық ок­ругіне қарасты Социализм ауылы екен. Кезінде миллионер Шаған кеңшарының №3 бөлімшесі болыпты. Сұрастыра жүріп 81 жас­тағы Мыңжасар Байтақов деген ақсақалды тауып алдық.

– Иә, осы өңір, Жайықтың жа­ғасы негізінен кердері руы жай­лаған жер ғой. Мұнда кердері­нің Құлтай, Жабағы, Сатым, Құтсиық, Көтермен тайпалары көп тұра­ды. Бұл ауылдың көне атауы – Мәмбетбай. Бір кездері Алдияр ауыл советі деп те аталған. Ал сіз­дер көрген көне қорымды ха­лық жанындағы көлдің атауымен Шұңқыркөл деп атайтын. Ол көлді атақты Есенгелді байдың көп жылқысы үйездеп тұрған жері­нен пайда болған деп аңыз қы­ла­тын. Жалпы осы маңда араб жазулы көне құлпытастар өте көп. Қиөткел, Борғұмаш, По­гром, Тоқсанбай, Көкмешіт деген жерлердің бәрінде де зират бар. Уақытыңыз болса, аралап көр­сетуге дайынмын, – дейді Мыңжасар ақсақал. 

Бір қызығы, дәл осы ауылдың ішінде Кеңес өкіметі келместен бұрын мешіт болыпты. Бір тақуа кісі өмірден өтерде «қабірімде бес мезгіл қасиетті Құран дау­сын естіп жатайын» деп, өзін осы мешіт қабырғасына жерлеуді өсиет еткен екен. Бүгінде мешіт те, қабір орны да жермен бірдей тегістеліп кетіпті. 

Иә, елдің шетінде, желдің өтінде тұрған аймақтан отар­шыл­дықтың ізі анық байқалады. Жер-су атаулары өзгертіліп, ата тарих аяусыз жойылды. Туған жеріміздің тарихын тірнектеп жинамасақ, дайын дерек, әзір ақпарат еш жерде жоқ. 

«Қазынам бар, қисапсыз
 шектеледі, 
...Алам десең, алдымен 

зертте мені!» 

деп Мұқағали Мақатаев жыр­лағандай, іздеген жанға Ұлы дала­мыз­дың беретін қазынасы көп-ақ. Бұған Орал қаласынан алты қадам ұзап шыққанда-ақ көрген-білгеніміз дәлел...


Батыс Қазақстан облысы