29 Қаңтар, 2013

Ел қорғаны – Қапал батыр

3206 рет
көрсетілді
17 мин
оқу үшін

Ел қорғаны – Қапал батыр

Сейсенбі, 29 қаңтар 2013 7:35

Жоңғарлар мен қарақытайлардың қан­құйлы шапқыншылық заманында елі мен жерін қорғаған батырларға қазақ халқы кенде болмаған. Солардың бірі – қазір тұтас бір рудың атасына айналған Қапал батыр. “Қапал батыр кім еді? Туған халқының алдында қандай еңбегімен даңқы шыққан? Және ол кісі қай ғасырда өмір сүрген?” деген сұрақтарға жауап іздеу мақсатымен біраз деректі материалдармен танысып, батыр жөнінде ел аузындағы аңыз-әңгімелерге құлақ түруге Баба ұрпақтары – қарт шежіре қариялардың айтқандарына жүгінуге және бұған дейін жарық көрген дастандар мен жыр нұсқаларын сарапқа салуға тура келді.

 

Сейсенбі, 29 қаңтар 2013 7:35

Жоңғарлар мен қарақытайлардың қан­құйлы шапқыншылық заманында елі мен жерін қорғаған батырларға қазақ халқы кенде болмаған. Солардың бірі – қазір тұтас бір рудың атасына айналған Қапал батыр. “Қапал батыр кім еді? Туған халқының алдында қандай еңбегімен даңқы шыққан? Және ол кісі қай ғасырда өмір сүрген?” деген сұрақтарға жауап іздеу мақсатымен біраз деректі материалдармен танысып, батыр жөнінде ел аузындағы аңыз-әңгімелерге құлақ түруге Баба ұрпақтары – қарт шежіре қариялардың айтқандарына жүгінуге және бұған дейін жарық көрген дастандар мен жыр нұсқаларын сарапқа салуға тура келді.

Қапал батырдың кім екенін айтудан бұрын оның шыққан тегіне қысқаша тоқтала кетуді жөн көрдім. Шежіре бойынша Ұлы Жүз Дулаттың Жанысынан Жанту, Жантан, Жарылқамыс, Бөгежіл, Қара, Қапал, Шегір, Оймауыт атты 8 ұл туады. Қапалдың ше­шесі Сұлушаш әжеміз ерте қайтыс болады да, Жаныс баба оның сіңлісі Қарашашқа үйленеді. Сәби Қапал сол кісінің қолында тәрбиеленеді.

Қапал батыл, өжет, қайсар мінезді болып ер жеткен екен… Ес білгеннен қолына қару алып елін қорғаған. Қатардағы жауынгер де, қол бастаған хас батыр да болған. Әскербасы ретінде қол астындағылардың дәстүрлі әскери тәртіпті, талаптарды бұлжытпай орындауын қатаң бақылаған. Дұшпанымен ымыраға келмеген жеңімпаз болған. Сол себепті халық арасында “Қапал батыр досына қатал, жауына апан” деген мақал қалыптасқан екен.

Әкесі Жаныс бабамыз 1452 жылы туған деген мәліметке қарағанда, Қапал батыр XVI ғасырдың аяғы мен XVII ғасырдың басында өмір сүрген. Бұл Қасым, Хақназар, Шығай, Тәуекел және Есім хандардың билік құрған тұстарына сәйкес келеді. Нақты жазбаша деректердің жоқтығына қарамастан, халық қастерлеген Қапал осал адам болмағаны даусыз. Оны батыр деп босқа атамағаны тағы шындық. Себебі, халқымыз айрықша бір қасиетімен топ жарып көзге түспеген адамды әспеттеп басына көтермеген. Бабаның Шоқан назарына ілігуінің өзі де көп жайды аңғартса керек. Батыр бабамыз бұрынғы Талдықорған облысының Қапал ауданындағы Ешкіөлмес тауындағы Қарамола деген жерде жерленген. Жау келетін жолда айбат шегіп жатқандай. Қапал батырдың қабірін тауып анықтауға Ш.Уәлихановтың “Жоңғария очерктері” жазбаларындағы “Қапал стансасы Қапал батырдың есімімен аталған” деген пікірі түрткі болды.

Осы күнгі Қапал қаласының тұрған жері мен оған іргелес аумақтарда VI-VII ғасырларда түрік (қимақ) мемлекетінің қорғандары болғанын археологиялық зерттеулер дәлелдеп отыр. Балауса балғынды алуан түрлі өсімдіктері мен мыңғырған аң-құстары бар бұл өлкенің табиғаты талайды өзіне «менмұндалап» шақырып тұрған. Қапал-Арасан шипалы суларын Тибет емшілері сырқат адамдарды емдеуге шеберлікпен пайдаланып келген. Бетіне неше түрлі суреттер салынған бал-бал тас­тар әр жерден-ақ ұшырасқан. Амал не, олар осы өңірде алғашқы үйлер салына бастаған кезде құлатылып, іргетас ретінде пайдаланылған. Тұнып тұрған табиғаты мен тарихи жәдігерлері мол Қапал жеріне орыс отаршылары 1843 жылы 10 қазан күні басып кіріп, орныға бастады. Олар 1847 жылы бекініс салып бітті. Міне, осы жыл тарихта Қапал қаласының өмірге келген жылы болып қалды.

Кезінде бекініс маңына үйлер салынып, жолаушылар аялдайтын бекет ретінде пайдаланылған. Сонымен қатар мешіт, мед­ресе, көптеген сауда орындары бой көтерді. Түзу көшелер бойында қарағайдан қиылған ағаш үйлер сап түзеді. Бізге жеткен деректерге сенсек, сол кезде Қапалда 626 үй, 50 шәкіртке арналған медресе, 60 оқушыға арналған орыс мектебі болған. Жедел қарқынмен өскен Қапал кенті Қытаймен қызу сауда жасайтын орталық болып қалыптаса бастайды.

Қаланың салынуы, өсіп-өркендеуі, оның Қапал болып қалыптасуы жайлы де­­­ректер П.П.Семенов-Тянь-Шанский, Н.А.Абрамов, А.Ф.Голубев, А.Н.Гейне сияқ­ты зиялылардың, сондай-ақ, жоғарыда көрсеткеніміздей, Ш.Уәлихановтың ең­бек­терінде көрініс тапқан. Бұған қоса Қапалда он жылдай тұрып, қазақ қызына үйленген ағылшын саяхатшысы Т.Аткинсон жазған Қапал қаласы, Қапал уезі және осында тұратын қазақтар туралы еңбектері Лон­дондағы “Географиялық қоғам” архивінде сақтаулы көрінеді.

Тарихи деректерден белгілі болғандай, Шоқан Уәлиханов Қапал бекінісіне 1854 жылы Қашқария сапары қарсаңында келген. Мұнда ол Ұлы Жүз аңыздарын жазып алумен шұғылданған. Екінші рет 1864-1865 жылдары Шоқан дәрігер Соболевскийдің үйінде жатып емделген. Емделе жүріп Ш.Уәлиханов Қапал ауылының, Қапал қа­ласының тарихын зерттеген. Қапал ба­тыр­­дың өмір сүрген кезеңі, оның Қарамола деген жерге қойылғанын, ол жер Қапал қаласынан 40 шақырым қашықтықта екенін жазып қалдырған.

Тарихшы Марат Әлібаевтың анық­тағанындай, Шоқан Қапал қаласының аты Дулат-Жаныс әулетінен шыққан Қапал батырдың есімімен аталғанын, оның Есім­ханның батыры әрі қолбасшысы бол­ғанын, Жетісуды қарақытайлардан тазартып, халыққа бейбіт өмір сыйлағанын, қартайғанда дүние салып, Ақтасты аймағы, Қарамола қыстағы бойымен ағатын Төле би тұнбасы (бұлағы) бойына қойылғаны туралы деректер қалдырған.

Қапал батырдың жанына Төле бидің бәйбішесі де қойылған. Өйткені, осы маң сол кездерде Төле бидің жайлауы болған көрінеді.

Шоқан Уәлиханов – қазақ молалары мен ескерткіштерін көп зерттеген адам. Қазақтың қай асылының моласы қандай сипатта екеніне көңіл бөлген. Ғалым: “Қорған тектес молалар Ташкенттегі на­ғыз қорғандар сияқты саз балшықтан соғылмайды. Әрдайым шикі кірпіштен қаланады деуге болады. Жабайы таспен, ұсақ құм таспен тек кішкене және қосалқы молалар қаланады, мысалы, Сүйік (Абылай ханның баласы) бейітінің айналасында қираған мазар басып қалған бірнеше қабір жатыр. Олар тек топырақтан үйіліп, үстіңгі жағына тас қаланған. Қозы Көрпеш төңірегінде де осындай молалар көп, олар­дың қатарына аты кішкене өзен мен бекініске берілген Қапал батырдың бейіті жатады. Ағаштан салынған бейіттер өте сирек кездеседі мен ондайдың тек біреуін ғана көрдім. Ол жұқа теректен өріліп, жоғарғы жағы жіңішкертіле салынған”, – дейді.

Шоқан Уәлихановтың еңбектеріне қарағанда, Есім хан мен Қапал батыр бір-бірін жас шақтарынан білетінін аңғарамыз. Қапал батыр Қасым ханның немересі – Шығай ханның балалары Тәуекел және Онданмен де өзара сыйластық қарым-қатынаста болған. Шығай хан дүние салып, оның орнына үлкен баласы Тәуекел таққа отырып, ел билегенде оның інілері Ондан мен Есім және Қапал оның қолбасшылары болған.

Тәуекел хан қайтыс болған соң оның орнына таққа Есім отырады. Қапал батыр Есім ханның басшылығымен Жетісу аймағын басқыншы қытайлардан азат етіп, халқына тыныштық өмір орнатады. Ол Тәуекел ханның тұсында да Сыр бойын шапқыншылардан босатып, бейбіт өмір орнатуға өз үлесін қосқан.

Бір кезде Төле би бабамыздың жай­лауы болған Ақтасты алқабы мен Жоңғар тауының етегінен басталатын суы мол кәусар бұлақ бар. Оны «Төле би тұнбасы» деп атап кеткен. Бұлақтың «тұнба» деп аталуының себебі мынада: Төле би бұл бұлақтың алдын бөгетіп, одан мал су ішуге көлшік жасатқан.

Кейін бұл жерге бекініс салынған. О б­аста Қытайға баратын Жібек жолының бір тармағы осы жер арқылы өткен.

Төле би бабаның бәйбішесі осы аймақта жайлауда отырғанда өмірден қайтқан. Ол кісінің денесін Төле би атамыздың қасында жатсын деп Қапал батырдың төменгі жағын ала жанына қойдыртыпты. Төле би Қапал батыр атасының бейітін қастерлеп күту ісіне көп күш салған, үлкен мән берген. Бейіт басындағы шырақшыларға қайыр-садақа үлестірген. Жайлауына көшіп келмеген кездерінде арнайы осы Қарамолаға Қапал батыр атасының, кейін бәйбішесі екеуінің басына келіп, құран оқып, құрбандық шалдырып, шырақшылардың жағдайын біліп, сәлемін үзбейді екен.

Қапал батыр туралы туындылардың ішінде Әбілда Аймақтың «Қапал батыр» дастанын ерекше атауға болады.

Дастанның бірінші бабында Қотжан деген байдың Баян есімді қызының өз теңіне қосыла алмай ауыр қазаға ұшырағаны, Жоңғар тауының бір сілемі (Баян опат болған жер) оның атымен «Баянжүрек» деп аталғаны қысқа баяндалады да, оқиға былай өрбиді:

Баянжүрек тауының маңында Қапал батыр аң аулап, бір рулы елді асырап жүреді. Қарақытайдың қазақ жеріне көз тігіп, тыныштық бермей тұрған уақыты болса керек. Дұшпан тек Қапал батырдың қаһарынан қорқып, Жоңғар қақпасынан бері өте алмайды екен.

Бір күні Қапал батыр ертелетіп,

Көңілін аспандатып, ертек етіп,

Аң аулап, киік атып қайту үшін

Шығыпты хас тұлпарын еркелетіп.

Қапал батырдың аңға кеткенін жансыздары арқылы білген қарақытайдың атақты батыры Есүрік көп қолмен елге баса көктеп кіреді.

«Құдайымыз берді деп»

Лап қойыпты далаға,

Лап қойыпты қалаға.

Аяушылық етпепті

Кәріге де, балаға.

Найзалары көк тіреп,

Толыпты сай-салаға…

Есүрік батыр нөкерлерін жиып ап былай дейді:

Біздің күшті байқасын,

Толасын бір шайқасын.

Ап келіңдер Қапалды,

Түсірейін жай тасын.

Қол-аяғын кісендеп,

Қапалды алып келіңдер.

Тандырып естен сұлатып,

Алдыма салып беріңдер.

Аң жүретін жерлердің

Бәрін сүзіп көріңдер.

Қапыда оны ұстаңдар,

Қаза тапсын өзінің

Туып-өскен жерінде ер.

Қапал батыр жігіттеріне киік еттерін жинатып, елге бет түзейді. Ел шетіне келгенде, найзаларын айқастырып қойып, қостарын құрып, думандатып жатқан қалың қолды көреді. Қаһарлы батыр өз өкінішін білдіргенімен, жауды талқандайтынына халқын кәміл сендіреді:

Қайран елім – жерім-ай,

Қапы қалдым, кеш мені…

Есүріктей жауыздың

Қанын судай шашармын,

Арқасы қозған қалмақтың

Жынын түгел басармын.

Баяғыдай заманды

Қайта орнатып жасармын…

…Қарындастар қапыда

Жылай-жылай кетті ме?

Ақ жаулықты аналар

Аңырай-аңырай шөкті ме?

Кейуаналар төрдегі

Көз жастарын төкті ме?

Жер қайысқан қалың қол

Қапелімде жетті ме?

Ақ сақалды аталар

Қайғыдан жапа шекті ме?

Айқай-сүрең салайын,

Найзағайдай жанайын,

Есүріктей жауыздың

Басын кесіп алайын,

Сәл шыдас бер ағайын!

Көкірегіме бұлақ бер,

Жау қасынан бірақ көр!

Алла-тағала медет боп,

Ей, аталар қуат бер!

Енді Қапал батыр Найманның батыры Бөдесті іздеп, жауға қарсы тізе қоспақ болады. Екі батыр одақтасып, жауға қырғидай тиеді. Бұл көрініс те ақынның айшықты тілімен көркем суреттелген. Оны мына жолдардан байқаймыз:

…Екі батыр табысып,

Бірін-бірі қолдады.

Қосылған соң екеуі,

Қарақытай сорлады.

Дастанның екінші бабының оқиға желісі Қапал батырдың түсінде көрген Бағлан байдың қызы Қамажаймен өңінде кездесіп, отыз күн ойын, қырық күн тойын жасап бас­тарын қосуына құрылған. Қапал батыр мен Қамажай сұлу өте тату тұрады. Көп ұзамай ел шетіне жау тиіп, Қапал батыр соғысқа аттанады.

Қалмақтар қазақтармен жасалған келісімдерге қарамай, қазақ даласының тынышын алумен болады. Ақыры хан ашуға мініп, қалмақтарға қарсы он мың қол аттандырады. Түменбасы болып Қапал батыр тағайындалады. Қапал батырдың даңқы одан да асқақтап, шартарапқа кетеді. «Қазақтың баһадүрі» деген атақ Ер Қапалдың мерейін үстем қылды. Оны ел алдында ханның өзі берді. Жеңіспен оралған Қапал батыр сүйген жары Қамажаймен, өзі жоқта өмірге келген ұлымен қауышып, бақытты өмір кешіпті.

Сөз соңында шегініс ретінде айта ке­­­тейін, Қапал бабаның ұрпақтары қа­зір Оңтүстік Қазақстанның Төле би ау­да­нын­дағы Тоғыс өзенінің және Түлкібас ауданындағы Балықты өзені бойында; Жамбыл облысының Шу, Меркі, Жамбыл аудандарында; Алматы облысының Қарасай батыр, Жамбыл, Күрті, Қапал аудандарында; Талдықорған аймағында, сондай-ақ, бізбен шекаралас Қырғызстан мен Өзбекстанда, т.б. жерлерде өмір сүруде. Олар өзара араласып тұрады.

Қапал өрендерінің ынтымағы арқасында 1999 жылдың күзінде жоғарыда аталған барлық облыстар мен аудандардың өкілдерінің қатысуымен Оңтүстік Қазақстан облысының Төле би ауданындағы Нысанбек елді мекенінде бабаға арнап ас берілді. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» ғой, нәтиже­сін­­де шежіре жазылды, Шымкент қа­ла­сының Ленгір қаласына шығатын үлкен көшесіне Қапал бабамыздың аты берілді. Темір жол вокзалына жақын алаңда биіктігі 14 метр ат үстіндегі еңселі ескерткіш бой көтерді. Сонымен қатар, Алматы об­лы­сының Қа­пал ауданына баратын (Өс­ке­мен трассасы) жолдың бойында 2-метр­дей тұғырға батырдың мүсіні орнатылды. Қарамола – қазіргі «Қоңыр» деп аталатын қазақ әдебиетінің классигі, ақиық ақын Ғали Ормановтың ауылына таяу батыр әрі ру басы болған баба мәңгі тыныстап жатқан жерде кесене салынды.

Ел қорғаған есіл ердің есімі қазақ халқы, өзінің тікелей ұрпақтары барда ешуақытта ұмытылмақ емес.

Көпбосын ПАНЗАБЕКОВ,

Қазақстан Жазушылар және Журналистер

одағының мүшесі, ақын, аудармашы.

–––––––––––

Суретте: Шымкент қаласында Қапал батырға орнатылған

ескерткіш. Мүсінші – Амангелді Тұрсынов.

Соңғы жаңалықтар

Оқырман ойы: Игі істің дәнекері

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:40

«Egemen Qazaqstan» қалашығы

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:35

«Етжеңді» жобасы қалай өмірге келді?

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:30

Халық аңсаған хаттар

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:25

Қара шаңырақтың қасиеті

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:20