Аймақтар • 16 Мамыр, 2019

Жетісудың балы жайлы ғылыми жұмыс халықаралық байқауда бас жүлде алды

1215 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Талдықорған қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің төртінші сынып оқушысы Ранона Жалелқызының «Жетісудың баға жетпес балы» іздену жұмысы халықаралық ғылыми жобалар байқауының Гран-при жүлдесіне ие болды.

Жетісудың балы жайлы ғылыми жұмыс халықаралық байқауда бас жүлде алды

Жақында «Бейбітшілік әлемі» шығармашылық бірлестігінің ұйымдастыруымен «Қазақстан – күллі түркі халықтарының қасиетті «Қара шаңырағы» атты халықаралық ғылыми жобалар байқауы өткен болатын. Осы байқауда кішкентай Ранона «Жетісудың баға жетпес балы» жобасын таныстырды. Ол сабақтан тыс уақытта ара балының шығу тарихын, құрамын, қолданылуын, пайдалы қасиеттері мен Жетісу өңіріндегі бал арасының түрлерін зерттеумен айналысады екен.

- Жылда біз анам екеуміз ауылға ара балын алуға барамыз. Мені ара балының қанша түрі бар екені, аралардың балды қалай жинайтыны қызықтырды. Әсіресе, Жетісу жерінде өсетін бал арасынан жиналатын балдың құрамы жайында ізденгім келді. Осы ойымды анама айтып ем, ол мені бал арасын өсіретін шаруашылықтарға ертіп барып, омарташылармен таныстырды. Олар бал жинаудың қыр-сырын үйретіп, балдың түрлерін тануға көмектесті, - дейді Ранона.

Жас аратанушы Алакөл ауданындағы «Лепсі өнімдері» бал зауытындағы жұмысты көзімен көрген. Сондай-ақ, балдың денсаулыққа пайдасы дәрігерлердің кеңесін сұрап, балдың пайдалы және зиянды қасиеттерін медицина тұрғысынан қалай қолдану керектігі туралы да мағлұмат жинапты.

Жалпы, Ранонаның ғылыми жұмысында Жетісу өңірінде жиналатын балдың үш түрі жайында қызықты деректер бар. Жас ғалым жерлестері өсірген бал арасының күнбағыс, қарақұмық, шырыннан  бал жинайтынын нанымды дәйектермен дәлелдепті. Қазылар алқасынан жоғары баға алған Ранонаның зерттеу жұмысы «Қазақстан – күллі түркі халықтарының қасиетті «Қара шаңырағы» атты ең үздік ғылыми жобалар кітабына енгізіледі.

Алматы облысы