Аймақтар • 16 Мамыр, 2019

Юрий Шишкин он жылдан бері балық өсірумен айналысады

925 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жұмыс істеймін деп ұмтылып тұрған адамға кәсіп көп. Мәселен, Балкашино селосының тұрғыны Юрий Шишкин он жылдан бері балық өсірумен айналысып келеді.

Юрий Шишкин он жылдан бері  балық өсірумен айналысады

Сексен көлді омырауына алтын алқа етіп таққан Көкшетау мен Қорғалжын өңірінде балық өсіруге мүмкіндік мол. Осы мүмкіндікті қалт жібермеген әкелі-балалы Шишкиндер Сандықтау, Зеренді, Атбасар аудандарының аумағындағы төрт тоғанды жалға алған. Әрине, табиғатқа залал келтірмеу бірінші кезекте. Есесіне бұрын балық түгіл бақа өрістемеген кейбір тоғандар қазір ырысқа шүпілдеп тұр. Кәсіпкерлер Челябинск қаласындағы балық тұқымдарын өсіретін зауыттан 15 миллион мөңке балығының шабағын әкеліп, көлге жіберген. Арқаның кейбір көлдері тым тайыз болып келеді. Сондықтан, қыс бойы мұзын ойып, оттегін жіберіп күтпесе және болмайды.

– Балық сырын жете меңгеру үшін онымен түбегейлі айналысу керек,–дейді кәсіпкер Юрий Шишкин,–мәселен, біз балық табиғатын, оны өсірудің қыр-сырын жете меңгеруге тырысудамыз. Көлдегі балық көбейсе, жалғыз кәсіпкер үшін емес, елге де пайдалы. Айдабол көлінде балықтың 7-8 түрі бар. Қысы-жазы балық аулауға келетін балықшылар көп. Ал біз болсақ, сүйегі аз, еті толымды балық түрлерін көбейтуге мүдделіміз. Демек, табиғаттан алғанымызбен оған бере де білеміз.

Кәсіпкер тілге тиек етіп отырған Айдабол көліне биылғы жылы 12 миллионға жуық шабақ жіберілген екен. Мамандардың болжамына қарағанда, осыншама шабақтың 40 процентке жуығы қатарға қосылып кетуі әбден мүмкін. Демек, кәсіпкердің жоғарыда айтқан пікірінің жаны бар.  

– Мен әуесқой балықшымын әрі қоғамдық негіздегі қорықшымын,–дейді Викторовка селосының тұрғыны Александр Акинчин, – осы көл бұрын қараусыз жатқан. Балығы бар кезде көл үстінде құстай қаптаған әуесқой балықшылар балық азайған соң көрінбей кетіп еді. Енді міне, қайтадан қаптады. Өйткені, көлді ұзақ мерзімге жалға алған кәсіпкерлердің арқасында балық өрістей бастады. Демек, әр іске ие керек.

Мемлекет тарапынан ауыл шаруашығымен айналысатын кәсіпкерлерге толымды көмек көрсетілуде. Балық шаруашылығы да ескерілсе екен дейсіз. Өйткені, бұл да ақ дастарханның берекесін арттыратын ырыстың бір түрі ғой.


Ақмола облысы

Сандықтау ауданы