Аймақтар • 16 Мамыр, 2019

Маңғыстаулық полицейлер жемқорлыққа қарсы заманауи механизмдерді енгізбек

1060 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Маңғыстау облысының полиция департаменті бастығы Қ.Таймерденовтың төрағалығымен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Ұлттық бюросы Маңғыстау облысы бойынша департаментінің басшысы Б.Жилкибаев пен Агенттіктің аумақтық департаментінің басшысы Н.Жанназарованың ішкі істер органдарындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері және заңбұзушылықты жою бойынша ұсыныстар жайында басшылық құраммен кездесу ұйымдастырылды.

Маңғыстаулық полицейлер жемқорлыққа қарсы заманауи механизмдерді енгізбек

Іс-шараға Маңғыстау облысының полиция департаментінің, қалалық және аудандық полиция басқармаларының, жеке құрамы мен кадр саласына жауапты қызметкерлер қатысты.

Аумақтық департамент басшысы Н.Жанназарова кездесу барысында 2019-2020 ж.ж. арналған Агенттік пен Ішкі істер министрлігі арасындағы өзара іс-қимылдың Жол картасы, құқық қорғау органдарындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелерін көтеріп, «Атырау – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің бастамасымен қолға алынып полиция қызметкерлерін адал болуға, әділдік пен шыншылдыққа шақыратын, қоғам ішінде оң имиджін қалыптастыруға бағытталған «Адалдық айнасы» жобасын оң тәжірибе ретінде ұсынды.

–  Жол картасының жобасында ішкі істер органдарын тұтынушыға бағдарлануға бағытталған жаңғырту қарастырылған. Атап айтқанда, аудандық бөлімдер мен полиция басқармаларында азаматтардың өтініштерін жедел қабылдау үшін оларды ХҚКО үлгісі бойынша өзгерту ұсынылады. Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін қысқарту үшін полиция қызметкерлерін цифрландырудың, соның ішінде жолдағы қауіпсіздікті бақылауды жүзеге асыратын жаңа әдістері ұсынылады. Жол картасының жобасында «Integrity Check» (парасаттылықты тексеру) қағидаты бойынша, сондай-ақ полицей мен азаматтың өзара іс-қимыл саласында «жасырын сатып алушы» әдісімен қоғамдық бақылау қарастырылған, деді Агенттіктің аумақтық департаментінің басшысы. Сондай-ақ, ол жас ұрпақты адалдыққа тәрбиелеу және жұртшылықтың әлеуметтік жауапкершілігін көтеру мақсатында өңірімізде ашылған «Адалдық дүкендеріне» де тоқталып өтті. Облыста ашылған 106 дүкен тек оқу орындарында ғана емес, сонымен бірге Ақтау қалалық полиция басқармасында, арнайы халыққа қызмет көрсету орталығында және халықаралық әуежайда өзіне-өзі қызмет көрсету қағидатымен жұмыс жасап тұр. Департамент басшысы осындай креативті тәжірибені полицияның басқа да аудандық бөлімшелерінде жалғастыру қажет деген ұсынысын білдірді және полиция қызметкерлеріне қатысты әкімшілік тәжірибеге тоқтала отырып, күнделікті жұмыс барысында заңдылық пен парасаттылық қағидаттарын басшылыққа алуға шақырды.

Шара барысында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметімен соңғы үш жылдықта өңірде тіркелген сыбайлас жемқорлық деректері, әсіресе ішкі істер органдары саласында орын алған қылмыстық істер туралы деректер келтіріліп, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша шаралардың одан әрі жалғасатыны баса айтылды. Сонымен бірге ҚР Қылмыстық-процессуалдық кодексінің 200-бабына сәйкес, заңбұзушылықтарды жою жөніндегі енгізілген бірқатар ұсыныстар туралы мәлімет берілді. Мысалға 2016-2018 ж.ж. ішкі істер органдарына осындай 67 ұсыныс жолданып, оларды қарастыру нәтижесінде 77 тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылған. Солардың ішінде 4 ескерту, 12 сөгіс, 28 қатаң сөгіс, 12 қызметіне толық емес сәйкестілік, 12 лауазымынан босату,   9 жұмыстан шығару. 

Жүргізілген жедел-іздестіру қызметінің нәтижесінде және азаматтардан келіп түскен өтініштер бойынша 2016-2018ж.ж. және ағымдағы жылдың 4 айында 24 ішкі істер органдары қызметкеріне қатысты 41 сыбайлас жемқорлық қылмыстар тіркелді, 31 жазалау қорытындысымен сотқа жолданды, 20 тұлғаға қатысты сот шешімі шыққан.

Кездесу соңында сөз алған Маңғыстау облысының полиция департаментінің бастығы Қ.Таймерденов спикерлерге алғысын білдіріп, ішкі істер органдары тарапынан жұртшылықпен кері байланыс механизмдерін жетілдіру, қызметінде ашықтықты қамтамасыз ету және полиция қызметкеріне деген тұрғындардың көзқарасын өзгертуге бар күштерін салатындарына  сендірді.

–  Апта сайын орынбасарларыммен азаматтарды жеке қабылдау жүргізіледі, жеке өзім сенбі сайын тұрғындармен кездесемін. Қазіргі таңда 2 фронт-кеңсе ашылып, 1-ші жартыжылдықтың аяғына дейін барлық қалалық және аудандық бөлімшелерде ашу жоспарлануда. Айына бір рет әлеуметтік желілерде «он-лайн» режімінде желі қолданушылардың сұрақтарына жауап беремін. Тәулік бойы «Whats App» қосымшасы арқылы фото және бейнероликтерді жалғаумен тұрғындардан түрлі құқық бұзушылықтар туралы сұрақтар қабылданады.  Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытында ағымдағы жылдың 1 қаңтарынан бастап барлық әкімшілік хаттамалар электрондық түрде рәсімделеді. Жалпы алғанда жеке құрам арасында сыбайлас жемқорлық деректерінің алдын алу үшін барлық іс-шаралар қолға алынуда. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша өзара ынтымақтастық Агенттіктің аумақтық департаменттерімен жалғасатын болады, деді Қ.Таймерденов.

Маңғыстау облысы