Аймақтар • 16 Мамыр, 2019

«Ақтерек» ауылында 5 отбасы баспаналы болды

1556 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Алматы облысының Жамбыл ауданындағы Ақтерек ауылы жайында ел-жұрт жақсы білуі тиіс. Осы ауылда белгілі меценат, ел мен жер жанашыры Темірлан Шайнүсіпов тұрады. Шағын ауылдың шашуын шығармай, «Ақтерек» атты шаруа қожалығына біріктіріп отырған шаруақор басшы жыл сайын жаңа үй салып, тұрғындарды толықтай баспанамен қамтуға ұмтылып келеді.

«Ақтерек» ауылында 5 отбасы баспаналы болды

Былайғы жұрт Темірлан Шайжүнісовты «Тоқсан үй салған Темірлан» деп атайтын еді. Өйткені, іскер азаматтың бастамасымен бұған дейін салынған жаңа үйлердің саны тоқсанға жетіп қалған болатын. Тек, тұрғын үй құрылысы мұнымен тоқтамайды. Жақында Ақтерек ауылында бес отбасы қоныс тойын тойлады. Баспаналы болғандар осы шаруа қожалығының еңбеккерлері. Қуанышқа кенелгендер қатарында  Айдаркүл Қасенова, Айман Қалабаева, Құндыз Қырғызбайқызы сияқты көпбалалы аналар мен Ауған соғысының ардагері Жаңабек Байдәулетов және еңбек озаты Сержан Сейітов бар.

- Жыл аяғына дейін тағы үш баспананың құрылысын аяқтасақ деп отырмыз. Ал алдағы жылы қолданысқа берілуі үшін сегіз үйдің іргетасы құйылмақшы. Осылайша, ел алдындағы уәдемізде тұрып, ауылдың барлық тұрғынын жаңа үймен қамтығанша жұмысты жалғастырамыз. Еңбек еткен адам оның рахатын да көруі тиіс, ауыл адамдары да қаладағыдай бабы келіскен баспанада тұруға қол жеткізсе, менің арманымның орындалғаны, - дейді «Ақтерек» шаруа қожалығының басшысы Темірлан Шайнүсіпов.

Алматы облысы