Аталған құжат шағымдар мен өтініштердің талдауын, мониторинг қызметінің, сондай-ақ мемлекеттік органдармен, халықаралық және үкіметтік емес құқық қорғау ұйымдарымен өзара іс-қимылының нәтижелерін көрсетеді.
Омбудсмен есептік жылы денсаулық сақтау, азаматтардың тұрғын үй құқықтарын қорғау, балалар мен қоғамдағы басқа осал топтардың құқықтарын қамтамасыз ету, құқық қорғау және сот жүйесін реформалау басым бағыттарының бірі болғанын атап өтті.
Былтыр Адам құқықтары жөніндегі уәкілге 1811 азамат құқықтарының бұзылуына байланысты шағымданған. Өтініштердің басым бөлігі Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларынан, Ақмола, Қарағанды, Қостанай облыстарынан түскен.
Мемлекеттік, оның ішінде құқық қорғау органдарының лауазымды тұлғаларының іс-әрекеттеріне және әрекетсіздігіне (28%), сот шешімдерімен келіспеу (26%), әлеуметтік құқықтардың бұзылуы (17,5%) шағымдардың көрсеткіштері жоғары болып қалып отыр.
Адам құқықтарының өзекті мәселелері бойынша ұсыныстар мен ұсынымдар Омбудсменнің Үкіметке, Жоғарғы сотқа, Бас прокуратураға және басқа да мемлекеттік органдарына жіберген үндеулерінде көрініс тапты.
Жоғарыда аталған ұсынымдарға жеке мемлекеттік органдардың уақтылы және сындарлы түрде жауап бермеуі, осы мәселе бойынша тікелей Премьер-Министрге жүгінуге себеп болды. Тұтастай алғанда, ұлттық құқық қорғау мекемесінің Үкіметпен өзара іс-қимылының тиімділігі оң бағаланды.
Тұсаукесер барысында адам құқықтары мәселелері бойынша жан-жақты пікір алмасулар мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғам арасындағы диалогты дамытуға ықпал етті.
Жыл сайынғы есеп бұдан ертерек Мемлекет басшысының қарауына ұсынылып, оның қорытындысы бойынша мемлекеттік органдарға қажетті шаралар қабылдау үшін тиісті тапсырмалар берілген-ді.
Жалпы, тұсаукесерге қатысушылар Омбудсмен мекемесінің өткен жылғы қызметіне оң баға беріп, адам құқықтарын бақылаудағы маңызды рөлі, азаматтардың конституциялық құқықтарын іске асыруға, адам құқықтары саласындағы халықаралық нормалар мен стандарттарды имплементациялаудағы қосқан үлесі және ықпалы атап өтілді.