Аймақтар • 17 Мамыр, 2019

Инвестициялық ахуалды жетілдіру жолдары Атырауда өткен дөңгелек үстелде талқыланды

953 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Қазақстанның инвестициялық тартымдылығы жыл санап артып келеді. Осы бағытта қолға алынған шаралардың нәтижесінде еліміз ғаламдық бәсекеге қабілеттілік индексі мен Дүниежүзілік банктің Doing Business рейтіндегі көрсеткіштерін жақсартты. Атырауда «Инвестициялық ахуал­ды дамыту: өңдеуші өнеркәсіп саласына стратегиялық инвесторларды тарту және экономиканың басым секторларында «зәкірлі инвесторлармен» бірлескен кәсіпорындар құру» тақырыбында өткен дөңгелек үстелде Парламент Сенатының Қаржы және бюджет комитеті еліміздің инвес­тиция­лық ахуалына қатысты мәселелерді жан-жақты талқыға салды.

Инвестициялық ахуалды жетілдіру жолдары Атырауда өткен дөңгелек үстелде талқыланды

Мұнайлы аймақтың мүмкіндігі мол

Отандық ірі инвесторлар үшін де, шетелдік инвесторлар үшін де тартымды аймақтардың бірі – Атырау. Қазақстандағы инвестиция көлемінің үштен бірге жуығы осы өңірге тиесілі. «Сондықтан да, осы тақырыптағы басқосуымызды Атырауда өткізуді жөн көрдік» деді комитет төрағасы Ольга Перепечина.

Жиынға қатысқан облыс әкімі Нұрлан Ноғаев бүгінде мұнайлы аймақ­тың әлемнің 50 елімен байланыс орнатып отырғанын, 1 мыңға жуық біріккен кәсіпорын құрылғанын атап өтті. «Елбасының әр өңірдің мүм­кіндігін пайдалана отырып, экономи­каны диверсификациялау туралы тап­сырмасы бар. Атырау облысы өнеркәсіптік өндірісте көшбасшы, яғни, республикалық көлемнің 25% – мұнайлы өңірдің еншісінде. Ауыл шаруашылығы, өңдеу өнеркәсібі секіл­ді басқа салаларға да инвестиция тартуға мүдделіміз» деді Нұрлан Асқарұлы.

Сыртқы істер министрлігі Инвес­ти­ция комитеті төрағасының орынбасары Лариса Жұмағалиеваның айтуын­ша, 2019 жылдың қаңтар-наурыз ай­­ларында негізгі капиталдағы ин­вес­ти­ция мөлшері 7%-ға артып, 2,1 трлн тең­ге болды. Атырау облысында ин­­­вес­­­ти­ция осы уақыт аралығында 10,3%-ға жоғарылап, 1 трлн теңгеге жетті.

– Облыстағы шетелдік инвестор­лар­дың қатысуымен қолға алынған жобалар қатарында 11,4 млрд доллар сомасындағы 7 жоба бар, оның ішінде 4,7 млрд доллардың 4 жобасы жүзеге асып жатыр, 3 жоба дайындалуда, – деп нақтылады Л.Жұмағалиева.

Индустриялық-инновациялық да­му­дың ек­інші бесжылдығы шең­­бе­рін­де ай­мақта құны 3,1 трлн тең­­ге­нің 31 жо­басын іске асыру жос­­­пар­­лан­­ған. Ин­весторлармен бай­­ланыс­ты нығайту мақсатында «Kazah Invest ҰК» АҚ, «Atyrau Innovat­ions» ЖШС, «Атырау» ӘКК» АҚ жұмыс істейді. Облыс әкімдігі жаны­­нан «Инвес­тор­лар тарту және инвес­­тициялық ахуал­ды жақсарту жөнін­дегі» өңір­лік кеңес құрылды. Мұнайлы аймақ­та атқарылып жатқан осындай шара­лар­дың ел экономи­касы­ның дамуына ай­рық­ша үлес қосып отырғанын дөң­ге­лек үстелге қатысушылар да атап өтті.


Жақын болашақта – жаңа жобалар

Энергетика вице-министрі Әсет Мағауов мұнайхимия саласындағы ірі жобалар – полипропилен және полиэтилен өндіру кешені туралы айтты. Полиэтилен жобасының стра­тегиялық серіктесі – Borealis компаниясы. Қазіргі уақытта жобалық құжаттамасы дайындалуда. Құрылыс 2021 жылы басталады.

– Өз кезегінде, инвесторлардың жобаға кіруінің басты шарты – үкімет­аралық келісімге қол қою екенін атап өткім келеді. Келісімде мемлекеттік қолдау шаралары, преференциялар, инвестицияны қорғау заңнамасының тұрақтылығы, инвесторлардың басқа да талаптары көрсетілуі тиіс, – деді Ә.Мағауов.

Ал «Kazakh Invest» ҰК» АҚ бас­қар­ма төрағасының орынбасары Рустам Исатаевтың айтуынша, бүгін­де компанияның ақпараттық-мони­торинг­тік жүйесінде шетелдік инвес­тор­лардың қатысуымен 157 жоба бар, жалпы сомасы 40 млрд доллар. Сонымен қатар 123 жоба төңірегінде келіссөздер басталған. «Бұл жерде Қытай, Түркия, Үндістан, АҚШ, Франция, Германия, Қатар елдерінің белсенділік танытып отырғандарын атап өтуіміз керек», деді Р.Исатаев.

Дөңгелек үстелге қатысқан ТШО ком­паниясы мен NCOC консор­циу­мының мұнай-газ жобаларының ірі инвесторлары да ойларын ортаға сал­ды. Шарада инвесторлар үшін заң­наманың тұрақтылығы, валюталық тәуекелді сақтандыру механизмі, салық­тық құқық бұзушылықтағы кемсі­ту­шілік мәселесіне қатысты инвес­тициялық климатты жетілдіру бойын­ша ұсыныстар айтылды. Шетел­дік жұмыс күшін тарту төңіре­гін­дегі рәсімдерді оңайлату, мемле­кет-жекеменшік әріптестікті дамыту, жаңа өнім түрлері нарығына мониторинг жүргізу, тиімділігі төмен арнайы экономикалық аймақтарға инвес­тициялар ағынын ұлғайту мәсе­лелері де сараланды. Жиынды қортындылаған Ольга Перепечина: «Барлық ұсыныстар қаперге алынып, іс жүзінде жүзеге асуы үшін Үкіметке жолданады», деді.


Алдын ала келісімшарт мәселені шеше ме?

Елбасының «Қазақстанның үшін­ші жаңғыруы: жаһандық бәсе­кеге қабілеттілік» атты Қазақстан халқы­на Жолдауында берген тапсырмасы­на сәйкес Үкімет «Ұлттық инвес­ти­ция­лық стратегия» инвестициялар­ды тарту бағдарламасын» дайын­дап, бекіткен болатын. Енді инвес­ти­ция­лық ахуалды жақсарту мақсатында кәсіп­керлік, бюджет және салық сала­ларындағы заңнамаларды жетілдіруге бағытталған жұмыстар жүріп жатыр. Соның бірі – алдын ала келісімшарт жүйесін енгізу. Сенатор Ғұмар Дүй­сем­баев отандық өндірушілердің ин­­вес­т­орларға қажет шетелдік тех­ноло­гиялармен қамтамасыз ете алмай отырғандарын жасырмады. Нә­ти­жесінде тендерлерді шетелдік ком­паниялар ұтып алады, ал жобалар­ды қазақстандық қамту мәселесі сөз бола қалса, «Қазақстанда мұндай өнім шықпайды» деп жауырды жаба тоқуды әдетке айналдырған. «Осы жағдайдан шығу үшін инвесторлармен off-take қағидасы бойынша жұмыс істеудің маңызы зор», дейді сенатор. Жаңа жүйе бойынша инвес­тор алдын ала тендер жариялайды, яғни белгілі бір уақытта қажет технология өндірісі жұмыс істеуін бастауы керек. Инвестор қазақстандық немесе біріккен кәсіпорын құруды міндетіне алады және 10-15 жыл көлемінде сол кәсіпорынның өнімін ғана алуы тиіс. Шетелдік инвесторлардың қаты­суы­мен жаңа өндірістер ашуға мүмкіндік беретін мұндай жобалар жүзеге асса, әрине жақсы. Қазақстанға инвестиция салуға мүдделі елдер қатарының толығып келе жатқаны болашаққа деген сенімді нықтай түседі.


АТЫРАУ