Қазақстан • 17 Мамыр, 2019

Қазақстан тартымды елдер қатарында

1068 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Сонымен қатар GMTI рейтингі Ислам Ынтымақтастығы Ұйымына мүше және мүше емес елдерді де тартымдылығы бойынша салыстырады. Бұл рейтингте 130 ел арасында Қазақстан 24-інші, Әзербайжан – 25-інші, ал Қырғызстан – 29-ыншы орында. Рейтинг бойынша алғашқы үштікте Индонезия, Малайзия және Түркия бар. Одан кейін Сауд Арабиясы мен Біріккен Араб Әмірліктері тұр.

Қазақстан тартымды елдер қатарында

Global Muslim Travel Index – син­гапурлық CrescentRating пен Mastercard компаниясы бірлесе әзір­леген, туризм саласындағы жыл сайынғы индекс. Рейтингті құру кезінде түрлі критерийлер ес­ке­ріледі. Нақтылай айтқанда, рей­тингті түзген кезде қолайлы орта, қауіп­сіздік, діни шектеулер және келу­шілер саны деген тармақтарды қам­титын «қоршаған орта», мейрам­хана­лар, намаз оқитын орындар, әуежай, біре­гей туристік тәжірибе, қонақүй­лер тармақтарын қамтитын «мұ­сыл­ман­дарға арналған қыз­мет­тер», ба­й­ланысу қолай­лылығы, цифр­лы ақ­па­рат­тың болуы, ақ­парат­тық қамту тар­мақ­тарын қамти­тын «коммуникация» және көлік­тік қатынас, визалық тал­ап­тар, көліктік инфрақұрылым тар­мақ­­тарын қамтитын «қолжетім­ді­лік» көрсеткіш­тері негізге алынады.

Бұл рейтинг бойынша, Қазақстан байланысу қолайлы­лы­ғы, цифрлы ақпараттың болуы және бірегей туристік тәжірибе критерийлері бойынша жоғары көрсеткіштерге ие, алайда қауіп­сіздік, намаз оқитын орындар және діни шектеулер тармақтары бойынша кемшіліктер бар. Айта кету керек, көршілес елдерде де дәл осы көр­сеткіштер бо­йынша кемші­лік­тер кездеседі.

«Қазақстан туризмі үшін мақ­сатты нарықтың бір бөлігі ретінде Малайзия, Иран, БАӘ және Таяу Шығыстың басқа елдері анықталған. 2018 жылдың нәтижелері бойын­ша бұл елдерден келушілер ағы­ны­ның өсуі байқалады (БАӘ 50% өсім), (Малайзия 44% өсім). Сон­дық­тан бұл рейтинг – біз үшін ма­ңыз­ды бағдар», дейді «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясы бас­қар­ма төрағасының орынбасары Қ.Сәдуақасов.

IPK International компаниясы­ның бағалауы бойынша, қазіргі уақыт­та мұсылмандар ең жылдам өсіп келе жатқан діни қауым. 2030 жылға қарай бүкіл әлемнің 25%-ын мұсылмандар құрамақ. Мұ­сыл­ман елдерден басқа елдерге сая­хаттау көрсеткіштерінің өсуі жыл сайын 40% құрайды. «Mastercard-CrescentRating» мә­лі­меттері бойынша, 2018 жылы мұ­сылман елдерден саяхаттайтын адамдардың жалпы саны 140 млн болған. Бұл көрсеткіш болжам бо­йынша 2026 жылға қарай 230 млн-ға дейін өсетін көрінеді. 2018 жылы Қазақстанға шет елдерден 8,8 млн адам келген. Оның 72,7%-ы мұсылман дінін ұстанатын елдер­ден, яғни Өзбекстан, Түркия, Әзербайжан, Иран және т.б. мемлекеттерден келген.