Аймақтар • 17 Мамыр, 2019

Атырауда қайырымдылық дүкені ашылды

1354 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Пайда табуды ғана көздемей, қайырымдылыққа үлес қосуға ниеттілердің қатары артып келе жатқаны қуантады. Атыраулық кәсіпкер Ақылбек Мұқанов Рамазан айында сауапты іс бастады.

Атырауда қайырымдылық дүкені ашылды

 «Игі іске бастама» қоғамдық бірлестігін құрып, қайырымдылық дүкенін ашты. Дүкеннің бір ерекшелігі, әлеуметтік жағынан аз қамтылғандарға азық-түлік пен киімдер тегін беріледі. Көмекке мұқтаж жандар тізімі «Атырау Рауан» қоғамдық қорынан алынған. «Алайда, бізге келушілердің көпшілігі азық-түлік пен киімнен гөрі қаржылай көмек сұрайды, - дейді кәсіпкер. –Бірі жалға алған пәтер ақшасын төлей алмай жүргенін айтса, енді біріне емделуге, дәрі-дәрмекке қаражат қажет. Әзірге ондай көмек көрсететін мүмкіндігіміз болмай тұр, сондықтан қоғамдық бірлестік үшін арнайы шот ашып қойдық. Жақсылық жасауға ниетті жандар болса, қуана қабылдаймыз».

Атырау қаласындағы «Үш жүз» сауда орталығынан ашылған қайырымдылық дүкені дүйсенбі мен сейсенбіден басқа күндері ашық болады. Ал көмек алу үшін жеке куәлік, балалардың туу туралы куәліктері мен мүгедектікті растайтын құжаттар, мекенжай анықтамасы қажет.

 Бірлестік мүшелері алға қарай білімдерін жетілдіріп, мемлекеттік грант алу байқауларына қатысуды, сол арқылы өз-өздерін қаржыландыруды көздеп отыр. Сол кезде игі істердің де көкжиегі кеңейер еді деген тілекте.

АТЫРАУ