12 Наурыз, 2013

Иә, батырға ескерткіш керек

351 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Иә, батырға ескерткіш керек

Сейсенбі, 12 наурыз 2013 6:35

Мен Нүриден Жиғаншаұлы 1926 жылғы 3 нау­рызда дүниеге келіппін. Біздің балалығымыз бен жастығымыз қиын кезеңдерде өтті. Кішкене күнімізде елді жай­лаған ашаршылық талай үйдің түтінін өшірсе, одан ке­йінгі есбілгі азаматтарды баудай жосаған 37-нің зұлматынан халық көз ашпай жатып, Ұлы Отан соғысының оты бұрқ етті.

 

Сейсенбі, 12 наурыз 2013 6:35

Мен Нүриден Жиғаншаұлы 1926 жылғы 3 нау­рызда дүниеге келіппін. Біздің балалығымыз бен жастығымыз қиын кезеңдерде өтті. Кішкене күнімізде елді жай­лаған ашаршылық талай үйдің түтінін өшірсе, одан ке­йінгі есбілгі азаматтарды баудай жосаған 37-нің зұлматынан халық көз ашпай жатып, Ұлы Отан соғысының оты бұрқ етті.

Сөйтіп, 1944 жылы 18 жасымда майданға аттандым. Атақты генерал Чуйков басқарған армияда алдымен минометші, одан кейін пулеметші болдым. Дрезден, Бухарест қалалары үшін болған қиян-кескі ұрыстарға қатыстым. Жаудан бұғып қалған жерім жоқ. Бухаресте жасаған ерлігім турасында «Гвардеец» газетінде жазылды. Қан кешкен, миллиондардың демін тауысқан соғысты аяқтап, елге тек 1949 жылы оралдым. Отан соғысы орденімен, 13 медальмен, Бас қолбасшы Сталиннің алғыс хатымен туған жеріме келіп, 61 жыл отасқан жұбайыммен 5 ұл, 3 қыз өсіріп, 24 немере, 14 шөберенің қызығына бөленіп отырғаныма шүкіршілік етудемін. Аспаннан оқ қарша бораған, оқ-дәрінің иісі мүңкіген, қан сасыған майдан даласында жүргенде осы күндерді көремін деп кім ойлаған?! Қан­шама жылдар өтсе де соғыс естен шықпайды…

Жасым 87-ге келсе де газет-жур­нал оқып, теледидар көріп уа­­­қытымды өткіземін. Рақымжан Қошқарбаев жайында кейінгі кезде көп айтылып, көп жазылып та жатыр. Астанамызда жаңа көшеге аты берілді. Қатты қуандым. Ат­са­лысқан азаматтарға, Үкі­мет басшыларына соғыс арда­гер­­­лері атынан шын көңілден ри­за­шылығымды білдіріп, үлкен рах­метімді айтқым келеді.

Өткен жылдың қазан айын­да «Егемен Қазақ­­стан» газе­­­тін­де жарияланған журналист Анар Төлеуханқызының, со­­­ғыс ардагері Кәметай То­қа­­­­бай­­­ұлының, Қазақстан Жур­на­­­­­лис­тер одағының мүшесі Әлібек Сәтбаевтың «Хас батырдың ес­керт­­кіші қайда?» атты мақала­ла­­рын оқып, ойға қалдым. Көз алдым­нан отты күндер күні кешегідей өтіп мазалай берген соң, өз тілегімді де қосып, хат жазайын деп ой түйдім. Сөйтіп, ақсақалдығымды алға салып, апыр-ай, Рақымжан рухынан қашанғы ұялмай жүре береміз деп налыдым. Ойлап отырсам, өмір деген қас-қағымдай ғана сәт екен. Жылжып, жылыстап, бір күнгідей болмай өте шығады. Ұрпақтар ауысқанымен, бабалар жасаған ерлік іс өлмейді. Осынау ұлан-байтақ жерді бізге еншілеген батырлар есімі – Қанжығалы Бөгенбай, Қаракерей Қабанбай, Шапырашты Наурызбай, Шақшақ Жәнібек, Салқам Жәңгір, Абылай, Кенесары хандардың ерлік дас­тан­дары талай буынды тамсандырып келеді емес пе?!

1945 жылдың 2 мамыры бү­г­ін­гідей көз алдымда. Германия жеңілгенін мойындап, көп ұлт­тан құрылған жауынгерлер құ­­шақтасып, мәз-мәйрам болдық. Ертеңінде: «Рейхстагқа алғаш ту тіккен қазақ жігіті екен» деген хабар естідік. Сол сәтте Рақымжан арқылы өзімнің де осы ұлттың өкілі екендігіме мақтанатындай сәт туды. Қаруластарым мені де құттықтап жатты.

Біз арын алау етіп, жанын жалау етіп жауға қарсы аттанған өз мақтаныштарымызға деген құрметімізді еш кемітуге тиіс емеспіз. Олардың рухына тағзым етіп, ерлік істерін кейінгі жастарға үлгі ету парыз. Рақымжандай ұл күнде тумайды. Оның адам сенгісіз қиындықты кешіп өтіп, 360 метр жерді 7 сағатта өмір мен өлім арасында жер бауырлап, жылжып барып Рейхстаг қабырғасына ту тігуі шексіз батырлық, көзсіз ерлік. Ондай істі ұмытуға ар бармауы тиіс деп білемін. Қайта Астана ғана емес, өзге де қалаларда кө­шелерге есімі беріліп, тас тұ­ғырда бейнесі қасқайып тұрса жас буынға үлгі емес пе? Өнегелі іс жасау үшін қан майдан қажет емес. Кешегі жасалған ерлікті бағалауды көрсетумен-ақ өнегелі тірлік жасауға болады.

Өміріне риза, еңбегінің зей­нетін көріп, балаларымен немере-шөберелерінің аялағанына тойып отырған, бір әулет қана емес, ел қадірінен де құралақан емес ақсақалмын. Тәубе. Бірақ, бір арман-тілегім бар деп айтсам артық болмас. Менің тілегім – Рақымжан Қошқарбаевқа елі­міздің бас қаласында ескерт­кіш орнатылғанын көру. Батыр­дың ескерткішіне немере-шөбе­релерімді алып барып, олар гүл шоқтарын қойса деймін. «Өлі риза болмай, тірі байымайды», деген сөз бекер айтылмаса керек.

Нүриден ЖИҒАНШИН,

соғыс ардагері.

АСТАНА.

––––––––

Суретте: Р.Қошқарбаев.